Әуе рейсін азайту, 1 млн адамға тегін дәрі мен 2 айлық қор. Індет қаупіне дайындық қалай жүргізіліп жатыр?

53 қаралу саны

Бүгінгі Үкімет отырысы елде коронавирус індетімен күрес мәселесі күн тәртібінен түспейтінін айқындап берді. Қазақстанда ЖРВИ жұқтыру көрсеткіші бәсеңдегенімен, коронавирус қаупі әлі сейілген жоқ. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша халықтың босаңсып, карантин режимін бұза бастағаны алаңдатып отыр.

Алексей Цой: Қазақстанға келетін әуе рейстерін азайту керек

Үкіметте елдегі эпидемиологиялық ахуал жайлы сөз бастаған Алексей Цой Қазақстанда жаңа оқу жылы басталғалы бері 104 оқушы коронавирус жұқтырып алғанын мәлім етті. Оның 33-і – кезекші сыныптарда оқитын балалар. Індет шарпыған балалармен қарым-қатынаста болған 550 адам анықталып, оның ішінде 7 адамнан коронавирус анықталған. 71 бала – қашықтан оқып жүріп жұқтырып алған оқушылар. Олармен қарым-қатынаста болған 240 адам анықталып, олардың ішінен де 15 адамның індетті жұқтырғаны белгілі болған. Министрдің айтуынша, егер оқушылардың бәрі де жаңа оқу жылында офлайн режимде оқуын бастап кетсе коронавирус жұқтырған балалармен қарым-қатынаста болған адамдардың саны 1500-ден асып, бұл жағдай оқушылардың, мектеп персоналы мен ата-аналардың жаппай індет жұқтыруына әкеліп соғар еді. Осыған байланысты Алексей Цой аймақ басшыларынан коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін қажетті шаралардың бәрін де қабылдауды өтінді.

Алексей Цой қауіпсіздік шаралары бойынша аймақ басшыларынан түсіндіру жұмыстарын күшейтуді сұрап отыр.

«Елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуымен бірге халықтың сақтығы әлсіреп бара жатқанын байқап отырмыз. Маска тағу мен әлеуметтік қашықтық режимі сақтала бермейді. Осының салдары елде коронавирус жұқтырған азаматтардың санының артып, карантин шараларын күшейтуге алып келуі мүмкін. Қазір мұндай жағдайды бірқатар мемлекеттен көріп отырмыз. Аймақтарға бұған дейін бірқатар рейд жүргізілген. Сол рейдтерден байқағанымыздай, карантин режимінің әлсіреуімен бірге карантин тәртібін бұзу жағдайлары 34 пайыздан 47 пайызға дейін артты. Карантин тәртібін бұзу жағдайы он өңірде байқалды. 5-27 қыркүйек аралығында маска режимін сақтамағаны үшін 1130 адам жазаланды. Осыған байланысты аймақ басшылары нысандарда маска режимінің сақталуын қадағалап, елге түсіндіру жұмыстарын күшейтсе дейміз» деді ол.

Расында да қауіптің қыр астында екенін әлем елдеріндегі ахуалға қарап-ақ байқауға болады. Мәселен қазіргі уақытта коронавирус инфекциясын жұқтыру және одан келген өлім бойынша әлемдік жағдай күрделеніп кеткен. Еуропа мен Азияның бірқатар мемлекетінде ауруды жұқтыру жағдайы артып барады. Өткен аптада ғана коронавирусты жұқтыру жағдайы Италияда, Германия, Беларусь, Түркия және Еуропаның тағы басқа елдерінде байқалған. Ресейде індетті жұқтыру көрсеткіші 0,6-0,7 пайызға өскен. Бұл – Қазақстандағы көрсеткіштен 10 есе көп. Алексей Цойдың мәліметінше коронавирус қайта өршіп кеткен елдерде карантин қайтадан енгізіліп жатыр. Яғни коронавирустың алдын алудың бірден-бір тиімді жолы – карантин екенін осы жағдай көрсеткен.

Осындай мәліметтерді келтіре отырып, Алексей Цой елде коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін Үкіметке бірқатар шара қабылдауды ұсынды.

«5 қазаннан бастап басқа елдермен қосымша әуе қатынастарын жандандыруды тоқтату ұсынылады. Сонымен бірге, бүгінге дейін әуе қатынастары ретке келтірілген елдермен әуе рейстерін арттырмауды, одан бөлек Түркия Республикасына рейстер санын азайтуды ұсынамыз. Екінші санатқа жататын мемлекеттерден келетін адамдарға келесі талаптарды міндеттеу керек: термометрия, анкеталау, коронавирус бойынша тесттен өткені туралы мерзімі көрсетілген анықтама (3 тәулік бұрынғы). Анықтама болмаған жағдайда келген адамдар карантиндік стационарларда екі аптаға дейін оқшауланады» деді Алексей Цой Үкімет отырысында.

