Қазақ тіліндегі алғашқы фактчекинг және медиасауат подкасты: «Жалған ақпарат және ол менің өміріме қалай әсер етеді?»

Фото дереккөзі: Socialmediaweek.org Қазақ тіліндегі алғашқы фактчекинг және медиасауат подкасты: «Жалған ақпарат және ол менің өміріме қалай әсер етеді?»
330 қаралу саны

Factchcek.kz сайты Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен қазақ тілінде «Шындық» подкастының бірінші эпизодын ұсынды. Подкаст медиасауат пен фактчекингке және оқырмандардың сындарлы ойлауын дамытуға бағытталған. Аталмыш сайттан алдын ала жазылған подкастардың аудиосын тыңдап немесе қаз қалпындағы мәтінін оқи аласыздар.

Бұл подкаста жалған ақпарат және оның бізге қалай әсер ететіні, оның пайдасы не зияны туралы және сіздердің көкейлеріңіздегі сұрақтарға жауап беріледі.

Бүгінгі эпизодта тілші Әсем Бақтиярқызы Қазақстандағы фактчек.кз ресурсының қазақтілді редакторы Думан Смақовпен әңгімелескен. Онда жалған ақпаратпен қалай күресу жайы сөз болған.

«Жалған ақпарат біздің қандай да бір өмірімізге, ертеңгі жағдайымызға немесе дәл қазіргі психологиялық, болмаса біздің эмоциялық жағдайымызға әсер ететін ақпараттың түрі. Яғни, бұл ақпарат көбінесе шындыққа сәйкес келмейді. Адамдардың өміріне жалған ақпарат әртүрлі әсер етеді. Тіпті жалған ақпарат, сіз бен біз білетіндей, күллі мемлекеттік органның немесе тұтас бір институционалды мекеменің, яғни мемлекеттің  құлдырауына, күйреуіне де әкеп соғуы ықтимал. Сондықтан жалған ақпарат біздің күнделікті өмірімізде кездеседі және әрқайсымызға, тағы да қайталап айтамын, әрқайсымызға ол өте маңызды және әрқайсымыздың жалған ақпарат таратпауға, жан-жағымызды жалғандықпен уламауға атсалысуымыз керек, – дейді Думан Смақов.- Өйткені, бұл бізге, біріншіден, эмоциялық тұрғыдан әсер етеді. Екіншіден, экономикалық тұрғыдан әсер етеді. Үшіншіден, біздің тіпті болашағымызға да  балта шауып кетуі бек мүмкін». 

Өкінішке қарай, COVID-19 вирусының ауқымды таралуына байланысты Қазақстандағы жалған ақпарат күн сайын артып келеді. Мәселен, COVID-19 біздің елге келмей тұрған кезде factcheck.kz сайты коронавирусқа қатысты Қазақстанда тараған жалған ақпараттар туралы күніне бір немесе екі ақпараттан жариялап отырса, қазір күніне 5 материалдан 10 материалға дейін жарияланып кететін кездері болып жатыр.

Демек, бұл жалған ақпараттың және ақпараттық ағынның 5-6 есеге дейін ұлғайғандығын көруге болады. Оның басым көпшілігі COVID-19-ға қатысты болғандықтан, оқырмандар, тыңдармандар, көрермендер арасында, жалпы, Қазақстан азаматтары арасында түрлі жағдайда хаос тудыруы мүмкін. Оларды қандай да бір өнімді жаппай сатып алуға итермелеуі немесе қандай да бір жағдайға байланысты қорқыныш, үрей тудыруы мүмкін.

Жалпы, Қазақстандағы дәл қазіргі жалған ақпаратпен қатысты жағдай короновируспен тығыз байланысты. Осы тұрғыда сұхбаттасушы редактор фейктерді қалай анықтаудың жолдарымен бөліскен.  

«Біріншіден, бұл ақпаратты интернеттен қараймыз. Екіншіден, бұған дейін осындай сарындағы ақпараттың болған-болмағандығын ойланып көреміз. Мәселен, бананға түрлі вирустар тағады. Үшіншіден,  бұндай ақпараттарды ресми органдардан немесе фактчекинг ресурстарынан қарап көреміз. Тіпті, болмай жатқан күннің өзінде таныс журналистен немесе таныс адамдардан сұрап көргеніңіз дұрыс. Өйткені, оның бұл ақпаратқа қатысты дәл қазіргі сәтте имммунитеті болуы ықтимал. Сол себептен осындай қадамдар жасауға кеңес беремін. Жалпы, ақпаратты тексергенде түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану керек. Қазақстандық және халықаралық ашық деректер қоры бар.  Бұдан бөлек қарапайым ғана әдіс уотсапқа келген фото, видеоны youtube data viewer немесе google image search-тың көмегімен тексеруге болады. Яғни, гуглға салып, осындай  фото бар ма, жоқ па, кездесті ме, кездеспеді ме деген секілді сұрақтарды іздеп қараймыз» деп қорытындылайды сөзін Думан  Смақов.

Дереккөз: Factchcek.kz сайты

Фото дереккөзі: Socialmediaweek.org

Бөлісіңіз