Қазақстанда пневмония мен коронавирус жұқтырғандардың статистикасы қосылады

205 қаралу саны

Қазақстанда пневмониямен ауырғандар КВИ жұқтырғандардың статистикасына енгізілетін болды.

«Коронавирус пен пневмония бойынша мәліметтердің ашықтығын барынша қамтамасыз ету үшін Денсаулық сақтау министрлігі статистикалық мәліметтерді тіркеу және ақпараттандырудың жаңа амал-әдістерін айқындады. ДДСҰ-ның Еуропалық бюросы жүргізген техникалық кеңесті есепке ала отырып, біз КВИ жағдайларын кодтау мен тіркеуде халықаралық аурулар квалификациясының жаңа кодына өту туралы шешім қабылдадық» деді Алексей Цой ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, осылайша COVID-19 ауруының зертханалық тұрғыда дәлелденген жағдайлары – ПТР тест теріс нәтижелі пневмония жағдайымен теңестіріледі.

«Жинақталған клиникалық тәжірибелерді зерттей отырып, біз осы аурулардың (КВИ мен пневмония) ұқсастығы барын атап өтеміз. Сол себепті оларды емдеудің бірыңғай тактикасын қолдану керек деп есептейміз. 11 шілдеде Денсаулық сақтау министрлігіне Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19 жағдайларын жаңа форматта классификациялау және тіркеу бойынша ресми хабарламасы келгенін атап өткім келеді» деді Алексей Цой.

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда COVID-19 жағдайлары зертханалық тұрғыда дәлелденген мәліметтермен ғана жүргізілетінін жеткізді. «Әйтсе де, маусым айының үшінші онкүндігінен бастап қоздырғышы айқындалмаған, яғни зертханалық тұрғыда расталмаған пневмония вирусының өсімі байқалды. COVID-19 індетін жұқтыру мен өлім-жітім статистикасы мәліметтердің екі көзінен құралады: COVID-19 жағдайының зертханалық тұрғыда расталған мәліметтері мен айқындалмаған вирусты пневмония бойынша мәліметтер. Халықаралық аурулар квалификациясының жаңа кодын қолдана отырып, COVID-19 кодтауына толық өту 1 тамызда басталады» деді ол.

«Жаңа статистиканы жүргізу үшін COVID-19 ауруын кодтау тұрғысында медициналық қызметкерлердің құзыретін арттырып, ақпараттық жүйелерді реттеп, басқа да техникалық мәселелерді реттеу керек болады. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі есеп жүргізудегі өзгеріс Қазақстанның коронавирус инфекциясын жұқтыру мен өлім-жітім бойынша халықаралық рейтингтегі позициясына жаман әсер ететінін түсініп отыр. Алайда, бұл әдіс ауру жағдайына дұрыс болжам жасауға, қолдағы ресурсты, оның ішінде медициналық кадрларды, төсек-орынды, құрылғыларды, дәрі-дәрмекті ойлы жоспарлауға, статистиканы ашық жүргізуге мүмкіндік береді» деді Алексей Цой.

«Осы жылдың 1 қаңтарынан 15 шілдесіне дейін Қазақстанда 234 187 адам пневмониямен ауырған. Бұл – өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 3,3 есе көп (70 926 адам)» деді Алексей Цой.

Министр бұл мәлімет пневмонияның барлық түрін сипаттайтынын жеткізді. «Олар – стафилококк, стрептококк, пневмококк, клебсиела және басқа да көптеген қоздырғыштар тудыратын бактериалды пневмония (45 824 жағдай тіркелген, яғни 19,6%). Бұл – аденовирус, риновирус пневмониясы, сондай-ақ параинфлюза вирусы, метапневмовирустар және басқа да жақсы зерттелген вирустардан туған пневмония. Ал бұл – қоздырғышы анықталмаған вирусты пневмония. Яғни, пневмонияның қоздырғышы анықталмаған, ковидке ұқсас пневмония жұқтырғаны жоққа шығарылмаған» деді ол. Алексей Цой 1 қаңтардан 15 шілдеге дейін пневмониядан 3 327 адам көз жұмғанын (2019 жылы – 1 896 жағдай) хабарлады.




Дереккөз: ОКҚ тікелей эфирі

Бөлісіңіз