ҚР Үкімет отырысы: Коронавируспен күрестің жағдайы қандай деңгейде?

166 қаралу саны

Бүгін, 21 шілдеде ҚР Үкіметінің отырысы өтіп жатыр. Мәжілісте ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавируспен күрес жөнінде баяндама жасап, ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин бірнеше тапсырма берді. Біз «Кеткеткет.кз» оқырмандарына басты мәселелер туралы матреиал ұсынып отырмыз.

Алексей Цой COVID-19 індетімен күрестегі оң өзгерістерді атады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой COVID-19 індетімен күресте кейінгі екі аптада қол жеткен оң нәтижелерді атады.

«Жүргізілген жедел шаралардың арқасында екі аптаның ішінде мынадай оң нәтижелерге қол жетті:

  • тәулігінде коронавирус жұқтыру өсімі 4 пайыздан 2,1 пайызға азайды.
  • COVID-19 ауруынан жазылғандардың саны 60 пайызға жетті.
  • Жедел жәрдем шақыру 23 пайызға төмендеді.
  • Провизорлық төсек-орындардың жүктемесі 20 пайызға, жансақтау бөлімінің жүктемесі 6 пайызға төмендеді» деді Алексей Цой Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес дәрі-дәрмекті сертификаттау мен тіркеу рәсімі жеңілдетіліп, бір реттік тасымал процедурасы оңтайландырылған.

«Арнайы жүк порттарының тасымалын арттыру арқылы дәріханаларды дәрі-дәрмекке толтыру жұмысы жүріп жатыр. Өңірлерде арнайы тұрақтандыру қоры құрылды. Амбулаториялық дәрі-дәрмек тізімін кеңейту жұмыстары қолға алынды. Дәрі-дәрмектің 1 айлық қоры жасақталуда. Осы жылдың 22 шілдесіне дейін еліміздегі медициналық ұйымдар бір айлық дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз етіледі» деді ол.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой пациенттерге үйінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мобильді бригадалар саны осы айдың соңына дейін 3,5 мыңға жеткізілетінін мәлім етті. «Соңғы аптада COVID-19 ауруын жұқтыру және одан келетін өлім-жітім көрсеткішінің тұрақталу тенденциясы байқалады. Жұқтыру жағдайы тәулігіне шамамен 1500-1600 адамды құрап отыр. Пациенттерге үйінде көмек көрсету мақсатында алғашқы медициналық-санитарлық көмек беретін 2 962 мобильді бригада құрылды. Осы айдың соңына дейін мұндай бригадалардың саны 3,5 мыңға дейін жеткізіледі. Емханалардағы колл-орталықтардың саны 16 пайызға артты. Оның жұмысына білікті кеңесші дәрігерлер, фельдшерлер мен медициналық ЖОО студенттері тартылды. Қазіргі таңда инфекциялық және провизорлық стационарларда өкпені жасанды желдететін 1 958 аппарат бар. Әкімдіктермен бірге қосымша 4 183 аппараты сатылып алынуда. Оның 3 105-і отандық тауар өндірушілерден алынады. Сонымен бірге, 20 мыңға тарта төсек-орын оттегіге қосылады. Оның ішінде 17 762 төсек-орын оттегі концентратымен қамтылады. 6 237-і демеушілердің көмегімен қосылғалы отыр» деді Алексей Цой. Министрдің айтуына қарағанда, мемлекеттік және жеке зертхана тестілеу жұмысына белсенді түрде тартылып, олардың тәуліктік өткізу қуаты 32 мыңға жеткен. Сондай-ақ бір реттік масканың бағасы 28 пайызға арзандаған.

Премьер-министр Асқар Мамин тамыз айының соңына дейін аурухананың бәрін өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтамасыз етуді тапсырды. «Баяндамалардан байқағанымыздай, эпидемиологиялық жағдайдың біршама тұрақтану деңгейіне шыққаны байқалады. Республика бойынша коронавирус жұқтырғандардың өсімі тәулігіне – 2,1 пайыз. Ал кей өңірлерде одан да аз. Мысалы, Шымкентте – 1 пайыз, Қызылорда облысында – 0,9%, Түркістан облысында – 0,8%, Ақтөбе облысында – 0,5%. Қазіргі басты міндет – барлық өңірде ауру жұқтыру деңгейін орнықты төмендету» деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Премьер-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сапалы әрі қолжетімді толық көлемдегі медициналық көмекті, әсіресе ауылдарда қамтамасыз ету бойынша бірқатар шаралар қабылдау керек. «Біріншіден Денсаулық сақтау, Индустрия министрлігі және әкімдіктер тамыздың соңына дейін өңірлердегі ауруханаларды өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтамасыз етсін. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге шілденің соңына дейін өңірлерде ветеринарлық зертханалар базасында коронавирусқа тестілеу жөніндегі жұмысты ұйымдастырсын және кадрлармен жасақтасын» деді Асқар Мамин.

Премьер-министр Асқар Мамин «СҚ-Фармация» компаниясына дәрі-дәрмек сатып алып, қосымша бір айға жететін көлемде өңірлерге таратуды тапсырды. «Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктері шұғыл түрде өңірлерді көшпелі диагностикалық кешендермен, аудандық ауруханаларды цифрлық рентген аппараттарымен қамтамасыз етсін. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер екі апта ішінде оттегі концентраторы мен медициналық газдардың өңірлерге толық көлемде жеткізілуін қамтамасыз етсін. «СҚ-Фармация» осы жылдың шілде айының соңына дейін дәрі-дәрмек сатып алып, қосымша бір айға жететін көлемде өңірлерге бөлсін. Сондай-ақ дәрі-дәрмек қажеттілігін жоспарлаудың нақты жүйесін анықтасын» деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Сонымен қатар, Премьер-министр Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Ақтөбе облысының үлгісімен әр өңірдің тұрақтандыру қорында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажетті қорын қалыптастыруды жүктеді.

Дереккөз: ҚР Үкіметі отырысының тікелей эфирі

Бөлісіңіз