Төтенше жағдайдағы – төтенше жауапкершілік

Фото для статьи: Төтенше жағдайдағы - төтенше жауапкершілік
259 қаралу саны

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі мәлімдемесі сыни кезеңді басынан өткеріп отырған қазіргі қоғамға үлкен қолдау болды. Президенттің осы мәлімдемесіне еліміздегі сарапшылар, қайраткерлер өз пікірін айтып, ойларын ортаға сала бастады. Солардың бірі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі қаламгер Сауытбек Абдрахманов. «ҚазАқпарат» ХАА Президент мәлімдемесіне қатысты қоғам қайраткерінің пікірін қаз-қалпында оқырманға ұсынады.

«Жүре берсең, көре бересің» деуші еді. Мұны да көрдік. Жарты жылға да жетпейтін уақыттың ішінде жер-жаһан бір тарының қауызына сыйды да кетті. Баяғы Нұқ пайғамбар кемесінің күйіне келдік те қалдық. Түпсіз-шексіз Галактикадағы мыңдаған жұлдыздардың бірі ғана саналатын Күн жүйесіндегі тоғыз планетаның бірі ғана болып табылатын Жер атты ортақ кемеге мінген адамзат керуенінің жолаушылары қазір о бастағы тең жаралған қалпына жақындады да қалды. Миллиардерді де, қайыршыны да көзге көрінбейтін, жүргені білінбейтін жаумен бетпе-бет келтіріп, халі бірдей қорғансыз етіп қойған Құдіретке айтар сөз жоқ тіпті.

Құдіретке айтар сөз жоқ. Халыққа айтар сөз бар. Алдыңғы күнгі кеште сол сөз айтылды. Біздің күткен сөзіміз. Мемлекет басшысының Мәлімдемесі – ерекше кездің ерекше сөзі.

Ел басқарған адамның еңселілігі осындай сын сағатта көрінер еді. Көрінді. Әр нәрсені өзінің атымен атау керек. Бұл сын сағат қана емес, бұл – өзінше бір соғыс. Бүкіл адамзат бірігіп алып, ортақ жаумен шайқасып жатқан соғыс. Қолға жұғылып жүріп-ақ сағат сайын ел-елде, жер-жерде жүз-жүздеген жандарды жұтатын жалмауызбен күн демей, түн демей жалғасатын жаһандық айқас. Қазіргі кезеңге тап осылай қарамасақ болмайды. Бұл соғыста біз адамзатты, елімізді, халқымызды, туысқандарымызды, бауырларымызды, ата-анамызды, жан-жарымызды, балаларымызды, немерелерімізді, шөберелерімізді, өзімізді, бізге бір-ақ рет берілер өмірімізді, көрер күнімізді, жұтар ауамызды қорғап шайқасамыз. Шайқасуға тиіспіз. Шайқаспасақ шалқамыздан түсеміз. Батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дертпен мылтықсыз майданда қарусыз қалып қоюға болмайды.

Біздің басты қаруымыз – төтенше жағдайдағы төтенше жауапкершілігіміз.

Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін Қазақстанда коронавирус кеселіне байланысты төтенше жағдайдың дер кезінде жарияланғанына көзіміз жете түсті. Вирустың жаппай таралуына жол берілмейтініне үміт ояна түсті. Ахуалды бақылауда ұстап отырғанымызға, ең бастысы – алда да ұстай алатынымызға сене түстік. Осының өзі – олжа. Сенім – ұлы күш.

Президент қазірдің өзінде әлемнің 177 мемлекетін шарпып үлгерген коронавирус індетінің бізде де таралуына орай еліміздің барлық өңірлерінде карантинді күшейтуді тапсырды. Сабыр сақтап, түсіністік танытқан туған халқына алғысын айтты. Адам өміріне араша түсіп жатқан дәрігерлерді бейбіт күннің батырлары атады. Елді дүрбелеңге түспеуге, дүрлікпеуге шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі төтенше жағдай режимінің экономикалық және әлеуметтік салдарын жоюдың жолдарын нақты нұсқауымен, кейінге қалдырмайтын мәселелерді шешіп беруімен де құнды.

