Өкпені жасанды желдету аппараттары, қорғану костюмдері және маска өнімдерін отандық кәсіпорындар шығара бастады

295 қаралу саны

Қазақстан түрік және қытай серіктестерімен бірге өкпені жасанды желдету аппараттарын шығаруды қолға алмақ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты.

«Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша 6 айда өкпені жасанды желдету аппараттарына қажеттілік 132 дананы құрайды. «Көкшетау-4П» мобильдік аппараттары «Тыныс» акционерлік қоғамы базасында өндіріледі. Бүгінде 380 бірлік өкпені жасанды желдету аппараты шығарылды. Оның ішінде 164 бірлік жөнелтуге дайын, 216 бірлік зауыт сынақтарынан өтуде. Қалған 200 бірлік осы жылдың шілде айының соңына дейін тапсырылады. Стационарлық аппараттарды қосымша шығару мақсатында түрік және қытай серіктестерімен өндірісті игеру жүргізілуде» деді министр.

Оның атап өтуінше, «БАРК Технолоджи» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазақстандық жоғары технологиялық жоба әзірлеуде.

«Осы жылдың шілде айының соңына дейін компания өз әзірлемелерін аяқтайды және ақысыз негізде ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне тестілеу үшін 20 аппарат береді. Қалған 112 бірлік осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында шығарылады. Айта кету керек, «Қазмедқұрылғы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «ОралМедӨңір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкпені жасанды желдету аппараттарын шығаруға барлық техникалық базасы бар және олар қажетті өнім шығаруға дайын» деді Бейбіт Атамқұлов.

Осы ретте ол фармацевтикалық саладағы мемлекеттік қолдау шараларының бірі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында ұзақ мерзімді шарттар жасасу екендігін баса айтты.

«Сондай-ақ отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында жергілікті атқарушы органдарды отандық кәсіпорындардың өнімдеріне баса назар аударуды сұраймыз. Бұл біздің кәсіпорындарға өндірістік қуаттарды арттыруға және жаңа өндірістерді іске қосуға серпін береді» деді министр.

Осы жылдың соңына дейін қорғану костюмдерін шығаратын 3 кәсіпорын іске қосылады. «Медициналық қолғаптарға қажеттілік 83,7 млн жұп қолғапты құрайды. Қазіргі уақытта екі кәсіпорын тәулігіне 330 мың жұп қолғап шығарады. Әрі қарай біз өндіріс көлемін тәулігіне 460 мың жұпқа дейін арттыруды жоспарлап отырмыз» деді ол.

Оның дерегінше, 6 айға қорғану костюмдерінің қажеттілігі 1,3 млн дананы құрайды. Өндіріс көлемін арттыру үшін осы жылдың соңына дейін 3 жаңа кәсіпорынды іске қосу жоспарланған.

«Бұл шаралардың барлығы қорғану костюмдерін өндіру көлемін айына 800 мың данаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді» деді Бейбіт Атамқұлов.

Биыл Қазақстанда медициналық маска шығаратын 4 кәсіпорын ашылады. «Ішкі нарықты жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында отандық өнімдерді шығару бойынша өндірістік қуатты ұлғайтуды жалғастырып жатырмыз. Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша 6 айға маскаға деген қажеттілік 111,2 млн дананы құрайды. Бүгінгі таңда 9 отандық кәсіпорынның қуаттылығы тәулігіне 490 мың дана медициналық маска шығаруға мүмкіндік береді. Өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында осы жылдың соңына дейін 4 жаңа кәсіпорын ашуды жоспарлап отырмыз» деді Б. Атамқұлов.

Министрдің айтуынша, осы жобаларды іске қосу және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндіріс көлемін ұлғайту тәулігіне 1,1 млн дана маска шығаруға мүмкіндік береді.

«Тұтастай алғанда, халықтың маскаға деген қажеттілігі осы кезеңде – 144 млн дана. Бүгінде барлық маскалардың тәулік сайынғы көлемі 413 мың дананы құрайды. Халықты қажетті маскалар санымен қамтамасыз ету үшін біз тігін кәсіпорындары есебінен көп мәрте қолданылатын, алдын алу, қорғау маскаларының өндіріс көлемін тәулігіне 800 мың данаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз» деді министр.

Оның дерегінше, жергілікті атқарушы органдар тігін кәсіпорындарымен көп мәрте қолданылатын маскалар қорын құру бойынша жұмысты бастап кеткен.

Дереккөз: ҚР Үкіметінің отырысынан тікелей эфир

Бөлісіңіз