ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің кезекті брифингінде айтылған 11 мәселе

194 қаралу саны

Бүгін, 21 шілдеде сағат 15.00-де «Коронавирустық инфекция бойынша ағымдағы жағдай» тақырыбы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Владимирович Цой мен ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Гиниятқызы Гиният  Орталық коммуникациялар қызметінің тікелей эфирінен брифинг өткізуді бастағанын бұдан бұрын оқырмандарымызға хабарлаған болатынбыз. Біз енді «Кеткеткет.кз» сайтының оқырмандарына сол брифингте айтылған көптеген мәселелер туралы материалды ұсынып отырмыз.

Коронавирус жұқтырған және осы індеттен көз жұмған дәрігерлердің туған-туыстарына өтемақы беру мәселесі. «Тізімді біз аймақтардан алып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдадық. Осы күнге дейін жұмыс орындарында медициналық қызметкерлердің коронавирус жұқтыруының 123 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 59 медицина қызметкері көз жұмды» деді Алексей Цой. Министрдің айтуынша, өтемақы беру мәселесін жауапты ұйым жүргізеді. «Біздің міндет – тізімді жинап, тапсыру. Тізімнен бөлек сол дәрігердің нақты қайда – үйінде әлде жұмыста жұқтырғаны қаралатын эпидемиологиялық карта бар. Яғни нақты эпиданализ бар» деді ол.

Коронавирус жұқтырған жүзден астам бала ауруханада емделіп жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният айтты. «Қазіргі таңда республика бойынша коронавирус жұқтырғаны расталған 73,4 мыңнан асты. 61,8 пайызы емделіп шығып отыр. Пневмониямен ауырып жатқан адамдардың саны ауруханаларда 8 мыңға жуық. Осы 8 мың науқастың ішінде мамыр айынан бастап 1 мыңнан астам бала ауырды. Қазір жүзден астам бала емханада ем алуда. Балалар коронавирус инфекциясының өте жеңіл түрімен ауырып жатыр. Балалар арасында осы инфекциядан ешқандай өлім-жітім тіркелген жоқ» деді Ажар Ғиният.

Қазақстанда науқастарды коронавирустан емдеу хаттамасына өзгерістер енгізіле ме? «Емдеудің жаңа әрі тиімі әдістерін бүкіл әлем іздестіріп жатыр. Жалпы бұл вирусқа қарсы этиотропты емдеу әдісі жоқ екендігін білесіздер. Сол себепті біздің қазақстандық ғалымдар бүкіл халықаралық тәжірибені зерттеп, үздік әдіскерлер хаттамаларды барынша жаңартып, жақсартып жатыр. 15 шілдеде сапа бойынша бірлескен комиссия жетекші мамандармен бірлесе отырып, коронавирустан инфекциясынан емдеу хаттамасының 10-редакциясына өзгерістер мен толықтыруларды енгізді» деді Ажар Ғиният.

Вице-министр айтып өткендей, ең бірінші кезекте емдеу хаттамасынан «Лопинавир» мен «Гидроксихлорохин» алынып тасталған. ДДСҰ кеңесі бойынша бұл препараттар тиімсіз деп танылған. Сол себепті комиссиялық тұрғыда вирусқа қарсы осы препараттарды алып тастау туралы шешім қабылдады. «Бүгінгі күні Ремдесевир мен Фавипиравир КВИ-дан ауыр түрін емдеуге тиімді деген мәлімет бар. Сондықтан клиникалық зерттеу мен КВИ-дың ауыр түрі кездескен жағдайда вирусқа қарсы препарат ретінде қолдану үшін клиникалық хаттамаға енгізілді. Сонымен бірге алғаш рет емдеудің амбулаториялық кезеңдері енгізілді. Амбулаториялық деңгейде ыстық түсіретін препараттар мен перораль антикоагулянттар енгізілді» деді ол. Бұл препараттар емхана деңгейінде тегін берілуі керек.

Коронавирус инфекциясына қарсы Қазақстан қай елдің вакцинасын таңдауы мүмкін? «Қазақстан қазіргі уақытта әртүрлі мемлекеттердің вакцинасын зерттеп жатыр. Бұған дейін айтылғанындай әлем елдерінің вакциналары әртүрлі клиникалық зерттеулерден өтеді. Ресейлік вакцинаға қатысты айтар болсам, біз ондағы әріптестерімізбен серіктесе жұмыс жүргізіп жатырмыз. Вакцина клиникалық зерттеулердің бәрінен өтіп барып, жаппай ел ішінде қолданыла бастағаны туралы ресми мәлімдеме жасалғаннан кейін ғана біз оны елге әкеле бастаймыз. Мұндай ақпарат келіп түскен кезде ғана қарастырамыз» деді Алексей Цой.

