Қазақстандықтар ауруханаларға Қоғамдық бақылау тобына қосылуда

197 қаралу саны

Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Лима Диас қазақстандықтарды Қоғамдық бақылау тобына қосылып, медициналық ұйымдарға мониторинг жүргізуге шақырды.

«Бұл – әрбіріміздің азаматтық жауапкершілігіміз! Біз пандемияны осы жолмен жеңе аламыз. Қазіргі таңда осынау үрейлі ауру өршіп тұрған уақытта халықтың күші қалай оянып келе жатқанын, қоғамдық бақылаудың маңызы зор екенін көріп отырмыз. Белсенді қазақстандықтар күн сайын волонтерлер қатарына жазылып, елге пандемияны еңсеруге көмектесуде. Әркім шама-шарқынша атсалысуда» деп жазды Лима Диас Facebook-парақшасында.

Оның жазуынша, белсенділер медициналық ұйымдардың ішінде Қоғамдық бақылау жүргізіп жатыр. Осы бастама Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың да назарын аудартқан.

«Мемлекеттің осындай бастаманы қолдап жатқаны қуантады. Мен де дайынмын. Таяудан бері Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның кеңесшісімін. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан ауруханаларға Қоғамдық бақылау жүргізу жұмысын үйлестіру маған жүктелді» деді ол.

Бұл ретте, Қоғамдық бақылау медициналық персоналдың жұмысына кедергі келтірмеуді басты назарға алып отыр. «Сол себепті дәрігерлерге ең бірінші кезекте көмектесу үшін қоғамдық бақылау керек. Қазіргі уақытта маңыздысы: мониторинг пен бақылаудың тиімді механизмдерін даярлап, қысқа уақытта белсенділерді үйлестіру керек, БАҚ пен мемлекеттік орган болып, бір-бірімізбен ықпалдаса жұмыс жүргізгеніміз дұрыс. Идеяларыңыз немесе ұсыныстарыңыз болса, қоғамдық бақылау тобына қосылғыңыз келсе пікірге ұсынысыңызды қалдырыңыз. Болмаса diaslimakz@gmail.com поштасына хат жолдауға болады. Байланыстамын» деді Лима Диас.

Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ауруханада емделіп жатқан науқастарға дәрі-дәрмек жетпей жатқаны туралы әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты жауап берген еді. Министр медициналық ұйымдардың жұмысын қадағалайтын Халықтық бақылау құратынын айтқан.

Дереккөз: Лима Диастың Facebook-парақшасы

Бөлісіңіз