Негізгілерін атап-атап айтып көрейік.

Індетпен күрестің алғы шебінде, өз денсаулығын тәуекелге тігіп жүрген ақ желеңді жандарға үш айға дейін қосымша үстемақы төленетін болып отыр. Оның алды айына миллион теңгеге дейін баратыны бұдан бұрын айтылған.

Зейнетақы да, жәрдемақы да, атаулы әлеуметтік көмек те инфляцияға сәйкес индекстелінетін болды. Бұл мақсатқа 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінгелі жатыр. Ең төменгі жалақы мөлшеріндегі көмек ендігі жерде өз бетінше жұмыс істеп жүргендерге де көрсетілмекші. Жалпы, еліміз бойынша 3 миллионға жуық адамға қолдау жасалмақшы. Бұл айтуға ғана оңай. Біздегі 18 миллион халықтың шамамен 10 миллиондайы ересектер десек, еңбек етер жастағы әрбір үшінші адамға қосымша қаражат беріледі. Тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтардың қатары көбейеді.

Президент көктемгі егіс науқанына қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Диқандарға жанармайды жеңілдікпен сату ойластырылатынын айтты. Коронавируспен жағаласып жүріп, егістің уақытын өткізіп алсақ немесе осы істі қалай болса солай ұйымдастырсақ, онда жағдайымыз шындап қиындауы мүмкін еді. Азық-түлік қауіпсіздігі – стратегиялық мәселе.

Осы күрделі кезеңде экономиканың ең көп зардап шеккен салаларындағы шағын және орта бизнес субъектілері алты айға еңбекақы қорынан төленетін салықтан босатылғалы отыр. «Кәсіпкерлерге көмек көрсетуіміз керек. Өйткені, олар – экономикамыздың тірегі», деді Тоқаев.

Президенттің «Дәл осы кезде халық мемлекетке қолдау көрсетуі керек» деген сөзіне ерекше көңіл бөлуге тиіспіз. Вирус мемлекеттің мығымдығын сынаққа салып жатыр. Мысалы, алдымен Қытайды сынаққа салып еді, Қытай сынақтан абыроймен шықты. Алысып, арпалысып жүріп, ақыры індетті жеңді. Қалай жеңді? Тек экономикасының нықтылығымен, медицинасының мықтылығымен жеңген жоқ. Ең алдымен мемлекетшіл сананың мықтылығымен, халықтың тәртіптілігімен, сақтығымен, жинақылығымен, жауапкершілігімен жеңді. Бірлігімен, елдігімен жеңді. Жөн сөзге көнетін, мемлекетіне сенетін халық екенін көрсетті. Солай етсек, шыдамдылық, төзімділік және жауапкершілік танытсақ, қазақы бейқамдықтан құтылсақ, сақтанғанды сақтайтынын ұғынсақ, бұл індетті біз де жеңеміз.

Бұл міндетті шешу оңай болмайды деп айту тіпті жеткіліксіз, қиынға түседі деп айту да жеткіліксіз, бұл міндетті шешу бізге өте қиынға түседі. Бірақ өте қиынға түседі деген сөз шешілмейді деген сөз емес қой. Өте қиындықпен шешіледі деген сөз ғой! Сол қиындықтарға шыдас берсек болды ғой!

Мәлімдемені теледидардан жария еткендегі Тоқаевтың тастүйін тұрысы, әр сөзін шегелеп айтқан шешімді келбеті түбі осылай боларына сендіре түседі. «Басты тойларымыз әлі алда» деді Президентіміз. Айтқаны келсін! Айтқанын келтірейік!

Дереккөз сілтемесі: inform.kz, sputniknews.kz

Бөлісіңіз