ҚР ДСМ онлайн-кездесуі: Елімізде жатыр мойны обырына қарсы екпе шарасы жүргізіледі

340 қаралу саны

Кеше кешкілік ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова сарапшылармен министрліктің Facebook парақшасында онлайн кездесу өткізді. Оның барысында хабарға шақырылған онколог, акушер, гинеколог мамандар адамдағы папиллома вирусына, жатыр мойны обырына қарсы вакцина мәселелерін талқылады.

Людмила Бюрабекова: «Біз аталған вакцинаны қолданудың халықаралық тәжірибесін талқылап, жатыр мойны обырын зерттеу бойынша өткізген скринингіміздің нәтижелері жайында сөз қозғамақпыз. Бұл вакцинаны 2021 жылғы Ұлттық вакцина күнтізбесіне қосуды жоспарлап отырмыз. Ол ата-аналары тарапынан толық келісім болған жағдайда қыз балаларға ерікті түрде егілетін болады».

ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Вячеслав Локшин: «Қазір әлемде жыл сайын шамамен 600 мың жатыр мойны обыры тіркеліп жатады. Ол обыр жағдайларының арасында төртінші орында тұр. Сонымен қатар, жыл сайын дәл осы жаман аурудан әлемде 300 мың әйел көз жұмады.

Қазіргі уақытта жатыр мойны обырын төмендетудің оң оңтайлы жолы – бұл вакцина салу, скрининг әдістемен ерте диагностикалау. Вакцина бізге не береді? Ол қыз балалардың 90 пайызында жатыр мойны обырының дамуын болдырмауға ықпалын тигізеді. Бұған қоса, біз келесі ғасырда жатыр мойны обыры ажалынан 62 млн тағдырды арашалап қаламыз. Қазір көптеген елдерде бұл вакцинация міндетті болып табылады».

«Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Диляра Қайдарова: «Қазақстан жатыр мойны обырына шалдығу көрсеткіші жоғары елдердің тізіміне кіреді. Еліміздегі бұл көрсеткіш 18,7 пайызды құрап отыр. Соңғы 15 жылда жатыр мойны обырына шалдығу дерегінің артқаны байқалғанымен аурудың бұл түрінен өлім-жітім төмендеген. 10 жылда Қазақстанда жатыр мойны обырына скрининг жүргізіліп келеді және обырдың алғашқы сатысын анықтау 62 пайызға дейін жетті. 2008 жылдан бері скрининг өткізіп келеміз. Бүгінде әйелдер кез келген жасында тест тапсыра алады. Қазақстанда жыл сайын 600-ден астам әйел жатыр мойны обырынан көз жұмады. Яғни, күн сайын 2 әйел қайтыс болады деген сөз. Сондықтан қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан бағдарлама осынау қатерлі аурдың алдын алуға септігін тигізеді».

Ресейдің генитальдық инфекциялар және неоплазия жөніндегі қауымдастығының президенті Светлана Роговская: «Бұл – әлемдегі үлкен проблема. Бұл жыныстық қатынаста өмір сүретіндердің бәріне қатысты, өйткені әйелдердің 85 пайызы өмір барысында жұқтырады. Бұл инфекцияның ерекшелігі сол, ауру жасырын асимптоматикалық түрде көрінеді. Сіз білуіңіз керек ең маңызды нәрсе: егер сіз дәрігерге уақтылы барсаңыз, онда жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алуға болады».

Тель-Авив университетінің медицина мектебінің профессоры, Израиль психосоматикалық акушерлік және гинекология қоғамының президенті доктор Дов Фельдберг: Жатыр мойны обырымен күресудің маңызды элементі – скрининг. 30-дан 54 жасқа дейінгі әйелдер скринингтік РАР-тестен тегін өтеді. Егер әйелдерде одан да жетілдірілген сақтандыру болса, онда ол кез-келген уақытта тестілеуден өте алады.

Сонымен қатар, адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялаудың елдік тәжірибесі туралы онлайн-конференция барысында Мельбурндағы (Австралия) Корольдік әйелдер ауруханасының клиникалық дәрігері Алексей Поляков және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының аймақтық бюросының өкілі Людмила Мосина адам папиллома вирусына қарсы вакцинацияның халықаралық тәсілдері туралы өз ойларын ортаға салды.

Ары қарай оқу:



Кнопка домой
Бөлісіңіз