Қатия Тажиева: Пневмония, вирусты гепатиттің А түрі егпенің арқасында күрт азайды

Фото дереккөзі: Medpoezd.kz. Қатия Тажиева: Пневмония, вирусты гепатиттің А түрі егпенің арқасында күрт азайды
341 қаралу саны

Қазіргі таңда қоғам арасында қызу пікірталас тудырып отырған мәселелердің бірі – вакцинация мәселесі. Екпені адамдардың алуын міндеттеу керек пе, әлде қажеті жоқ па? Осы сұраққа бүгін біздің сайтымызда Алматы қалалық № 11 емхананың иммунологы Қатия Тажиева жауап береді. Ширек ғасырдан бері балалар иммунолог-дәрігері болып келе жатқан ол бүгінгі кезде екпе  арқылы қадағаланаып отырған жұқпалы аурулардың 10-нан астам түрі барын айтты.

Қатия Тажиева: Соңғы жылдары дифтерия, сал, сіреспе, көкжөтел ауруларынан өлім-жітім жоқтың қасы. Бұл нәтижеге көп жылдар бойы жасалған белсенді вакцинациялаудың арқасында жетіп отырмыз. Балаларда бұрын жиі кездесетін пневмония, вирусты гепатиттің А түрі ауруы да күрт азайды.

Қазіргі күні екпеден бас тарту қажет деген пікірлер де айтылып қалып жатыр. Оның негізгі себебі, ата-аналардың дұрыс ақпарат алмағандығынан және аталған жұқпалы ауруларды өмірінде мүлде кездестірмегендігінен деп түсінемін.

Біз медицина қызметкерлері тәжірибемізде аурулардың көптеген түрін, соның ішінде сал ауруынан кейінгі парез-параличпен мүгедек болған науқастар, көкжөтел ауруының ауыр формасында құлақ, көз, мұрыннан қан кетулермен қатар ұстамалы жөтелдің 5-6 айға дейін созылуы, қызылша ауруынан энцефалитке, менингитке асқынулар, қызамық (краснуха) жұқпасын жұқтырған жүкті әйелдің көптеген ақаулармен (таңдай мен үстіңгі еріннің бітіспеуі, жүректің туа біткен ақауы) сәбиді дүниеге әкелуі сияқты жағдайлар өте көп кездестірдік. Мұндай мысалды мыңдап келтіруге болады.

Екпенің кері әсерлері де болуы мүмкін, алайда ол науқастың денсаулығын дұрыс бағалай білмегеннен болады. Шынымен де вакцинациядан кейін кездесетін жағымсыз әсерлерді жоққа шығармаймыз. Екпеге келген баланың денсаулығын дәрігер тұтастай дұрыс бағалап, егетін болса, жағымсыз әсерлер болмайды. Бірақ кез келген ауруды екпемен байланыстыру дұрыс емес. ДЦП, аутизм, миға қан құйылу сияқты аурулар құрсақішілік инфекцияның салдарынан, жүктілік кезіндегі сыртқы, ішкі факторлардан дамуы әбден мумкін. Сондықтан мен педиатр, иммунолог, көпбалалы ана ретінде екпе егудің бала денсаулығы үшін өте маңызды екенін айтқым келеді! Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік!

Дереккөз: Алматы қалалық № 11 емхананың сайты

Фото дереккөзі: Medpoezd.kz

Бөлісіңіз