«Қазақстанның коронавируспен күрес стратегиясы: хронологиясы, шаралары, нәтижелері» баяндамасы жарияланды

ҚР ДСМ: еліміздегі ескірген 40 нысанның орнына халықаралық деңгейдегі көпбейінді 16 аурухана салынады
282 қаралу саны

Қазақстанның халықаралық қатынастар бойынша кеңесі «Қазақстанның коронавируспен күрес стратегиясы: хронологиясы, шаралары, нәтижелері» баяндамасын дайындап шығарды, деп хабарлайды Қазақстанның халықаралық қатынастар бойынша кеңесі.

2020 жылдың басынан бері бүкіл әлем COVID-19 коронавирус инфекциясы пандемиясының таралуына байланысты ауыр сынаққа тап болды. Әңгіме адамның тыныс алу жүйесіне әсер ететін және физикалық жағдайын асқындырып, тіпті өліммен аяқталуына әкелетін қауіпті ауру туралы болып отыр.

Коронавирустар адамға немесе жануарларға қатысты ауру тудыратын қасиеттері дәлелденген вирустардың үлкен тобын құрайтынын атап өткен жөн. Олардың бірқатары адамдарда қарапайым суық тиюден аса ауыр жағдайларға дейінгі диапазонда респираторлық инфекцияларды тудыруға қабілетті. COVID-19-ға келетін болсақ, аталмыш ауру жақында анықталған коронавирустардың соңғысынан туындады, ол туралы бұрын ештеңе белгілі болған жоқ. Ол адамнан адамға жөтелу немесе түшкіру нәтижесінде ауа-тамшылы жолмен, сондай-ақ жанасу арқылы беріледі. Кейбір белгілері бойынша пневмонияға ұқсайтын бұл аурудың алғашқы көрінісі Ухань қаласында (Қытай) 2019 жылдың желтоқсан айының соңында белгілі болды.

Инфекцияның таралу көзі – жануарлар мен теңіз өнімдерін сататын жергілікті Хуанань базары. Кейінірек бұл процесс ҚХР-ның басқа қалалары мен провинцияларына таралып, індет сипатына ие болды. Алайда, 2020 жылдың қаңтар айында CОVID-19 коронавирус инфекциясымен сырқаттану жағдайлары Австралия, Германия, Үндістан, Италия, АҚШ, Ресей, Жапония және басқа да елдерде орын алды. Бастапқыда жұқтыру көздері негізінен басқа елдерге әртүрлі себептермен келген ҚХР азаматтары, сондай-ақ Қытайдан елге оралған немесе ол арқылы транзитпен өтетін түрлі елдердің азаматтары болды. Бірақ кейіннен сәйкес мемлекеттердің аумағында инфекцияның таралу барысы жедел ішкі сипатқа ие болды.

Осыған байланысты 30 қаңтарда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) коронавирустың әлем бойынша таралуына байланысты қоғамдық денсаулық сақтау саласында халықаралық төтенше жағдай жариялады және әлем елдерін науқастарды оқшаулау және олардың байланысқан адамдарын қадағалаумен қоса, вирусты ертерек анықтау шараларын қабылдауға шақырды.

Кейінірек, 11 наурызда ДДСҰ көптеген елдер мен барлық континенттер аталмыш вирусқа шалдыққандықтан, жаңа коронавирустың таралуы пандемия кезеңіне жетті деп мәлімдеді.  Қазақстанда СОVID-19 коронавирус инфекциясының алғашқы жағдайлары 2020 жылдың 13 наурызында тіркелді.  Осы уақытқа дейін төрт адам жұқтырды, оның үшеуі Германиядан Алматы қаласына және тағы біреуі Италиядан Нұр-Сұлтан қаласына келген. Кейінірек инфекция елде белсенді түрде өріс алып, ағымдағы жылдың 7 мамырындағы жағдай бойынша аталмыш вирусты жұқтырғандар саны 4578 адамға жетті. Республика басшылығы бастапқыда шетелдегі пандемияға байланысты сыни процестерге әрекет етті.

Ағымдағы жылдың 26 қаңтарында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке коронавирустың Қытайдан Қазақстан аумағына таралуына жол бермеу бойынша шешуші ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырды. Бірінші кезекте әуежайлар мен шекаралық бақылау-өткізу пункттерінде бақылау күшейтілді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі шекаралық және кедендік қызмет өкілдерінің, әуе және темір жол жолаушылар көлігі қызметкерлерінің қатысуымен науқастарды анықтау және оларды инфекциялық стационарларға орналастыру мақсатында оқу-жаттығулар өткізе бастады. Бұл орган сондай-ақ аса қажеттілік болмаса, қазақстандықтарға Қытайға баруды тоқтата тұруды ұсынды.

Мемлекет басшысының 16 наурыздан бастап 2020 жылдың 11 мамырына дейін қолданыста болған республиканың бүкіл аумағында төтенше жағдай енгізу туралы шешімі Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған шешім болды. Халық арасында түрлі сыни талқылауға ұшыраған бұл шара аталмыш аурудың елде таралу деңгейінің өсуін ескере отырып, толық негізделіп қабылданған болатын.

Осы баяндама COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуымен және оған Қазақстанда қарсы тұруға байланысты процестер мен оқиғаларды объективті бағалауды ұсынуға бағытталған. Бұл үшін баяндамада Қазақстандағы коронавирустың таралуына қарсы күреске және әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған мемлекеттік шараларды жүйелендіруге және кезеңдендіруге әрекет жасалды.

Баяндама мәтінімен сілтеме арқылы танысуға болады.

Бөлісіңіз