ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Гиният бүгін, 3 шілдеде ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында не айтты?

296 қаралу саны

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Гиният КВИ-дің таралуы жағынан жағдай күрделеніп кеткен үш өңірді атады. «КВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем бойынша күрделі. Көптеген елде инфекцияның таралуының екінші толқыны жүріп жатыр. Елімізде күн сайын коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтардың саны өсіп барады. Тіркелген жағдайлардың орташа өсімі бір айдың ішінде шамамен 4,5 пайызды құрады. Облыстардағы өсім 2 пайыздан 8 пайызға дейін артуда. Бүгінгі күні елімізде 44100-ге жуық жағдай тіркеліп отыр. Күніне орташа есеппен мың жарым адам ауырады»  деді Ажар Гиният.   

Оның айтуынша, осы күнге дейін ауруханаларда 200 науқас көз жұмған. «Соңғы айда COVID инфекциясымен ауырған науқастардың ең жоғары өсімі – халық көп орналасқан және ірі өнеркәсіптік қалалар, атап айтқанда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды қалаларының халқы арасында тіркелген. Мысалы, жеке адамдар арасында инфекцияның ең жоғары өсімі Атырау облысында, Алматы қаласында, БҚО-да, Маңғыстау, ШҚО мен Алматы облыстарында байқалады. Аурудың таралуының әр облыста өз ерекшелігі бар. Пациенттердің медициналық көмек алуы кезінде оларды қиындықтардың туындау себептері де әртүрлі» деді ол. Вице-министрдің айтуынша, мәселен елордада сырқаттануына байланысты медициналық ұйымдарға көп жүгінеді. Ал Алматыда КВИ жұқтырғандардың негізгі үлесі – скрининг кезінде және байланыста болған адамдар арасында анықталуда. «Алайда, қалада КВИ бойынша күдікті пациенттерді емдеуге жатқызатын провизорлық ауруханалардың орыны толық. Бүгінгі таңда стационарларда жансақтау төсектері тапшы болып отыр. Бұл жерде пневмонияның ауыр түрімен ауыратын пациенттер ем алуда. Ковид бойынша жағдайы күрделі үшінші өңір – Атырау облысы. Кен орындарында өршулер көп. Ондағы инфекциялық төсек орындар да тез толықтырылды. Бұл жерге жұмыскерлер әртүрлі ауданнан, басқа өңірлерден келеді» деді ол.

Ары қарай оқу:



Қазақстанда КВИ жұқтырғандармен байланыста болған азаматтардың саны 115 мыңға жеткен. «Шымкент қаласындағы инфекциялық ауруханаларда жансақтау төсектері жеткіліксіз. Шымкент – халық тығыз қоныстанған қалалардың бірі. Онда Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан қарағанда ірі республикалық емханалар жоқ. Төсек қоры жеткілікті. БҚО-да инфекциясының сырттан әкелу жағдайы көп. Облыс басқа елдермен шекаралас. Көршілес облыстарға ішкі еңбек миграциясымен ерекшеленеді. Осыдан барып бұл облыстарда байланыста болған адамдарды анықтау жұмысын анықтау өте қиынға соғуда. Байланыста болған адамдардың елде саны көбеюде. Бүгінгі таңда олардың саны 115 мыңға жетті. Олар – әлеуетті науқас болып табылғандықтан, дәрігерлер КВИ бойынша тестілеу, динамикалық бақылау жұмыстарын жүргізуде» деді Ажар Гиният. Оның айтуынша, өкінішке қарай халықтың арасында КВИ жұқтырғандармен байланыста болғанын әдейі жасыру жағдайы тіркеліп жатыр.

Еліміздегі емханалардың жұмысы қашықтан қызмет көрсету форматына ауыстырылды. «Біріншіден, учаскелік және консультациялық қызметтер мүмкіндігінше қашықтықтан көрсетілуі тиіс. Екіншіден, жоспарлы көмек пен диагностикалық қызметтер қатаң түрде дәрігерлердің көрсетілімдері бойынша онлайн жазу арқылы жүзеге асырылады. Емханаға азаматтар алдын ала күні бұрын шақыртылады. Емханаларда қазіргі жағдайда кезек күтуге, көп адам жинауға жол бермеу керек. Бүгінгі күні жұмысты көшпелі мобильді бригада арқылы ұйымдастыруды жалғастырудамыз. Осы таңда 383 көшпелі мобильді бригада жұмыс істеуде» деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, осы мобильді топтардың бір түрі КВИ бойынша тест алады. Онда мейірбикелер жұмыс істейді. «Бригаданың екінші түрі – КВИ расталған науқастарға үйде қызмет көрсетеді. Қазіргі уақытта 165 мың пациент амбулаториялық жағдайда көмек алуда. Бригаданың үшінші түрі – созылмалы аурулары, онкологиялық аурулары бар адамдарға, жүкті әйелдер мен балаларға көмек көрсетеді»  деді вице-министр.