Сонымен қатар, министр дәл осы талаптарды шекаралық бекеттер арқылы елге кіретін адамдарға қолдануды сұрады.

Министр қазіргі уақытта коронавирус инфекциясының қайтадан өршіп кетуіне жол бермеу үшін біріншіден, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылданғанын айтады. Аймақтар дәрі-дәрмектің 91 түрі бойынша құны 14 миллиард теңгелік қосымша өтініш жасаған. Коронавирус бойынша дәрі-дәрмек қоры жиналған. Жоғарыда аталған соманың 11,4 млрд теңгелік дәрі-дәрмегі тиеліп, аймақтарға жеткізіліп те қойыпты. Аймақтардың бәрінде қажетті дәрі-дәрмектер бойынша құны 13 млрд теңге болатын қосымша тұрақтандыру қорлары құрылып, амбулаториялық деңгейде берілетін дәрі-дәрмектің тізімі ұзартылған.

Министрдің айтуына қарағанда коронавирусты үйден емдеу үшін 1 миллион адамға жыл соңына дейін тегін дәрі-дәрмек қарастырылған.

Карантин тәртібін бұзу фактілері әлі де тіркеліп жатыр

Үкіметте сөз сөйлеген Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев құқық қорғау органдары елде карантин режимін күшейтуге дайын екенін мәлімдеді. Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша қазіргі таңда министрлік денсаулық сақтау саласының органдарына карантиндік және шектеу шараларының сақталуына көмектесіп келеді. Бұл мақсатта күн сайын 10 мыңнан аса полицей, Ұлттық ұлан сарбаздары мен волонтерлар жұмыс істеуде. Екі облыстағы бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, екі аймақта төрт блок-пост пен екі санитарлық пост қойылған. Сонымен бірге полиция 299 карантин нысанын бақылауда ұстап отыр. Сонымен бірге, медициналық мекемелердің сұрауы бойынша коронавирус жұқтырған азаматтармен байланыста болған азаматтар анықталуда.

Бұған дейін полиция қызметкерлері денсаулық сақтау саласының мамандары және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірге ел ішінде 5 мыңнан астам бірлескен рейд жүргізген. Осының арқасында карантин режимін бұзудың 28 мың жағдайы анықталған. Оның 4600 жағдайы сауда орталықтарында, дүкендер мен базарларда тіркелсе, 1700 факт мейрамханалар мен басқа да тамақтану орындарында болған.

«Қоғамдық тәртіпті бақылау жүргізу барысында полиция қызметкерлері карантин режимінің өрескел бұзылуының 15 мың жағдайын – тойлар мен еске алу шараларының өтіп жатқанын, демалыс орындарының жұмыс істеп тұрғанын анықтады» деді Ерлан Тұрғымбаев.

Оның мәліметінше бұған дейін дәрі-дәрмек пен медикаменттердің заңсыз сатылуының 933 фактісі тіркелген. Заңсыз айналымнан 98 мың медициналық аппарат қаптамасы, жарты миллион маска, 41 мың дана медициналық қолғап пен басқа да медициналық бұйымдар тәркіленген. Полиция бұл істерге қатысты 605 адам жеткізілген. Оның 349-ы – медицина саласының қызметкерлері болып отыр.

«Ескертулерге қарамастан карантин режимін бұзып ұсталып жатқандар бар. Мәселен елордада қыркүйектің 25-нен 26-на қараған түні жұмыс істеп тұрған 4 түнгі клуб анықталды. Олардың бірінен ғана тексеру кезінде 65 адам анықталып, олардың бәрі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Дәл осындай жағдай Алматыда да тіркеліп, ол қалада 5 түнгі клубтың жұмыс істегені белгілі болды. Олардың бәрі де жабылып, жауапты адамдардың бәрі де жазаланды» деді Ерлан Тұрғымбаев.

Екі айлық дәрі-дәрмек қоры жасақталды

COVID-19 індетінің өршу қаупінің ықтималдығына байланысты дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жасалған. Бұл туралы «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев мәлім етті.

«Бүгінге дейін аймақтар жалпы құны 16,6 млрд теңге болатын қосымша қажетті дәрі-дәрмекке өтінім берді. 22 шілдеден бастап біз бүкіл медициналық ұйымда, инфекциялық және провизорлық стационарда дәрі-дәрмектің бір айлық қорын қалыптастыру туралы шешімге келген едік. Бұл шара стационарларда қорларды құрып, дәрі-дәрмек бойынша қауырт қажеттілікті жабуға көмектеседі» деді Ерхан Есқалиев.

