Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: Сақ жүрсең, сау жүресің!

276 қаралу саны

«BIZ BIRGEMIZ» онлайн форумында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда коронавирус індетіне қарсы күрес қалай жүргізіліп жатқанына терең тоқталды.

Ең алдымен осы кеселден қайтыс болған адамдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын

«Бүгінде әлемдегі барлық елдер, соның ішінде Қазақстанда коронавирус індетіне қарсы күрес жүргізілуде. Бұл, әрине, өте ауқымды әрі күрделі жұмыс. Осыған орай мемлекет тарапынан теңдессіз шаралар қабылданды. Коронавируспен күресу үшін бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратылды. Шағын және орта бизнес өкілдеріне бірқатар жеңілдік жасалды. Елбасының бастамасымен құрылған «Біргеміз» қорынан да көлемді қаржы бөлініп, мұқтаж жандарға нақты көмек беріліп жатыр» деді Мемлекет басшысы. ҚР Президенті бұл жұмысты Nur Otan партиясы белсенді түрде жүзеге асырып жатқанын баса айтты. «Осының бәрі бірлігіміздің бекемдігін көрсетеді. Дегенмен, бұл аса жұқпалы дерт азаматтарымыздың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп, халықтың әл-ақуатына нұқсан келтіруде. Ең алдымен осы кеселден қайтыс болған адамдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Сондай-ақ вирус жұқтырғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әр адам өзінің туыстары мен жақын адамдарының денсаулығына мұқият болуы керек

«Осындай күрделі кезеңде барша жұрт жауапкершілік танытудың қаншалықты маңызды екенін түсінді деп ойламын. Әр адам өзінің туыстары мен жақын адамдарының денсаулығына мұқият болуы керек. Бұл қазіргі заманның талабы» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы індетті жеңу әрбір азаматтың өз қолында екенін баса айтты. «Бұл ең алдымен қарапайым қағиданы ұстанудан басталады. Бетперде тағып жүру, тазалық сақтау және әлеуметтік қашықтық ұстану өте маңызды. Өйткені, бұл сіздің және өзге адамдардың денсаулы үшін аса қажет. Тағы да қайталап айтамын, «сақ жүрсең, сау жүресің», «сақтықта қорлық жоқ». Сондықтан азаматтарды қорғау үшін біз барлық қажетті шараларды жедел түрде қолға алдық және осы жұмысты ары қарай жалғастыра береміз» деді ҚР Президенті.

Елордада коронавируспен күрескен азаматтарымыздың ерлігіне арналған ескерткіш қоюымыз керек

Бүгінгі форумда коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Осыған орай мен «Халық алғысы» атты арнайы медальді тапсыруды ұйғардым. Бұл осындай қиын қыстау уақытта аян еңбек еткен азаматтарға арналған. Жаңа мемлекеттік марапат осындай нағыз отаншылыл азаматтарға тапсырылады деп сенемін. Бүгін «BIZ BIRGEMIZ» жалпыұлттық онлайн форумы аясында осы медальмен бір топ азаматты марапттаймыз»  деді мемлекет басшысы.

ҚР Президенті жалпы пандемияға қарсы науқанға белсенді ат салысқан ел тұрғынары мемлекеттік наградалармен марапатталатындығын атап өтті. «Осы індеттен құтылған соң елордамызда азаматтарымыздың ерлігіне арналған ескерткіш қоюымыз керек. Барша Қазақстан азаматына амандық, игілік тілеймін. Біз міндетті түрде жеңеміз. Себебі, біз біргеміз!» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Онлайн-форумды мына жерден тікелей эфирден көре аласыздар:

Бөлісіңіз