1 млн-нан астам қазақстандыққа азық-түлік және тұрмыстық жиынтық үшін төлем беріледі

199 қаралу саны

1 млн-нан астам қазақстандыққа азық-түлік және тұрмыстық жиынтық үшін төлем беріледі, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

«ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шілде айында азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін қаражат төлеуді көздейтін бұйрықты әзірлеп, қабылдады. Қазақстандықтар 20 шілдеден бастап айдың соңына дейін банк картасына төлем ала бастайды» делінген хабарламада. Бұйрық күшіне енген кезде төлем 5 әлеуметтік топқа жататын азаматтарға беріледі. Жергілікті атқарушы органдар қолда бар деректер негізінде азық-түлік және тұрмыстық жиынтық алуға тиісті адамдардың тізімін жасайды. Содан кейін шілде айына, яғни шектеу шараларының қолданылу кезеңінде алушыларға сомасы 2 АЕК мөлшерінде төлем жіберіледі.

5 әлеуметтік топ:

  • атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар;
  • медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар;
  • медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, барлық жастағы I, II, III топтағы мүгедектер;
  • мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдар;
  • жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тіркелген жұмыссыз азаматтар жатады.

Бұған дейін хабарланғандай, коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін азайту мақсатында адамдардың тікелей байланысын болдырмау үшін азық-түлік және тұрмыстық жиынтықты 2 АЕК-тен кем болмайтын мөлшерде алушылардың банк картасына аударылған төлемге ауыстырылды.

Дереккөз: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Бөлісіңіз