Жедел жәрдем көлігінің жетіспеушілігі мәселесі әсіресе Алматы, Павлодар және Түркістан облыстарында өзекті болып отыр. «Елімізде жедел жәрдем қызметін шақырту екі есе, кейбір өңірде төрт есе артты. Бұрын жедел жәрдем қызметтері күніне 15 мың адамға қызмет көрсететін еді. Соңғы аптада шақыртулардың саны екі есе өсіп, 30 мыңнан асты. Соның ішінде КВИ бойынша күдікпен шақырушылардың саны 14 пайызға өсті. Осы 14 пайыздың 33,7 пайызы стационарларға жеткізіледі. Қалған аурулар өздерінің жағдайларына байланысты амбулаториялық ем алу үшін емханаларға тапсырылады» деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда жедел жәрдем көліктері жеткіліксіз. «Барлығы 1967 көлік бар. Алматы, Павлодар және Түркістан облыстарында жедел жәрдем көліктері стандарт бойынша аз. Осы проблеманы шешу үішн жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, медициналық қызметкерлерді тасымалдау, дәрі-дәрмекті жеткізу, пациенттердің басқа да қажеттілігі үшін медициналық емес мемлекеттік ұйымдардың автокөліктерін, автопарктердің резервтерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар министрлік өңірлер үшін республикалық бюджеттен отандық өндірістің 807 автокөлігін сатып алуды ұйымдастырды» деді ол. Осы көліктердің бәрі де қыркүйек айының соңына дейін облыстардың бәріне таратылады.

Жедел жәрдем қызметкерлері шақырту түскен жағдайда жағымсыз жағдайлармен жиі кездесіп жатады. «Жедел жәрдем қызметінің медицина қызметкерлері шақыртулар кезінде жағымсыз эмоциялық жағдайлармен көп кездеседі. Олар өте жоғары физикалық және психикалық жағдайда жұмыс істеп жатыр. Шақыртулар бойынша қызмет көрсету деңгейі бірінші кезекте пациенттердің жағдайының ауырлығына байланысты анықталады. Сондықтан медициналық қызметкерлерге ренжімей, өз кезектеріңізді күткендеріңіз дұрыс» деді ол.

Ажар Гинияттың айтуынша, тестілеуді жүргізу төңірегіндегі даулы жағдай ПТР-тест тапшылығына байланысты емес. Осы уақытқа дейін Қазақстанда 1,5 млн тест жүргізілген. «Одан бөлек қосымша 1,2 млн тест сатылып алынуда. Азаматтардың көпшілігі бір мезгілде жүгінген жағдайда ПТР-анализаторлары бар 56 зертхананың өткізу қабілеті жеткіліксіз болып отыр. Осыған байланысты кезек қалыптасып қалады. Осы жылы тамыз айының соңына дейін 20 ПТР-анализатор сатылып алынып, зертханалар саны көбейеді. Тестілеу дәрігерлердің кеңесі бойынша өткізілуі тиіс» деді вице-министр.

«Авифавир» атты жаңа препарат коронавирус инфекциясын жұқтырғандарды емдеуге арналған хаттамаға енгізілген. «Бұл препарат бір реттік тәртіпте сатып алынып, біздің елге жеткізілді. Онымен стационарлық науқастарды емдейді. Осы препаратпен емделетін адамдар бақылауға алынады. Себебі ол препарат – жаңа. Клиникалық сынақтан жақында ғана өткен», – деді Ажар Ғиният. Айта кетсек, бұған дейін Ресей Федерациясында аталған препарат сынақтан сәтті өткізілгені хабарланған еді.

Дереккөз: Хабар 24 тікелей эфирі

Ары қарай оқу:



Кнопка домой

Бөлісіңіз