Айдын Рахимбаев: хейтерлер бетімен жер басады

Айдын Рахимбаев: хейтерлер бетімен жер басады
164 қаралу саны

Біз осыдан он шақты күн бұрын  COVID-19 вирусын жұқтырғандарды жатқызуға арналған госпиталь құрылысының басталғаны туралы Кеткеткет.кз сайтымызда жазған болатынбыз. Онда BI Group құрылыс компаниясы бұл нысанды 10-12 күнде аяқтауды жоспарлап отырғанын және ол үшін 500-ге жуық құрылысшы 3 ауысыммен тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын хабарлағанбыз.

Екі аптаға жетпейтін уақыт ішінде бұл өте қажетті медициналық объектінің құрылысы аяқталғаны туралы ақжолтай хабар келіп жетті. BI Group құрылыс компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев өзінің Инстаграм парақшасында астаналық госпитальдің коронавирус індетімен ауырғандарды қабылдауға дайын екенін жазыпты. Тек медициналық құрал-жабдықтарды реттеу ғана қалған.

Инстаграм парақшасында ірі құрылыс компаниясының басшысы диванда жатып алып, ақыл соғатын сарапшылардың жобаның өзіндік құны өсірілгендігі туралы қауесеттеріне сенбеуге шақырды. Ол ертең миллиардтардың қайда жұмсалғаны туралы егжей-тегжейлі ашық жазатынын мәлімдеген. Сол кезде хейтерлер бетімен жер басатынын да қадап айтқан.

Айта кетер болсақ, Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында салынған үш ауруханаға 14,8 миллиард теңге бөлінген. Айдын Рахымбаев сонымен бірге жақын күнде Алматыдағы аурухана құрылысы да мәресіне жететінін хабарлаған.

Еске сала кетейік, 3 сәуірде ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия Қазақстанның үш ірі қаласында жұқпалы аурулар ауруханаларын салуды ұйғарған еді. Құрылыстың басталғанын былай қойғанда, ойға алынған күннің өзінен бастағанда жарты ай уақыт өтпей жатып пайдаланылуға берілгелі жатқан аурухананы салып бітірген құрылысшылар – нағыз батырлар. Рахмет сіздерге, құрыш қолды құрылысшылар!

Фото дереккөзі: newtimes.kz

Кнопка домой
Бөлісіңіз