Қауесет: Коронавирусты 2 күнде емдейтін дәрі табылды

Фото дереккөз: azattyq-ruhy.kz
388 қаралу саны

Қазақстанның ақпарат кеңістігінде коронавирустың еміне байланысты түрлі болжамға негізделген мақалалар әлі күнге дейін шығып жатыр. Соның бірі – Aikyn.kz-те және бірнеше БАҚ-та жарық көрген «Коронавирусты екі-ақ күнде емдейтін дәрі табылды» деп аталатын материал. Шынымен де Covid-19-ды екі күнде емдейтін дәрі табылды ма?

Бұл қауесетті Factcheck.kz тексеріп көрді.

Aikyn.kz және бірнеше қазақстандық БАҚ Ресейдің «Риа-Новости» порталына сілтеме жасай отырып Монаш Университеті мен Мельбурндегі Корольдік аурухана мамандарының болжамын жазған. Алайда, болжам «коронавирусты екі-ақ күнде емдейтін дәрі табылды» деп әсірелеп жазуға себеп емес.

«Дәл бұлай жазу – манипуляция. Әлі клинкалық сынақ болмаған» деп қадап жазған Factcheck.kz.

Монаш Университетіне қарасты биомедициналық зерттеулер институтының ғалымдары зерттеу нәтижесінде ивермектин препаратының бір реттік дозасы Covid-19 вирусының өсуін тоқтатуы мүмкін екендігін байқаған. Дәл осы зерттеуді басқаратын дәрігер Кайли Вагстаффтың айтуынша, ивермектин препараты Covid-19 вирусының өсуін 48 сағат ішінде тоқтатқан. Тіпті 24 сағаттың өзінде вирустың айтарлықтай төмендегенін айтты. Бірақ (!) Бұл тек сынамадағы нәтиже ғана.

Сараптама мен тәжірибе әлі жалғасып жатыр, сондықтан дәрі/емі табылыпты деуге әлі ерте. Емдеу ұзақтығы мен нәтижесі туралы клинкалық сынақсыз айту мүмкін емес. Институттың мәлімдеуінше, препараттың зертханалық жағдайларда тиімділігіне қарамастан, ивермектинді зерттеу толықтай аяқталмайынша Covid-19-бен ауыратын адамдарды емдеу үшін пайдалануға болмайды. Монаш университетінің басшылығымен бірлескен бұл зерттеу Antiviral Research басылымында жарияланды. Тағы да қайталай кетейік: Бұл әзірге тек болжам ғана.

Ивермектин пайдасы туралы клиникалық сынақтан кейін ғана айтуға болады. Аустралия денсаулық сақтау министрлігі де, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да коронавирусқа қарсы дәрі туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Әзірге тек емдеу протоколы ғана бар.

Анықтама үшін: Ивермектин — антипаразиттік препарат. Біраз уақыттан бері белгілі, шошқа, ірі қара, қойлар мен жылқы ағзасындағы паразиттерден емдеуге қолданады. Адам ағзасындағы паразит кезінде, негізінен стронгилоидоз және қышымаға қарсы қолданады. Препаратты иммунитеті әлсіз, АИВ/ЖИТС кезінде қолдануға тыйым салынған. 2015 жылы биохимик Сатоси Омура мен паразитолог Джозеф Кэмпбелл ивермиктинді ашқаны үшін (1975 жылы ашылып, 1981 жылдың басынан бері пайдаланылуда) Нобель сыйлығын алған.

Фото дереккөз: azattyq-ruhy.kz

Бөлісіңіз