ҚР Президенті Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде коронавируспен күрес жағдайы бойынша қандай мәселелерді көтерді?

229 қаралу саны

Бүгін, 10 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген мәжілісін жүргізген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күрес жағдайы бойынша қандай мәселелерді көтерді? Біз «Кеткеткет.кз» оқырмандарына осы мәселелер төңірегіндегі материалды ұсынамыз.

Коронавируспен күрестегі қателіктерді анықтайтын комиссия құрылуы тиіс. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. «Жіберілген қателіктер мен олқылықтарды анықтайтын арнайы комиссия құру қажет. Бұл комиссия қазіргі ортақ жұмысқа кедергі жасамай, тексеріс жүргізіп, маған ұсыныс беруі керек» деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев дәрілердің жетіспеушілігі мен оның бағасын қолдан қымбаттату мәселесін тез арада реттеуді тапсырды. «Біз қазір дәрілердің жетіспеушілігі мен оның бағасын қолдан қымбаттату мәселесін шешуге мәжбүр болып отырмыз. Бұл жағдайды тез арада реттеп, барлық өңірді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету керек. Жұмыс жүргізілуде. Енді нәтиже керек» деді ол.

Коронавирусқа қатысты ахуал жақсармаса, Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды. «Қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміттенемін. Олай болмаған жағдайда, жалпы Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды» деді Мемлекет басшысы.

Денсаулық сақтау министрінің ұсыныстары мен талаптары Үкіметтің өзге мүшелері мен әкімдер үшін бірінші кезекте орындалатын міндет болуға тиіс. «Бұл төтенше жағдай болғандықтан, пандемияға қатысты барлық шешімдерді жедел қабылдауымыз керек. Денсаулық сақтау министрінің ұсыныстары мен талаптары Үкіметтің өзге мүшелері мен әкімдер үшін бірінші кезекте орындалатын міндет болуға тиіс» деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия кезінде Денсаулық сақтау министрін ерекше мәртебеге және құзыретке ие деп есептеу қажеттігін баса айтты. «Министрлікке пандемиямен күрес жөніндегі күнделікті есептің және ақпараттың берілуін қамтамасыз етуді Үкімет пен әкімдіктерге тапсырамын» деді ҚР Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев МӘМС пен «СК Фармация» басшыларын жұмыстан шығаруды тапсырды. «Туындаған қиындыққа кінәлілердің бәріне қатысты тергеу жүргізу керек. Жауапкершілікке тартқан дұрыс. МӘМС пен «СҚ Фармация» басшысы жұмыстан шығарылсын. Керек болса тергеу жүргізген жөн» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы туралы Президент не деді? «Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы уақыттың жеткілікті болғанына қарамастан, індетпен күреске тиісті деңгейде әзірлене алмады. Науқастар саны және басқа да көрсеткіштер бойынша олардың жасаған барлық болжамдары қате болды» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ДСМ басшылығы жіберген тағы бір кемшілікке тоқталды. «Біз жұмыстың тәсілдерін үнемі өзгерте береміз. Бұрынғы басшылық аяқ астынан науқастарды симптомды және симптомсыз деп бөлу керек деп шешті. Қазір бұл әдістемеден бас тарттық. Міне, осындай әрекеттер халық арасында күмән туғызады»  деді ҚР Президенті.

Қазақстан Президенті Сall-орталықтардың тәулік бойы қызмет көрсетуін қамтамасыз етіп, жұмысын күшейту керектігін тапсырды. «СҚ Фармация» компаниясын білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет. Қазақстанда дәрі мен медициналық бұйымдардың көптеген түрін өндіруді жолға қоятын кез келді. Қашанға дейін импорттық дәрілерге тәуелді боламыз? Намысымыз қайда?»  деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің айтуынша, халықты үрей мен қорқыныш билеген. «Тіпті олар өздеріне қажет емес дәрілерді де сатып алып жатыр. Адамдар әлеуметтік желідегі әртүрлі күмәнді ақыл-кеңестерге құлақ асуда. Сall-орталықтардың тәулік бойы қызмет көрсетуін қамтамасыз етіп, жұмысын күшейту керек»  деді ол.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа телеарна және әлеуметтік желі арқылы емделудің дұрыс жолдарын үйретуді жүктеді. «Беделді дәрігерлер телемедицина, телеарна және әлеуметтік желі арқылы емделудің дұрыс жолдарын үйретіп, жүйелі түрде түсіндіруі қажет. Олай болмаған жағдайда, дүмбілез, алаяқ емшілердің күмәнді кеңестері халықтың денсаулығына кесел келтіреді»  деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысының айтуынша, дәрігерлеріміздің денсаулығын сақтау, олардың жұмысқа қабілеттілігі мен ынтасын арттыру – өте маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күрестегі Үкімет пен әкімдіктердің жұмысын сынға алды. «Үкіметтің және әкімдердің қабылданған шараларды түсіндіруінде олқылықтар бар. Олардың қоғам пікірімен тиісті деңгейде жұмыс істей алмай отырғаны байқалды»  деді Қасым-Жомарт Тоқаев. «Бас санитарлық дәрігердің пікіріне ешкім құлақ асқан жоқ. Кәсіби дағды мен ұйымдастыру жұмысы жеткіліксіз болды. Нәтижесінде біз гуманитарлық көмек алып, шетелдік мамандарға кеңестері үшін алғыс айтып отырмыз»  деді Мемлекет басшысы.

Үкімет пандемиямен күресте жедел шешімдер қабылдаудың құқықтық алгоритмін дайындайды. «Үкіметтен 5 күннің ішінде пандемиямен және оның салдарымен күрес бөлігінде жедел шешімдер қабылдаудың құқықтық алгоритмін дайындауды сұраймын. Мұндай сипаттағы шешімдер бір, ары кеткенде екі тәулік мерзімнің ішінде қабылданып, жүзеге асырылуы тиіс» деді ҚР Президенті.

Дереккөз: Ақорданың Твиттер парақшасы.

Бөлісіңіз