Айжан Есмағамбетова: Пневмония, ЖРВИ және КВИ-дің жеңіл түрі бойынша үйінде емделіп жатқан қазақстандықтар дәрі-дәрмекті тегін ала алады

329 қаралу саны

ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова Қазақстанда маусым айында 628 адам пневмониядан көз жұмғанын мәлім етті. «2019 жылдың жарты жылы мен 2020 жылдың жартыжылдығының қорытындысы бойынша, пневмониядан көз жұмғандардың статистикасын салыстырсақ, осы алты ай ішінде қайтыс болғандардың саны аса көбейген жоқ. 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығында өлім-жітімнің – 1780, ал 2020 жылдың алғашқы жарты жылының қорытындысы бойынша – 1772 жағдайы тіркелді. Ал осы жылдың маусым айында пневмониядан қайтыс болғандардың саны 628-ге жетті. Пневмониямен ауыру жағдайына келсек, биылғы алты айда 55 проценттік өсім байқалады. Ал маусымда бұл көрсеткіш тіпті төрт есе өскен» деді Айжан Есмағамбетова. ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігері қазір бұл жағдайға қатысты Денсаулық сақтау министрлігі зерттеу жұмыстарын жүргізе бастағанын айтып өтті.

Той-жиындар болған жерде КВИ жұқтырғандардың саны өсіп кетеді. «Халықты алдын алу шараларын сақтауға шақыруда шаршамаймыз. Әйтсе де көп адамның талаптарды сақтайтынын да атап өту керек. Десе де бүгінгі күні әлеуметтік желілер арқылы да, туған-туыстарымыздан естігеніміздей, халық әртүрлі той-жиынды – туған күндерді, еске алу рәсімдерін де өткізуде. Мұндай шаралар барлық өңірде болып жатыр. Осы жиындардан кейін өкінішке қарай бәрі де 100 пайыз – КВИ жұқтырып алатынын байқаймыз. Адамдар мұндай жиын-тойлардан келіп, вирусты үйіне таратады. Осылайша адамдар вирусты жүздеп жұқтыруда» деді Айжан Есмағамбетова.  

Оның айтуынша, инфекция қоғам ішінде осылай таралуда. «Бәріміз де қарапайым ережелерді сақтамай, індеттің кең тарауына жол беріп отырмыз. Сол себепті тағы да айтарым: коронавирусты жеңу – өзімізге байланысты. Әрбіріміз қаншалықты ережені ұстана білсек, соншалықты індетті тез еңсереміз» деді ол.

Елдегі лауазымды шенеуніктер коронавирустан қай жерде ем алып жатыр? «Шенеуніктерді ауруханаға жатқызу бойынша жеке тәртіп жоқ. Мемлекеттік қызметшілердің бәрі де – саяси болсын, әкімшілік қызметкерлер болсын ауру дәрежесіне қарай инфекциялық стационарларда ем алып жатыр» деді Айжан Есмағамбетова.   

Оның айтуынша, ауруды орташа және жеңіл көтеріп жатқан азаматтар үйінде амбулаториялық ем алады. «Ведомстволық ауруханаларда инфекциялық ауруларды емдеу қарастырылмаған. Олардың бұл жұмысты жүргізетін лицензиясы жоқ. Сол себепті мемлекеттік қызметшілерге жалпы тәртіп бойынша ем жасалады»  деді ол.

Пандемия басталғалы бері Қазақстанда 18 медициналық қызметкер қайтыс болған. «Ондай қайғылы оқиғаның 18 жағдайы тіркелді», – деді Айжан Есмағамбетова. Оның айтуынша, бұл жағдайлардың бәрі бірдей КВИ-мен байланысты емес. «Алайда, олардың арасында COVID-19 ауруын жұқтырғандарға көмек көрсеткендер де бар» деді Айжан Есмағамбетова. Жалпы, қазіргі уақытта Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдардың 11,5 пайызы – медициналық қызметкерлер. Тағы 492 медқызметкер пневмониямен ауырған. 511 медициналық қызметкер емін жалғастыруда.

Пневмония, ЖРВИ және КВИ-дің жеңіл түрі бойынша үйінде емделіп жатқан қазақстандықтар дәрі-дәрмекті тегін ала алады. «Қазіргі таңда МӘМС аясында тегін дәрі-дәрмек пен препараттардың тізімі жасалды. Яғни, ЖРВИ мен пневмониядан үйінде емделіп жатқандар осы дәріні ала алады. Бұған дейін емхана дәрігерлерімен кеңес өткізген едік. Сол жиында аталған тізім аясында COVID-19 инфекциясына ұқсас және пневмониямен ауырғандарды тегін дәрімен қамти алатынымыз туралы шешімге келдік» деді Айжан Есмағамбетова.

Тегін дәрілер тізіміне антибиотиктер мен дене қызуын түсіретін дәрілер кіреді. «Ол дәрі-дәрмекті емханалардың жанындағы мобильді топтар тегін жеткізіп береді» деген Айжан Есмағамбетова әкімдіктерге қосымша дәрі-дәрмек алу міндеті жүктелгенін айтып өтті.

Дереккөз: Хабар 24 тікелей эфирі

Ары қарай оқу:



Кнопка домой

Бөлісіңіз