Үкімет дағдарысқа қарсы шараларға бөлген 6 трлн теңгеге жуық қаржы қайда жұмсалады?

Шындыққа жанаспайтын ақпарат
200 қаралу саны

ҚР Үкіметі дағдарысқа қарсы шараларға 5 трлн 938 млрд теңге қаржы бөлді. Бұл туралы ҚР Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов айтты. «Үкімет елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық пен жұмыспен қамтуды қолдауға бағытталған дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруда. Дағдарысқа қарсы шараларға 5 трлн 938 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның 3 трлн 462 млрд теңгесі – республикалық бюджет есебінен, 2 трлн 476 млрд теңгесі – бюджеттен тыс қаражат есебінен» деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Берік Шолпанқұловтың атап өтуінше, Жұмыспен қамту жол картасын қаржыландыруға 1 трлн теңге көзделген. Оның ішінде республикалық бюджет қаражаты есебінен 300 млрд теңге, бюджеттен тыс қаражат есебінен 700 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражат өңірлерге инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға және 250 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

«Бизнес субъектілерінің айналым капиталын 8 пайыз жеңілдікпен кредиттеу және инвестициялық жобаларды жылдық 6пайыз жеңілдікпен кредиттеуді кеңейту аясында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 1 трлн теңге көзделген» деді бірінші вице-министр.

Оның атап өтуінше, 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу үшін, қосымша 390 млрд теңге бюджеттен тыс қаражат жұмсалады. РБ салық кірістерінің шығындарын өтеу және мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындауға 1,7 трлн теңге бөлініп отыр. Шағын, орта және экономиканың зардап шеккен секторларында ірі бизнес үшін салықтар мен алымдарды төлеуден босатуды ұсынуға байланысты жергілікті бюджет шығындарын өтеуге 237 млрд теңге көзделген. 313 млрд теңге әлеуметтік төлемдердің зейнетақылар, жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмектерді 10 пайызғаға дейін қосымша индекстеуге, стипендияларды арттыруға және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша халықтың төлемдерін өтеуге жұмсалады. «Мемлекеттік бағдарламаларды кеңейтуге 240 млрд теңге көзделген. Оның ішінде: агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға 50 млрд теңге; «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша еңбек нарығын дамытуға 50 млрд теңге; «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және кредиттер бойынша кепілдік беруге 84,5 млрд теңге; «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 55 млрд теңге»  деді ол.

Үкімет резервінен коронавируспен күреске 66 млрд теңге бөлінген. «Эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге 125 млрд теңге көзделген. Бұл қаражат медицина және басқа қызметкерлерге қосымша ақы төлеуге, 3 инфекциялық аурухана құрылысына және басқа шараларға жұмсалды» деді ол. Оның атап өтуінше, 575 млрд теңге қосымша шығыстар азаматтар мен экономиканы қолдауға және Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға, Нұр-Сұлтан қаласындағы үлестік құрылыстың проблемалық нысандарын аяқтауға және басқа да басым міндеттерге бағытталған. «Сондай-ақ, коронавирус індетімен күреске Үкімет резервінен 66 млрд 957 млн теңге, оның ішінде Денсаулық сақтау министрлігіне 46 млрд 587 млн теңге бөлінді» деді Берік Шолпанқұлов.

Оның атап өтуінше, аталған қаражат мақсатты бағыттарға жұмсалады және қатаң бақылауда болады. Бұдан басқа, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан Медициналық қызметтер сапасын бақылау комитеті арқылы да көрсетілетін медициналық қызметтерге бақылау жүргізіліп, қадағаланады.

Дереккөз: Орталық коммуникациялар қызметінің тікелей эфирі

Бөлісіңіз