Қазақстанда 806 мектеп ДДСҰ-ның «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» тұжырымдамасын іске асыруда

357 қаралу саны

2020 жылы 1-2 маусымда ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау орталығы ДДСҰ Елдік кеңсесінің және БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) қолдауымен, Балаларды қорғау күніне орай «Қазақстандағы денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер. Мектеп қоғамдастығының әл-ауқатын көтеру және денсаулықты нығайту үшін серіктестіктің артықшылықтары» атты Бірінші Қазақстандық онлайн-конференция өткізді.

Конференцияның мақсаты SCHOOLS FOR HEALTH IN EUROPE әдіснамасы мен құралдарын пайдалануда тәжірибе алмасу үшін денсаулықты нығайтуға ықпал ететін еліміздің қатысатын мектептерін біріктіру, сондай-ақ COVID-19 пандемиясы жағдайында мектептерді тиімді және қауіпсіз қайта ашу үшін мектептерге қажетті білім беру.

Еуропалық мектептер желісінің Ұлттық үйлестірушісі Ақбота Әбілдина атап өткендей: «Біз белсенді мектептердің күшті мотивациясын қамтамасыз етуге, олардың жетістіктерін бағалай отырып, озық тәжірибелерді көрсетуге, сонымен қатар мектептерде денсаулықты жақсарту үдерісіне тарту үшін басқа мектептерді ынталандыруға тырысамыз».

Бүгінгі таңда Қазақстанда 806 мектеп ДДСҰ-ның «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» тұжырымдамасын іске асыруда. Осы жоба аясында репродуктивтік және менталдық денсаулықты нығайту және Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер арасында инфекциялық емес аурулардың алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізіледі.

Конференция мектептерде денсаулықты жақсарту процесіне қоғамдастықтарды тартудың ең жақсы тәсілдерін, денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектеп жұмысының нәтижелілігін, оқушылардың ғана емес, сонымен қатар бүкіл мектеп қоғамының денсаулығын нығайтуға бағытталған сектораралық тиімді өзара іс-қимылды көрсетті.

Конференцияға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Республикалық психикалық денсаулық орталығының, ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросының, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ), БҰҰ Халықты қоныстандыру саласындағы қорының (ЮНФПА) өкілдері, жобаның аймақтық үйлестірушілері және еліміздің барлық білім беру мектептерінің өкілдері қатысты.

Конференцияны онлайн режимде 1800-ден астам пайдаланушы қарады.

Дереккөз: ҚР ДСМ ҰҚДСО сайты

Бөлісіңіз