Министрдің айтуынша, Қазақстанға ең бірінші кезекте вакциналар бойынша зерттеудің нақты нәтижелері керек. Алексей Цой вакцинаның тиімділігі расталған жағдайда ресейлік әріптестермен Қазақстанға алдыңғы кезекте жеткізу мәселесі келісілгенін жеткізді. «Дәл мұндай келісімге вакцина шығарушы басқа мемлекеттермен де келіп отырмыз. Оның ішінде Қытайда жасалатын вакциналар бар. Қытайлық мамандар БАӘ-мен бірге клиникалық сынақтарды өткізуде. Басқа да вакциналар қазір клиникалық деңгейде зерттеліп, сынақ жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Жалпы бәрімен байланыстамыз. Нәтиже шығатын нақты уақытты күтіп отырмыз. Әлемдік қауымдастықтар ол туралы міндетті түрде хабарлайды. Осыдан кейін ғана ең бірінші кезекте нақты қандай вакцинаны алатынымыз туралы нақты шешім қабылданады» деді Денсаулық сақтау министрі.

Дезинфекция жұмыстарының денсаулыққа зияны бар ма? «Қазақстан тек сараптамадан өткен дезинфекциялаушы заттар пайдаланылады. Оның салдарынан қандай да бір жаппай ауырудың немесе қандай да бір басқа зиянды реакцияларды тіркеген жоқпыз. Бәлкім аллергия секілді жеке реакциялар кездесуі мүмкін. Алайда бізде қандай да бір жаппай сырқаттану немесе коронавирусты үдетті-ау деген ешқандай мәлімет жоқ» деді Алексей Цой. Министр сонымен қатар дезинфекциялайтын заттар тек нұсқаулыққа сәйкес қолданылуы керектігін жеткізді.

КВИ-ден үй және амбулаториялық деңгейде емдеу хаттамасына тегін бес фармацевтикалық препарат енгізілді. «Пневмонияны, коронавирусты пневмонияны, КВИ-ді үй және амбулаториялық деңгейде емдеу хаттамасына тегін бес фармацевтикалық препарат енгізу мәселесін қарастырып жатырмыз» деді Алексей Цой.

Министр атап өткендей, адамдар нарықта осы препараттарды іздеп кетпеу үшін қолға алынып отырғанын жеткізді. «Қазір қажетті процедуралар жүргізіліп жатыр. Емдеу хаттамалары енгізілуде. Пациенттер ауруханаға жетпей жатып, емді үйінде ала алатындай, яғни препапаратты үйіне жеткізу мәселесін пысықтаудамыз» деді ол.

Нақтырақ айтқанда амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамту тізіміне ыстық түсіретін препараттардан «Парацетамол» мен «Ибупрофенді», антикоагулянттардан «Ривароксабан», «Апиксабан» мен «Дабиготранды» енгізу көзделген. «Бөлшектік сауда үшін біз Ресей мен Үндістаннан 6 әуе рейсін орындап, Қазақстанға 4 млн қаптама дәрі жеткізілді. Одан бөлек әрбір аймақ өздігімен бұл жұмысты жүргізуде» деді Алексей Цой.

Әлемдік ғалымдар коронавируспен ауырып, жазылып шыққан адамның бойында иммунитет қаншалықты ұзаққа шыдайтынын білмейді. Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда қазіргі таңда коронавирусты қайта жұқтыру жағдайы тіркелмеген. «Адамдар коронавирустың ауыр түрімен ауырып, қайтадан анализ тапсырған кезде тесттің теріс нәтиже көрсеткені, содан біршама уақыттан кейін қайтадан тест оң нәтиже көрсеткен жағдайы тіркелген. Алайда мұндай жағдайда біздің мамандар бастапқы вирустың ағзадан толық кетпеуі деп түсіндірді. Анализ клиникалық белгісі болмаған сипатта оң нәтиже көрсетеді. Сол себепті бұл – қайтадан жұқтыру жағдайы ретінде есептелмейді. Қазақстанда қазіргі таңда коронавирусты қайта жұқтыру жағдайы тіркелген жоқ» деді Ажар Ғиният.

