Айжан Есмағамбетова: Вакциналаудың міндетті болуы – ата-ананы күштеп көндіру деген емес

271 қаралу саны

Бүгін, 8 маусымда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фейсбук парақшасындағы «Денсаулық сақтау министрлігі хабарлайды» тікелей эфиріне ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова қатысып, көрермендердің көптеген сұрақтарына жауап берді. Біз солардың бірсыпырасын «Кеткеткет.кз» сайтының оқырмандарына ұсынып отырмыз.

Ата-ана қаламаса, екпе салынбайды

ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова вакцинация талаптары туралы пікір білдірді. «Вакциналау тақырыбы қазір қызу талқыланып жатыр. Бүкіл әлемде вакцина міндетті және ерікті болып екіге бөлінеді. Біздегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте де вакцина осылай екіге бөлінеді. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясындағы міндетті вакциналар мен кез келген тілек білдіруші салдыратын ерікті вакциналар бар. Шынында да кодекстің 85-бабында ҚР азаматтарының міндетті тізімдегі вакциналарды алу қажеттігі жазылған. Бірақ, вакциналаудың міндетті болуы – ата-ананы күштеп көндіру емес. Ата-ана қаламаса, екпе салынбайды» деді бас санитарлық дәрігер.

Спикердің айтуынша, міндетті екпелер медициналық қызметкерлер мен мемлекет үшін маңызды. Олар Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында тіркеу бойынша тұрғындарға міндетті вакциналарды ұсынып, оны қолжетімді етуге міндетті. «Тағы да қайталаймын, Кодексте кез келген вакциналау, әсіресе кәмелет жасқа толмаған балаларға қатысты медициналық қызметтер ата-ананың немесе заңды өкілдің келісімімен жүргізіледі. Қазір де емханаға барғанда, екпе аларда ақпараттық келісім қағазын толтырамыз. Содан кейін ғана балаға екпе салынады.


Ары қарай оқу:


Немесе ата-ана екпеден бас тартып, вакцинаға сенбеу т.б. сияқты себептерін көрсетіп, құжат толтыруы керек. Бұл ақпарат біз үшін маңызды, біз екпеден бас тартудың себептерін білгіміз келеді. Қорыта айтқанда, ата-аналарға екпе салу мәжбүрленбейді» деді А. Есмағамбетова.

Науқастар санының артуы – карантинді күшейту немесе жұмсартудың жалғыз факторы емес

ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында карантин талаптарын күшейту туралы сұраққа жауап берді. «Науқастар санының артуы – карантинді күшейту немесе жұмсартудың жалғыз факторы емес. Алматы облысын алып қарасақ, бір апта ішінде ауру өсімі 7% асты, сондықтан карантин күшейтілді. Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы көрсеткіш 7% төмен. Бірақ соңғы аптадағы оқиғалардың 30% осы қалаларға тиесілі. ТЖ режимінен кейін ашылған нысандардың жұмысын тексеретін мониторингтік топ нысандардың 53% ереже бұзғанын көрсетті» деді Бас санитарлық дәрігер.

Айжан Есмағамбетова карантинді күшейтуде немесе жеңілдетуде қандай алғышарттар ескерілетінін түсіндірді. «Мұнда сырқаттану өсімі ғана емес, 1 адамның қанша адамға вирус таратқаны, халықтың алдын алу шараларын қалай ұстанғаны да есептеледі. Нысандарға қойылатын талап бойынша 40-тан астам алгоритм бар. Егер барлығымыз бірігіп шара қолданбасақ, қайтадан күшейтілген карантинге түсуіміз мүмкін. Біз нысан келушілері болып та саналамыз. Теңгерімді сақтау ғана карантинді күшейтуден сақтайды. Негізгі гигиена талаптарын сақтауға артық күштің де қажеті жоқ» деді А. Есмағамбетова.


Вакцина – балаларды эпидемиядан, жұқпалы балалар ауруынан қорғаудың жалғыз амалы

ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова балаларға екпе салдыру туралы өз отбасының тәжірибесімен бөлісті. «Менің екі балам бар. Олар кеңестік кезде белгіленген күнтізбе бойынша барлық екпені алған. Ол кезде вакцинадан бас тарту жөнінде тіпті ойламайтынбыз. Сол екпелер үшін алғыс айтамын. Себебі түрлі жұқпалы аурулар шыққанда менің балаларым ауырған жоқ. Қазір екі немерем бар. Үлкені – екі жаста, кішісі – бір жаста. Нағыз міндетті 11 екпені алатын жаста және барлық вакцинаны алып келе жатыр. Мұнда мені керемет вакциналар салғызды деп ойламаңыздар. Екеуі де тұрғылықты мекенжайы бойынша, Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында барлық балалар алып жатқан екпелерді салғызды» деді бас санитарлық дәрігер.

Спикердің айтуынша, вакцина – балаларды эпидемиядан, жұқпалы балалар ауруынан қорғаудың жалғыз амалы. «Біз ұмытып кеткен аурулар көп және олар қайтып келместей көрінеді. Бірақ, ұжымдық иммунитетіміз 90 пайыздан түсіп кетсе, бірден дифтерия, сіреспе ауруларына қайта ораламыз. Оның салдары ауыр болып, тіпті балалар көз жұмуы да мүмкін. Ал балаларды қорғау мүмкіндігін мемлекет тегін беріп отырғанда, оны пайдалану керек» деді А. Есмағамбетова.

Әлемнің көптеген елдері мұндай тестілеуді әлі жүргізген жоқ

ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова коронавирус симптоммен өтіп жатқан науқастардан қауіп қай кезде жоғары болатынын түсіндірді. «Коронавирус пайда болғанда, инфекцияның қалай таралатынын, қаншалықты жұқпалы екенін, қалай емдеу керектігін ешкім білген жоқ. Бұл тәжірибенің барлығы жинақталды. 18 млн халыққа шамамен 1 млн тест жасалды. Тест жүргізілетін топтарды үнемі кеңейтіп отырдық. Бұл, симптомсыз науқастарды анықтауға көмектесті. Тіпті симптомсыз науқастар саны көбейіп, 80% жетті. Әлемнің көптеген елдері мұндай тестілеуді әлі жүргізген жоқ» деді Бас санитарлық дәрігер.

Сонымен бірге, спикер симптомды науқастар 11-күннен кейін айналаға қауіпсіз болатынын жеткізді. «Симптомсыз науқастарды анықтау арқылы инфекцияның қоғамға қалай таралатынын бағаладық. Жинақталған тәжірибелер науқастар ауру белгілері байқалғанша – алғашқы екі күн, байқалған соң 7 күн аралығында айналасына қауіп тудыратынын көрсетті. Яғни, 11-күннен кейін айналаға қауіп азаяды. Бұл жерде тест оң нәтиже көрсетуі де мүмкін» деді А. Есмағамбетова.

Хабардың толық нұсқасын мына жерден көре аласыздар.

Дереккөз: ҚР ДСМ Фейсбуктегі парақшасы

Ары қарай оқу:


Кнопка домой

Бөлісіңіз