Айжан Есмағамбетова: Өңірлік ведомствоаралық штаб елді мекенде карантиндік шараларды күшейте алады

7  945 қаралу саны

Бүгін, 4 шілдеде ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде кезекті баспасөз мәслихатын өткізіп, көптеген сұрақтарға жауап берді. Біз «Кеткеткет.кз» сайтының оқырмандарына кейбір мәселелер төңірегінде айтқан ойларды беріп отырмыз.

Атырау, Алматы, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында COVID-19 өршіп тұр. «Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясымен сырқаттану бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты емес. 2020 жылдың 4 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда COVID-19 ауруының 45 719 жағдайы тіркелді. Бүгінгі күні аурудың симпомсыз және жеңіл өтуі 21 819 пациентте байқалады. Аурудың орташа дәрежеде өтуі 23 645 байқалып отыр. 15 276 науқас ауруханадан емделіп шықты. 30 219 науқас ем алып жатыр», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында. Оның атап өтуінше, соңғы айда коронавирус инфекциясымен ауырған адамдардың көпшілігі Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының, Атырау, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарының тұрғындары арасында байқалады. «Соңғы тәулікте 1 644 жұқтыру жағдайы тіркелді. Көпшілігі Атырау, Алматы, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының және Алматы қаласының тұрғындары арасында тіркелген. 4 шілдедегі жағдай бойынша ауырған адамдардың жалпы санының 42 пайызы профилактикалық тексеру кезінде анықталған. 37 пайызы байланыста болған адамдардың арасында шықты. 19 пайызы өздігінен жүгіну кезінде және 2 пайызы сырттан келгендердің арасында табылды» деді Айжан Есмағамбетов.

Ертеңнен бастап қаламаңы жолаушылар пойыздарының қозғалысы тоқталады. «COVID-19 ауруының бақылаусыз өсуіне жол бермеу және денсаулық сақтау жүйесінің жүктемесін азайту мақсатында Мемлекеттік комиссия осы жылғы 5 шілдеде 00-00 сағаттан бастап 14 күндік қатаң шектеу карантиндік шараларын енгізу туралы шешім қабылдады» деді ол. Осыған байланысты 3 шілдеде ҚР ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 44-ші қаулысы шықты. «Қаулыға сәйкес, өңірлер арасында әуе қатынастарының саны мен рейстер жиілігі арттырылмай сақталады. Жолаушыларды темір жол көлігімен тасымалдау қысқартылады. Қаламаңы жолаушылар пойыздарының қозғалысы тоқтатылады. Жолаушылардың жалпы вагондары жасақталмайды»  деді Айжан Есмағамбетова.


Венгриядағы Қазақстан студенттерінің елге келуіне ешқандай кедергі жоқ. «Әуе кемелерінің ұшып келу кестесінде Визар әуе компаниясының Будапеш -Нұр-Сұлтан бағытындағы рейсі 5 шілде күні сағат 21-35-те келетіндігі жоспарланған. Яғни, біздің тарапымыздан Будапеш қаласынан студенттердің келуіне ешқандай шектеу қойылмайды» деді Бас санитар дәрігер.

Сонымен қатар ол ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 2020 жылғы 24 маусымдағы 42-қаулысына сәйкес, елдердің санаттарына және халықаралық әуе рейсімен келетін жолаушыларға қатысты шектеу шаралары 3-санатқа бөлінгенін айтты. Бірінші санатқа Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Грузия, Таиланд, Венгрия, Үндістан, Германия, Чехия, Малайзия кіреді. Бұл елден келетін жолаушылардан тек термометрия мен сауалнама алынады. Екінші санатқа Түркия, Мысыр, Украина, Польша, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және үшінші санат елдерінен тұрақты емес эвакуациялық және чартерлік рейстермен келетін жолаушыларға термометрия, сауалнама жүргізіледі. Бұл ретте 2-санаттан келген жолаушыларда 5 тәуліктен аспайтын уақыт өткен ПТР-әдістемесімен зертханалық теріс нәтижесі бар анықтамасы болса шектеусіз жүре алады.

«Ал анықтама болмаған жағдайда ұшып келген күннен бастап 48 сағат ішінде ПТР тестінен міндетті өтуі туралы хабарлама беріледі немесе олар 14 күнге үй карантиніне орналастырылады»  деді Айжан Есмағамбетова.

Өңірлік ведомствоаралық штаб елді мекенде карантиндік шараларды күшейте алады. «Қазіргі кезде коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақты емес. Өңірлер арасындағы әуе қатынасы бұрынғы деңгейде қалады. Әуе рейстерінің бағыттары мен жиілігі артпайды. Жолаушыларды темір жол көлігімен тасымалдау қысқартылады. Қаламаңы қатынасы және жалпы вагондарды жасақтау тоқтатылады. Қалааралық автобустармен тасымалдау тыйылады» деді Бас санитар дәрігер.

Оның атап өтуінше, қатаң шектеу шараларын іске асыру кезінде жағдайға тұрақты мониторинг және қабылданатын шаралардың тиімділігіне бағалау жүргізіледі. «Бұл ретте нақты өңірдегі қалыптасқан эпидемиологиялық жағдай ескеріле отырып, ведомствоаралық штабтардың шешімімен елді мекендерде карантиндік шаралар күшейтілуі мүмкін» деді Айжан Есмағамбетова.

Елімізде ұшақ пен пойыз жолаушылары арасында коронавирус жұқтыру жағдайлары болған жоқ. «Бүгінгі күні темір жол көлігімен немесе әуе рейстерімен қатынаған жолаушылардың арасында коронавирус жұқтыру жағдайлары тіркелген жоқ» деді Бас санитар дәрігер.

Сонымен қатар ол пойыз және ұшақ жолаушылары арасында вирус жұқтырып алмауға қандай орган бақылау жүргізетіндігін айтып берді. «Бізде Көліктегі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздік сапасын бақылау комитетінің аумақтық департаменттері бар. Олар барлық әуе тасымалдаушылардың қызметіне бақылау жасап, мемлекеттік шекара арқылы өткізу орындарында санитарлық-карантиндік бақылауды жүзеге асырады. Бұл шаралардың барлығы регламенттелген. Бұл процеске қатысушылардың барлығы аталған регламентті біледі»  деді Бас мемлекеттік санитар дәрігер.

5 шілдеден бастап елімізде шектеу шаралары күшейтілгеннен кейін балалардың аулада ойнауына бола ма?«Қаулыда балалардың аулаға шығуына тыйым салу көзделмеген. Дегенмен, біз кәмелетке толмаған балалар көшеде, аулада ересектермен бірге ғана жүруге, сонымен қатар кез келген байланыстан барынша аулақ болуға кеңес береміз. Яғни, біздің кеңесіміз балалар аулада ойнаға кезде бір отбасының мүшелері шегінде ғана жүргені дұрыс. Өзге балалармен байланыста болмауға тырысу қажет. Өйткені, аурудың біреуден біреуге таралуы жүріп жатыр» деді Бас санитар дәрігер. Сонымен қатар ол карантиннің барлық шаралары вирустың адамнан адамға таралуының алдын алуға тізбекті үзуге бағытталып отырғандығын баса айтты.

Дереккөз: Хабар 24 тікелей эфирі

Бөлісіңіз