Оның айтуынша амбулаториялық деңгейде берілетін дәрі-дәрмектің тізімі де кеңейтілген. Ауруды жеңіл көтеретін азаматтар емханалардан ыстық түсіретін дәрілер мен антикоагулянттарды ала алады.

«Бүгінгі күні азаймайтын қалдық бойынша екі айлық қор қалыптастырылды. Құны 8,2 млрд теңгеге COVID-19 ауруына қарсы қажетті дәрі-дәрмектің 44 түрі сатылып алынуда. Ол бір ай бойы алты мың науқасты стационарларда емдеуге жетеді. Азаймайтын қалдықтың көлемі аймақтардың сұранысына қарамай жиналғанын атап өткім келеді. Коронавирустың екінші толқыны туындаған жағдайда ол қажеттілікті жауып береді. Дәрі-дәрмек көлемі хабтарда сақталады» деп атап өтті ол.

Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов медицина ұйымдарын медициналық құрал-жабдықтарымен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып берді. Оның сөзіне сенсек медициналық маскалар өндіретін отандық кәсіпорындар тәулік сайын 900 мың маска шығарады. Бүгінгі күні қоймаларда 15 млн маска бар. Оның ішінен 10 млн маска «СҚ-Фармация» ЖШС-на келісім негізінде жеткізілуде. Сондай-ақ кәсіпорындар тауарды жөнелтуге дайын. Ал медициналық қолғаптар өндірісі бойынша күн сайын 330 мың жұп қолғап шығарылады. Қоймаларда қазіргі күні 7 млн жұп қолғап бар. Осы жылдың қарашасында қуаты тәулігіне 530 мың жұпқа дейін ұлғайтылады.

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласының медициналық мекемелеріне 129 өкпені жасанды желдетудің стационарлық аппараты жеткізілген. Өндірісте және стендтік сынақтарда 1 190 ӨЖЖ аппараты бар. Оның 181-і жөнелтуге дайын. 1 қазаннан бастап Алматы және Шымкент қалаларына жеткізу жоспарланып отыр. Қалған аппараттар осы жылдың 10 қазанына дейін еліміздің 17 өңіріндегі 297 ауруханаға жеткізіледі.

«Еліміздің фармацевтика саласының 33 компаниясы жылына 3,9 млрд таблетка мен капсула, 922 дәрі препаратын өндіреді. Пандемияның екінші толқыны жағдайында фармацевтика саласындағы кәсіпорындар дәрілердің қажетті бөлігін қамтамасыз етуге дайын» деді Бейбіт Атамқұлов.

Қазақстанда санитариялық талаптар күшейтіледі

Үкімет мүшелерінің баяндамасын тыңдаған Премьер-министр Асқар Мамин елде коронавирус инфекциясының қайтадан өршіп кетпеуі үшін бірқатар шара қабылдауды тапсырды.

«Жалпы елдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақталды. Вирустың репродуктивтік деңгейі 0,93 құрап отыр. Бұл қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді. Дегенмен әлемде және бірқатар шекара маңындағы елдердегі эпидемияның тұрақсыздығын ескеріп, біз санитариялық талаптарды сақтау шараларын күшейтуіміз қажет», – деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы жауапты министрліктерге мына мәселелерге назар аударуды тапсырды.

«Біріншіден, мүдделі мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктері санитариялық-эпидемиологиялық іс-шаралардың 100 пайыз дайындығын қамтамасыз етсін. Денсаулық сақтау министрлігі көшпелі медициналық кешендер мен жедел жәрдем автокөліктерін, қажетті техника мен жабдықты, жеке қорғану құралдарын сатып алуын қамтамасыз етіп, оларды 15 қазан айына дейін өңірлерге беру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдасын. Екіншіден, Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірге санитариялық талаптардың сақталуын бақылайтын мониторинг топтарының жұмысын күшейтсін» деді ол.

Асқар Мамин сонымен қатар санитариялық режимді бұзудың кез келген жағдайының жолын кесу қажеттігін ескертті.

«Үшіншіден, Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақстанға келетін азаматтарды санитариялық-карантиндік бақылауға алуды күшейту жөніндегі ұсыныстарын Ведомствоаралық комиссияда қарауды тапсырамын. Төртіншіден, Денсаулық сақтау министрлігі, «СК-Фармация» және әкімдіктермен бірлесіп, медицина ұйымдарында және дәріханаларда дәрілік заттардың және жеке қорғану құралдарын болуын қамтамасыз етсін. Өңірлерде дәрілік препараттардың бағаларына бақылау жүргізу қажет» деп түйді Премьер-министр.

Бөлісіңіз