Үкімет отырысы: Қазақстан эпидемиологиялық жағдайды бағалаудың қосымша өлшемшарттарын енгізді

48  812 қаралу саны

Бүгін, 19 маусымда ҚР Үкіметінің отырысы өтіп, онда  ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай туралы толық есеп жасағаннан кейін соңғы аптадағы короновирус инфекциясының таралуы туралы Үкіметке баяндады. Біз тікелей эфирден берілген осы отырыстан дайындалған материалды «Кеткеткет.кз» сайтының оқырмандарына ұсынып отырмыз.

Соңғы аптада коронавирустың симптомсыз жағдайлары 65 пайызға артты

«Қазақстанда коронавируспен ауырған 23 960 науқас тіркелген. Оның ішінде 16 351-і симптоммен және 7 609-ы симптомсыз. 13 716 науқас емін жалғастыруда. 10 139 науқас сауығып шықты, 105 науқас қайтыс болды. Бүгінгі күні тестілеу қуаты 28 мыңға дейін жеткізілді. Барлығы КВИ-ға 1 271 471 тест жүргізілді. Қазақстанда 1 КВИ жағдайына 78 тесттен келеді. Бұл Ресей, АҚШ, Италия, Канада, Аустриядағы тестілеу деңгейінен жоғары, 100 мың тұрғынға шаққанда тест саны 6824-ті құрайды» деді ол.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта тестілеу эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша, профилактикалық мақсатта және эпидемиологиялық қадағалау аясында жүргізіледі. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес зертханалық тексеруге: науқастар мен вирус тасымалдаушылар, ЖРВИ, тұмау, пневмониямен ауыратын науқастар, науқастармен байланыста болған адамдар, стационарлар мен медициналық-әлеуметтік мекемелерге жатқызылған адамдар, медицина қызметкерлері, әскерге шақырылушылар, ҚР аумағына келетін адамдар жатады.

«COVID-19-ға ПТР-тестілеу үшін 56 зертхана жұмыс істейді, тестілеу қуаты тәулігіне 28 000-ға дейін жеткізілді. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысымен айқындалған тестілеуге жататын халықты тестілеумен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында бюджет есебінен қуатты тәулігіне 30 000 тестке дейін, ал мемлекеттік және жеке сектор зертханалар қуаты есебімен жалпы ел бойынша тәулікке 35 мыңға дейін арттыру жоспарлануда» деді Ләззат Ақтаева.

Оның дерегінше, соңғы аптада республикада 5 485 жағдай тіркелді. Өткен аптамен салыстырғанда сырқаттанушылық 1,9 есе өскен. Ауру жағдайларының жалпы санының 44 пайызы байланыста болған адамдар арасында тіркелген, 36 пайызы кәсіптік тексеру жүргізу кезінде анықталды, 19 пайызы ЖРВИ-мен ауырған пациенттер арасында, әкелінген жағдай – 1 пайыз. «Бұл ретте, ауру симптомдары бар жағдайлардың саны 1,3 есе өскен және ауру жұқтырудың жалпы санының 35,5 пайызын, ал симптомсыз жағдай 65 пайызын құрады» деді ол.


Қазақстан эпидемиологиялық жағдайды бағалаудың қосымша өлшемшарттарын енгізді

«Осы аптаның 3 күнінде жағдай қолайсыз болып сипатталады. Осы аптаның 3 күнін өткен аптаның осындай кезеңімен салыстырғанда өсім 1,6 есе болып отыр. Бұл ретте, 15 өңірде аурудың 1,2 еседен 6 есеге дейін өскені байқалады» деді Л.Ақтаева.

Оның атап өтуінше, жағдайды объективті бағалау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық ахуалды бағалаудың қосымша өлшемшарттарын енгізді. «Біріншіден, эпидемиологиялық жағдайдың динамикасы назарға алынады. Бұл жерде біз бұрын пайдаланылған «өсу қарқыны» деген көрсеткіштен арыламыз. Себебі жалпы ауру жағдайларының саны белсенді ауыратын науқастардың санынан өзгеше болған жағдайда, бұл көрсеткіш эпидемияның даму қарқынын толық көлемде көрсетпейді. Біз жағдайды бағалау үшін R – репродуктивті сан көрсеткішін қолданамыз. Яғни коронавирус инфекциясына шалдыққан 1 науқас орташа есеппен ауру жұқтыратын байланыста болған адамдардың саны» деді министр міндетін атқарушы.

