Айман Омарова: Коронавирус құқықтық нигилизм проблемасының бетін ашып берді

258 қаралу саны

Бүгін, 24 шілдеде «Адал көмек» жобасының жетекшісі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айман Омарова «Antikor LIVE» жобасында қазір халықтың құқықтық сауатын арттыру ісі өте маңызды екенін айтты.

«Мен өз жұмысымда қазақ тілді ортаға көп назар аударғым келеді. Әлбетте, мен ол ортадан шеттегім келмейді. Бірақ ақпараттық алаңда орыс тілінде мәлімет, ақпарат тым көп болса, қазақ тілінде ондай мүмкіндік мол деп айта алмаймыз. Ауылдағы азаматтармен тіл табысу өте қиын. Жалпы құқықтық сауатқа қатты әсер ететін фактордың бірі – компьютерлік сауат екеніне көзім жетті. Цифрландырумен бірге халықты компьютер тілін меңгеруге үйрету керек. Кейде бұл тұрғыда жұмысымды қалай жалғастырамын деп ойлаймын. Кей азаматтармен сөйлесіп отырып, олар менен «фейсбук деген не?» деп сұраған кезде не деп жауап берерімді білмей қаламын. Амал жол, кешке отырып, телефонмен бәрін түсіндіруге тура келеді» дейді Айман Омарова.

Адвокат қазір қоғамда коронавирус көп мәселенің бетін ашып жатыр деген пікірге қатысты ойын қосты. «Біздің жағдайда коронавирус құқықтық нигилизм проблемасының бетін ашып берді. Адамдардың бәрі де проблема жоқ кезде бәрі өз қалпында тұра беруі керек ойлайтын секілді. Олай емес. Адамдар өз құқығын бала кезден білуі тиіс. Азаматтар өз құқығын бала кезден білсе, құқықбұзушылық аз болады, екіншіден, олар басына іс түскен кезде қайда бару керектігін біледі. Ауылдағы азаматтар қайда барарын білмейді. Білмегеннен кейін проблема туындай береді. Бірнеше ай бұрын маған түннің бір уағында бір әйел қоңырау шалып «әлгі бұрынғы күйеуім алимент төлемейді, өлемін» дейді. Амал жоқ, ондайда психолог болып кетеміз» деді Айман Омарова.

Хабарды мына жерден көре аласыздар:

Бөлісіңіз