Қазақстанда вакцинаны тексерудің алты кезеңі

Фото дереккөзi: Chicago Tribune
332 қаралу саны

Бүгін, 13 мамырда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің онлайн баспасөз мәслихатында Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығы бас директоры Арнұр Нұртаев Қазақстанға қандай вакциналар әкелінетінін және қалай пайдаланылатынын айтып берді. Ол сонымен қатар біздің елімізде вакцинаны тексерудің алты кезеңін егжей-тегжейлі түсіндірді.

1

Арнұр Нұртаев: Қазір қоғамда вакцинаға қатысты әртүрлі пікір бар. Қарсы тараптардың бірі «мен екпеге қарсы емеспін, бірақ олар сапалы болуы керек» дегенді алға тартады. Бүгін тағы да. Ең бірінші кезекте вакциналарға қойылатын талаптар: олар қауіпсіз әрі қорғаныс иммунитетін көтере алатындай, эпидемиологиялық тұрғыда тиімді болуы керек.

Қазіргі таңда мемлекеттік тізілімде 64 вакцина тіркелген. Алдын алу екпелерінің ұлттық күнтізбесінде балаларға арналған 11 вакцина бар. Нақтырақ айтқанда балаларға туберкулез, В гепатитті вирус, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит, гемофильді және пневмококк инфекциясына қарсы екпе жасалады.

Вакцинаның қауіпсіздігі мен сапасын біздің Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығы бағалайды. Вакцинаны мемлекеттік тіркеу кезінде, яғни нарыққа енгізерде бір, тіркеуден өткеннен кейін тағы бір тексереміз.

Бұл ретте тұтас сарапшылар тобы жұмыс жүргізеді. Сарапшылар тобы алғашқы кезеңді өндіріс шарттарын бағалаудан бастайды. Бұл кезеңде орталық сарапшылары өндіріс алаңына барып, нақтыланған алгоритм негізінде бағалау жүргізеді. Біз вакцина әзірлейтін кәсіпорынның ішкі өндірістік қауіпсіздігін қайта тексереміз. Ғимараттың талапқа сәйкестігі тексеріледі.

Егер біздің стандарттарға сай келмей қалса өндірушімен сол жерде-ақ келісім бұзылады. Мұндай келісімді қытайлық, үндістандық, тіпті еуропалық әріптестерімізбен де бұзғанбыз.

2

Вакцинаны тексерудің екінші кезеңі – құжаттар сараптамасы. Яғни құжаттардың бәрінің де Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігі тексеріледі. Біз әу бастан-ақ еуропалық тексеру стандарттарын таңдап алғанбыз. Ол өте қатаң. Ол ережелерді өндірушілердің көбі жақтырмайды. Себебі, бұл стандарттардың уақыты тым ұзақ. Алайда, бұл жерде мәселе азаматтардың денсаулығына қатысты болғандықтан біз әлемнің үздік стандарттарын таңдаған жөн деп шештік.

3

Үшінші кезең: фармацевтикалық және фармакологиялық деп екіге бөлінетін мамандандырылған сараптама. Аталмыш кезеңде вакцинаның шынында да денсаулыққа қауіпсіз және тиімді екенін анықтаймыз. Мамандандырылған сараптамадан кейін вакциналар аналитикалық сараптамадан өтеді.

4

Төртінші кезеңде вакциналарға қауіпсіз екені туралы қорытынды беріледі.

5

Бесінші кезеңде тіркеу куәлігі тапсырылады.

6

Алтыншы кезеңде вакцина тіркеуден өткеннен кейінгі қадағалауда болады.

Дереккөз: ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің онлайн баспасөз маслихаты

Фото дереккөзi: Chicago Tribune


Індеттің жалғыз жауы – екпе

Қазақстандық дәрігерлер, әсіресе, педиатрлар азаматтардан өз балаларына екпе жасау кестесіне жауапкершілікпен қарауға және вакцинацияны назардан тыс қалдырмауға шақырады.

Фото: La Capital

Бөлісіңіз