Қазақстанда симптомсыз коронавируспен ауырғандарды есепке алатын топ құрылды

221 қаралу саны

Қазақстанда симптомсыз коронавируспен ауырғандарды есепке алатын топ құрылды. Бұл туралы «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Махаббат Бекбосынова айтты.

«Әлемдік статистикаға сәйкес инфекция жұқтырғандардың шамамен 80 пайызы симптомсыз пациенттер, яғни, ешқандай симптомды сезінбейтін адамдар құрап отыр. Бүгінде бүкіл еліміз бойынша 465 ұтқыр топ құрылған. Амбулаторлық буынның ұтқыр тобы міндетіне симптомсыз, аурудың жеңіл түрі бар пациенттерді толықтай есепке алу кіреді» деді ол.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта медицинада симптомсыз коронавирус инфекциясы «өкпе қабынуымен жеңіл түрі» және «өкпенің қабынуынсыз жеңіл түрі» деп екіге бөлінеді. Өкпе қабынуының жеңіл түрі кезінде өкпенің зақымданған аумағы 30 пайызға дейін жетеді және оны компьютерлік томография көмегімен анықтауға болады. Өкпе қабынуы жүрек-қан тамыры жүйесі, қант диабеті, семіздік сынды созылмалы аурулары бар пациенттерде кездеседі.

Ары қарай оқу:



«Олар эндокринологтармен кеңесуі қажет. Біз олармен жұмыс тобын құру үшін келіссөз жүргізіп жатырмыз. Оның құрамына аурудың ауыр түріне шалдыққан пациенттерге кеңес беру үшін эндокринолог, кардиолог, пульмонолог және амбулаторлық буынның өзге де бағыттарының мамандары кіреді» деді Махаббат Бекбосынова.

«Қазіргі уақытта симптомсыз және ауру жеңіл өтіп жатқан пациенттердің күнделікті статистикасын жүргізіп отырмыз. 15 мыңға жуық адам симптомсыз, 2 мыңға жуық пациент аурудың жеңіл түрі өтіп жатқаны ретінде бағаланған. Амбулаторлық буынның жіті бақылауы барысында пациенттердің шамамен 3 пайызы стационарға ауыстырылады. Мұндай мәліметтер күн сайын түседі» деді ол.

Оның атап өтуінше, аурудың алғашқы белгілері байқалған кезде тіркелген медициналық мекемеге жүгіну қажет. Қазіргі уақытта медициналық мекемемен байланысуға мүмкіндік беретін байланыс нөмірлері барлық жерде бар. «Әрине, амбулаторлық қызметте белгілі бір проблемалардың бар екендігі жасырын емес. Біз амбулаторлық буында тек шұғыл қарауларды ғана қалдырып, барлық жоспарлы кеңес берулерді тоқтатуды өтіндік. Өйткені, бүгінде амбулаторлық қызметтің жүктемесі жоғары болып тұр. Кардиолог ретінде күретамыр қысымы немесе жүрек тұсында ауырсыну болған кезде кеңес қажет екендігін түсінемін. Бірақ, ол үшін арнайы ұтқыр топ құрылған. Бұған қоса, COVID-19-бен айналысатын ұтқыр топ та бұл ақпаратты бастапқы медициналық-санитарлық көмекке бере алады» деді Махаббат Бекбосынова.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта жедел медициналық көмек қызметінің де жүктемесі тым үлкен болып тұр. Бұл қызметке болмашы симптомы бар пациенттер де өте көп қоңырау шалады. Соның салдарынан шұғыл көмек қажет ететін науқастарға дер уақытында жәрдем берілмей жатады. Бұған қоса аптасына 24 сағат жұмыс істейтін амбулаторлық қызмет, яғни, бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде кезекші бригадалар құру қажет. «Осыған байланысты жедел медициналық қызмет өте ауыр санаттағы аурулар үшін шұғыл жағдайда жұмыс істеуі тиіс. Меніңше, осы шараларды қабылдау еліміздегі ахуалды тұрақтандыруға мүмкіндік береді» деді ол.

«Пациентте созылмалы аурулар, күретамыр жоғары қан қысымы, қант диабеті болса, онда олар ерекше бақылауда болуы тиіс. Ең алдымен өзін-өзі бақылауы керек. Екіншіден, амбулаторлық мекеме тарапынан қадағалау болуы тиіс. Індет Қазақстанға қарағанда ерте келген Еуропадағы, Қытайдағы өткенге шолу сараптамаларына қарағанда, ауыр COVID-19 өкпе қабынуы бар адамдардың шамамен 40 пайызы қант диабетіне шалдыққан» деді Махаббат Бекбосынова.

Оның айтуынша, ПТР-диагностика үшін тест тапсыруға нақты ауру белгісі болуы тиіс. Өйткені, әлемдік статистикаға қарағанда, коронавирус инфекциясы бар адамдардың 30 пайызында ПТР-тесті вирус жоқ деп көрсетеді. «Ендеше, барлығы жаппай ПТР-тесті тапсыру қажет пе екендігін ойлану қажет. Меніңше, ең алдымен клиникаға сүйенген жөн. ПТР-тесті вирусты анықтамағанымен пациентте коронавирусқа тән белгілер болған жағдайда үйде қалып, денсаулығын қадағалауы, дене қызуын өлшеп отыруы керек. Сонымен қатар тіркелген амбулаторлық мекемеге хабарласып, бақылауға алынған жөн» деді ол.

«Қандай да бір скрининг кезінде немесе жақын байланыста болған адамда осы вирус анықталды делік. Ал сол уақытта денсаулығында ешқандай проблема болмаған адамды емдеу қажет пе? Егер мен өзімді жақсы сезінсем әрі ешқандай проблема болмаса ше? Меніңше, дәріні нақты белгілері бойынша ғана қабылдау керек. Аурудың жеңіл түрі кезінде ыстық түсіретін дәрі ішкен жөн. Дене қызуы көтерілгенде тек қана парацетомол ішуге кеңес беріледі. Егер адамда өкпе қабынуы болса, онда бұл симптомсыз түрі емес. Бұл клиникалық түрі және дәріні дәрігер белгілейді» деді ол.

Оның атап өтуінше, өкпе қабынуы асқынып кеткен симптомсыз пациенттердің шамамен 3 пайызы стационарға жатқызылады. Жалпы, өкпе қабынуы 7 күннің ішінде белгілі болады. Ал одан кейін дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда бола бастайды. «Әр адамда әртүрлі болуы мүмкін. 7 күннен кейін де өкпе қабынуы белгілері пайда болып жатады. Өкпе қабынуы белгілері байқалған кезде міндетте түрде микротромбылардың қалыптасуын бақылайтын бактерияға қарсы терапияға қосылу қажет. Меніңше, бұл өте дұрыс әдіс. Өйткені, өкпе қабынуының алғашқы сатысындағы пациент бақылауға алынып, емделе бастайды» деді Махаббат Бекбосынова.

Ары қарай оқу:



Кнопка домой

Бөлісіңіз