Қазақстанда дәрі-дәрмекті сатып алу рәсімдері жеңілдетілді

211 қаралу саны

Қазақстанда дәрілік заттарға қажеттілікті қамтамасыз ету үшін маңызды жедел шаралар қабылданды, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.

«Препараттарды жоспарлау және сатып алу үшін барлық негізгі рәсімдер жеңілдетілді: дәрі-дәрмекті сертификаттау мерзімі қысқартылды және процедуралар 1 айдан 3 күнге дейін жеңілдетілді, бір жолғы әкелуге рұқсат бір тәулік ішінде берілетін болды. Ал COVID-19 емдеуге арналған жаңа препараттарды тіркеу процедурасы 6 айдан 2 айға дейін тездетілді» деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі Telegram желісінде.

Сонымен бірге, Ресей мен Үндістанға жасалған 6 әуе рейсі арқылы дәріханалардың бөлшек сауда желісі 4 млн қаптама дәрімен қамтылды. Олардың қатарында-вирусқа қарсы және ыстықты төмендететін препараттар, антикоагулянттар мен антибиотиктер және басқа да қажетті заттар бар.

«Дәрі-дәрмектер өңірлердегі дәріханаларға біркелкі бөлінеді және дәрі-дәрмек қажеттілігін өтеу үшін мұндай шаралар үнемі ұйымдастырылатын болады» дейді министрлік.

Бүгінгі күні медициналық масканың шекті бөлшек сауда бағасы 28%-ға, яғни 118-ден 85 теңгеге дейін төмендеген. Қазір резервте 41 млн маска, 27 млн қолғап, 379 мың қорғаныш костюмі бар.

Тестілеу қуаты: қазір – тәулігіне 32 мың, 1 тамызға қарай – тәулігіне 35,6 мыңға дейін, 1 қыркүйекке қарай – тәулігіне 64 мыңға дейін ұлғайту жоспарланған.

Тамыз айының соңына дейін тестің ПТР резервін қалыптастыру – 1,2 млн, 59 мемлекеттік және жеке зертхана іске қосылды.

Дәрілік заттарды сапалы жоспарлау және сатып алу шаралары:

Біріншіден, сертификаттау рәсімдерін жеңілдету:

  • ( 1 айдан 3 күнге дейін)
  • бір жолғы әкелу бір тәулік ішінде беріледі
  • COVID-19 емдеу үшін жаңа препараттарды тіркеу процедурасы (6 айдан 2 айға дейін) жеделдейді.

Екіншіден, бөлшек сату бойынша дәріханаларды арнайы борттар есебінен толықтыру үшін Ресей мен Үндістанға 4 млн орамға 6 арнайы авиарейс ұйымдастырылған.

Үшіншіден, өңірлерде арнайы тұрақтандыру қорын құру:

  • Алматы – 5 млрд тг
  • Нұр-Сұлтан – 1,2 млрд тг
  • Шымкент – 180 млн тг
  • Ақтөбе облысы – 500 млн тг
  • ШҚО – 250 млн тг және басқалар.

Төртіншіден, COVID-19 емдеу бойынша БМСК деңгейінде қосымша дәрі-дәрмекпен, оған қоса 1 млн-ға жуық адамды қамтитын 8,6 млрд теңгеге дәрі-дәрмектің 5 түрімен қамтамасыз ету көзделген.

Бесіншіден, стационарларда емдеуге арналған дәрі-дәрмектің айлық қоры қалыптасты.

Сонымен қатар, тағы 3 айға резерв құру мақсатында отандық өндірушілерден де, импорттаушылардан да медициналық препараттарды сатып алу рәсімі қатар жүргізіледі.

Дереккөз: ҚР ДСМ Телеграм желісі.

Бөлісіңіз