Қытай дәрігерлері Алматыда кездесу өткізді

Қытай дәрігерлері Алматыда кездесу өткізді
327 қаралу саны

Біздің Кеtкеtкеt.кz сайты кеше қытайлық медициналық делегация елордадан Алматыға аттанғанын жазған болатын. Бүгін олар эпидемиологиялық ахуалы күрделі өңірдің бірі – Алматыға келді. Шетелдік сарапшылар коронавируспен күресте тәжірибелерімен бөліседі. Бүгін пульмонология, эпидемиология, қоғамдық денсаулық сақтау саласының 10 білікті маманы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ұжымымен, Алматы әкімдігінің өкілдерімен, ҚР ДСМ өкілдерімен видео кездесу өткізді.

Онлайн режімде өткен кездесу барысында аталмыш университет басшысы Талғат Нұрғожин қытайлық дәрігерлерге тәжірибесімен бөліскені үшін алғыс білдірді. «Біз Қытайлық әріптестеріміздің келгеніне қуаныштымыз. Сіздердің тәжірибелеріңіз біздің елдегі дертпен күреске септігін тигізеді деп сенеміз. Сіздерден әлде де диагностика мен емдеу туралы мағлұмат білгіміз келеді» деді Талғат Нұрғожин.

Жиын барысында қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев қаладағы эпидемиологиялық ахуалды баяндап берді: «Қазір Алматыда коронавирустың 525 жағдайы тіркелген. 100 мың адамға шаққанда көрсеткіш 25,6% болып тұр. Байланыста болғандардың 90%-нан вирус табылды. 85 адам жазылып шыққан. Бұл ауырғандардың шамамен 16,6%-ы болып тұр. Бірінші жағдай тіркелгелі бері Алматыда жұғу деңгейі 2 – 58 % аралығында болып тұр. Көпшілігі 13,14 сәуір күндері анықталған. Ауру көрсеткіші толқынды түрде көрініс беріп келеді. Алматыда 6 зертханада ПТР тәсілімен диагностика жасалып жатыр. Олар күніне 1500 зертханалық талдау жасай алады. Қалада инфекциялық стационарларда 800 төсек орын бар. Қазір олардың 54 %-ы ғана толған. 5 адам қайтыс болса, 85 адам жазылып шықты. Оның 4-і бала».

Қытайдан келген медицина мамандары Алматы дәрігерлерінің коронавируспен күрес деңгейін өте жоғары бағалады. Олар диагностика мен емдеу саласының қай саласында жұмысты күшейту керектігіне кеңес берді. «Алдымен байланыста болған адамдарды тап басып анықтау керек. Диагностикалық мүмкіндікті күшейту керек. Алматыда жұқтырған адамдардың тең жартысы медицина мамандары екен. Оларды қорғаныс шараларына үйрету керек» деді қытайлық мамандар.

«Әріптестерімнің пікірімен келісемін. Бас санитарлық дәрігердің тапсырмасымен қаладағы барлық медициналық мекемелер провизорлық режимге көшеді. Барлық медицина мамандары жеке қорғаныс құралдарымен қамтылатын болады. Сондай-ақ ҚР Қорғаныс министрлігінің госпитальдерін қосқанда төсек орынды 1000-ға жеткізе аламыз. Сонымен қатар 280 орынға арналған модульді госпиталь салынып жатыр. Зертханалар талдау мүмкіндігін күніне 3000 тестке жеткізе алады» деді басқарма басшысы Т.Әбілдаев.

Қытайлық мамандар видеоконференция соңында қазақстандықтарға вирусты жеңіп шығуға тілек білдірді. «Вирус шекараны білмейді. Вируспен күресте біздің достығымыз айқындала түспек» деді шетелдіктер.

Фото дереккөзі: Международное радио Китая

Бөлісіңіз