Вице-министр бүкіл әлемнің ғалымдары ауырып болған адамның бойындағы иммунитеттің қаншалықты шыдайтынын зерттеп жатыр. «Уақытша, яғни 6 апталық иммунитеттің қалыптасатыны жайлы мәлімет бар. Алайда бұл ретте де нақты жауап жоқ. Себебі бұл аурудың өту ағымына байланысты. Адам қандай жағдайда ауруға қарсы тұратындығы туралы ғалымдарда нақты бір ортақ тұжырым жоқ» деді Ажар Ғиният.

Қазақстанда коронавирустан жүкті 40 әйел көз жұмды. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният мәлім етті. Баспасөз мәслихаты барысында вице-министрге коронавирустан балалар арасындағы өлім-жітім жайлы сұрақ қойылған болатын. Нақтырақ айтқанда тілшілер тарапынан КВИ-дан көз жұмғандардың зиратының ішінен кішкенбай баланың моласы болғаны айтылған еді. Ажар Ғиният коронавирустан балалар арасында өлім-жітім болмағанын айтты. «Жаңа туған шақалақтың шетінеуі бойынша бізде статистика жоқ. Алайда, коронавирус жұқтырғаннан кейін қайтыс болған жүкті әйелдерге қатысты мұндай статистика бар. Жүкті әйелдер арасында 40-қа тарта адам көз жұмды. Олар коронавирус жұқтырып, босанар кезде жан тапсырды» деді ол.

Ауруханада видеотүсірілім жүргізуге қойылған шектеу. «Медициналық стационарға ұялы телефон алып кіруге болатынын айта кетейін. Бұл тұрғыда ешқандай тыйым жоқ. Екінші жағынан мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес онда видеотүсірілім жүргізуге рұқсат берілмейді. Ең бірінші кезекте бұл пациенттің өзін қорғауы үшін керек» деді Алексей Цой.

Денсаулық сақтау министрі көп жағдайда пациенттің рұқсатын сұрамай, оны шешінген күйінде төсекте видеоға түсіретінін айтады. «Көп адам өзінің ауруын жария еткісі келмейді. Әртүрлі жағдай бар. Этикалық сипаттағы, азаматтың жеке кеңістігін қорғау мәселелері ұмыт қалмауы тиіс. Сол себепті видеотүсірілім жүргізуге рұқсат жоқ» деп атап өтті Алексей Цой.

Қазақстанда карантин шараларын жеңілдету мәселесі пысықталып жатыр. «Бізде тұрақты деңгей 1600-1700 адам деңгейінде (күніне тіркелетін науқастар саны) сақталып тұр. Бұл көрсеткіш нашар жағдай емес. Әзірге бірдеңе деп болжау қиын. Алайда, біз жағдай тұрақталар деген сенімдеміз. Жалпы біздің бұған дейінгі болжамымыздың пессимистік сипаты болғанын білеміз. Диманика бар. Ары қарайғы ахуал не болар деген сұрақ біз үшін маңызды. Қазір ары қарай не істейміз деген сұрақ төңірегінде жоспар құрып жатырмыз. Карантинді қалай әлсіретеміз, жағдайды ұстап тұру үшін қандай қадамдарды жасау керек – бәрі зерттелуде» деді Алексей Цой.  

Қазақстанда бубон обасының таралу қаупі бар ма? Вице-министрдің айтуынша, оба өкпе формасына өтіп кетпесе, бубон обасы адамнан адамға жұқпайды. Аталып өткендей, Қазақстанда обаның табиғи ошақтары бар. «Бүкіл елдегі обаға қарсы санитарлық қызметтер санитарлық алдын алу жұмыстарын жүргізіп, жағдайды бақылауында ұстап отыр. Ал Моңғолиядан бубон обасын қазақстандықтардың жұқтыру ықтималдығы төмен. Тек обаның өкпе формасын жұқтырған немесе оның ауыр формасымен ауырған адам біздің елге келмеуі керек» деді Ажар Ғиният.

Айта кетерлігі, Моңғолияда бубон обасының таралуына байланысты карантин енгізілген болатын.

Дереккөз: ОКҚ тікелей эфирі

Бөлісіңіз