Екіншіден, оның айтуынша, шектеу шаралары міндеттерінің бірі науқастар ағынына шамасы келмейтін кезде денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктелуіне жол бермеу болып табылады. Сондықтан екінші өлшемшарт коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастарға арналған бос емес төсек қорының көрсеткіші саналады.

«Сондай-ақ, біз қосымша көрсеткіштерді де ескереміз. Бұл – КВИ-ден болатын өлім-жітім көрсеткішінің өсуі, ауыр және өте ауыр дәрежедегі науқастардың үлесі. Егер R көрсеткіші 1,3-тен асатын болса не ол 1,15-тен 1,3-ке дейінгі диапазонда болса, бұл ретте бос емес төсектер 70 пайыздан артық болса не бос емес төсектердің пайызы репродуктивтік санға қарамастан 90 пайыздан жоғары болса, карантиндік және шектеу шараларын күшейту қажет» деді ол.

Ләззат Ақтаеваның айтуынша, Батыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстары шектеу шараларын бұрынғы көлемде қалдырылуы мүмкін. Бүгінгі күні қосымша қатаңдату шаралары барлық 16 өңірде енгізілді.


Өңірлердің 50 мыңнан астам халқы бар елді мекендерінде қоғамдық орындардың жұмысы тоқталады

«КВИ сырқаттанушылығының өсуін ескере отырып, кеше, 18 маусымдағы ВАК шешімімен Нұр-Сұлтан және Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар, Екібастұз қалаларында алдағы демалыс күндері карантинді күшейтудің қосымша шаралары қабылданды. Атап айтқанда 20-21 маусымда: сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілерінің, жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың қызметі тоқтатылады; қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысы әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, ашық ауада көше форматында ғана рұқсат етіледі; қоғамдық көліктің жұмысы шектеледі; фитнес орталықтарының қызметі тоқтатылады; 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуы шектеледі» деді ол.

Сонымен қатар, оның айтуынша, жоғарыда аталған қалаларға жақын орналасқан туристік аймақтарға кіру жабылады. Сондай-ақ, өңірлердің 50 мыңнан астам халқы бар елді мекендерінде: қоғамдық орындардың жұмысы тоқталады; туристік аймақтарда тұратын адамдарға әлеуметтік қашықтықты сақтау ұсынылады; 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуы шектеледі» деді Ләззат Ақтаева.

Барлық өңір әкімдері науқастарды коронавирусқа тест зерттеуімен қамтамасыз етуі тиіс

«Халықтың медициналық көмекке жүгінуінің өсуі мен халыққа уақтылы және сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдеріне медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды, оның ішінде:

  • жедел жәрдем станциялары мен емханалардағы call-орталықтардың қуатын арттыруды;
  • жедел медициналық жәрдем станцияларының шұғыл және кезек күттірмейтін шақыруларға уақтылы қызмет көрсетуін қамтамасыз етуді;
  • меншік нысанына қарамастан өңірдегі бар ресурстарды тарта отырып, науқастарды коронавирусқа тест зерттеуімен қамтуды қамтамасыз етуді

ұсынамын деді Ләззат Ақтаева.

Сонымен қатар министрдің міндетін атқарушы инфекциялық және провизорлық төсектердің талап етілетін санын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. «Амбулаториялық-емханалық көмек деңгейінде үйдегі пациенттерге сапалы динамикалық бақылауды жүзеге асыруды; медициналық ұйымдар базасында қосымша зертханаларды ашу арқылы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес халықты ПТР-тестілеумен қамтуды кеңейтуді, халықпен белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді ұсынамын» деді ол.


Барлық өңір әкімдері эпидемияға қарсы іс-шараларды қолға алуы қажет

Оның атап өтуінше, эпидемиологиялық жағдайды бақылау және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мақсатында облыстардың, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әкімдері табиғи ошақтар аумағындағы елді мекендерде аса қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларды, эпизоотияға қарсы шараларды ұйымдастыруды және жүргізуді қолға алу тиіс.

  • Инфекциялық аурулар ошақтарында эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шараларды уақтылы жүргізуді;
  • Ұлттық егулер күнтізбесіне сәйкес егілуге жататын халықты вакцинациялаумен уақтылы қамтуды;
  • инфекциялық аурулардың табиғи ошақтары аумағында тұратын халықтың арасында олардың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді

тапсыруды сұраймын» деп өтінді ол Үкімет басшысы Асқар Маминге қарата айтқан сөзінде.

Дереккөз: ҚР Үкімет отырысынан тікелей эфир

Бөлісіңіз