Қазақстанда жасалған коронавирусқа қарсы тағы бір вакцина ДДСҰ-да тіркелді

158 қаралу саны

Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты әзірлеген Covid-19 қарсы екінші вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтына сәтті тіркелді. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья ол қандай вакцина және одан қандай нәтиже күтуге болатыны туралы айтты, деп хабарлайды Қазақпарат агенттігі.

«Бұл әлдеқайда күрделі, генетикалық түрлендірілген, мүлдем зиянсыз және қауіпсіз, вирустың беткі ақуыздары негізінде жасалған суббірлікті вакцина. Яғни, вирустың беткі ақуыздарынан белгілі бір көлемде алынады және олардың негізінде суббірлікті вакцина дайындалады. Бұл вакцинаның заманауи нұсқасы. Мұның бәрі тез дайындалмайды, құжаттар ұзақ уақыт қарастырылады. Құжаттар бес-жеті күн бұрын ДДҰ-ға жіберілді, оларды кезекке қойып, зертханаларында тексерді. 31 шілдеде Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының қазақстандық екінші вакцинасы кандидаттық вакцина ретінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтында сәтті тіркелді» дейді Күнсұлу Закарья.

Алғашқы инактивтендірілген вакцина ДДСҰ сайтына 15 мамырда тіркелді. Яғни, вирус толығымен өзгермейді, бірақ жай химиялық заттармен басып, белсенділігін жояды. Суббірліктік вакцина –  өте күрделі механизм, өйткені вирустың беткі ақуыздарын алу керек. Егер вирустың өзін алып қарайтын болсаңыз, онда тікенектер болады, сондықтан оны «коронавирус» деп атайды.

«Вакцина шығару – Қазақстанның үлкен жетістігі. ТМД елдері ішінде Ресей мен Қазақстан ғана ДДСҰ сайтына осындай вакцинаны тіркей алды. Біздің вакцинаның аталған сайтқа тіркелгені –  жануарларға тәжірибе жасап көруге рұқсат берілгендігін білдіреді. Нәтиже жақсы болған жағдайда адамдарға клиникалық тәжірибе жасаймыз. Одан кейін вакцинаны тіркеу үшін ҚР Денсаулық министрлігіне жіберіп, ары қарай оны вакцина ретінде қолдануға болады» дейді ол.

Ол бірінші вакцина да клиникалыққа дейінгі тәжірибеден өткенін айтты. «Ендігі саты –  дәрі-дәрмектерге сараптама жасайтын ұлттық орталық. Олар біздің нәтижені тексереді. Қазіргі уақытта сол бойынша жұмыс жүргізілуде. Егер бәрі дұрыс болса құжаттар Денсаулық сақтау министрлігіне жіберіліп, адамдарға тәжірибе жасауға рұқсат аламыз. Егер нәтиже жақсы болса қыркүйек айында клиникалық тәжірибе жасаймыз» дейді институттың бас директоры.

Ол мұндай нәтижеге қуану керектігін айтты. «Өзін құрметтемеген елді ешкім құрметтемейді. Біздің елдегілер өзіміздің ғалымдарға сенуі керек. Бізге халық тарапынан қолдау қажет. Шетелде вакцина жасаумен 2500-ге жуық ғалым айналысады, ал бізде бар-жоғы 56 ғалым ғана айналысады. Олар осындай қысқа мерзім ішінде коронавирусқа қарсы екінші вакцина шығарды. Бұл оңай жұмыс емес. Бұл – Қазақстан үшін үлкен жетістік» дейді ол.

Бөлісіңіз