Айжан Есмағамбетова: Коронавируспен сырқаттанудың апта ішіндегі өсімінің себебіне сараптама жүргізілді

353 қаралу саны

Бүгін, 20 мамырда ҚР Мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг өткізді. Сол брифинг барысында айтылған мәселелер туралы «Кеткеткет.кз» сайтының оқырмандарын хабардар етеміз.

Көмекке жүгінген адамдардың саны артып отыр

Бүгінгі күні коронавирус инфекциясы симптомдарымен медициналық көмекке жүгінген адамдардың саны артып отыр. Бір апта ішінде мұндай адамдардың саны 40 пайызға, өткен аптаға қарағанда пайызға шаққанда 15-тен 17,5 пайызға өсті. Өздігінен медициналық көмекке жүгінгендердің артуы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Павлодар, Ақтөбе, Қостанай облыстарында байқалады.



Өздігінен медициналық көмекке жүгіндер санының артуы адамдардың вирустан қорғану шараларын сақтамайтындығын көрсетіп отыр. Өкінішке орай, көпшілігі коронавирус инфекциясы қаупін жете бағаламай отыр. Бұл өте жұқпалы ауру екендігін, ағза үшін із-түссіз өтпейтіндігін, ең алдымен жасы үлкен жақындарымыз – ата-әжелерімізге, ата-аналарымызға қауіпті екендігін естеріңізге салғым келеді.

Сырқаттану өсімінің екі себебі

Коронавирус инфекциясымен сырқаттану өсімінің себебіне сараптама жүргізілгенді.

Біріншісі – санитарлық залалсыздандыру режимін күшейту жөніндегі белгіленген талаптарды сақтамаған, маска тақпаған, арашықтық сақтамаған, байланыстарды азайтпаған еңбек ұжымдарында індеттің таралуы.

Екіншісі – еңбек ұжымынан тыс әлеуметтік байланыстардың артуы. Біз қонаққа барып, өзіміз де қонақ шақырып жатырмыз және мамандардың кеңестеріне қарамастан гигиеналық және өзіңді қорғаудың қарапайым талаптары орындауды – маска тағуды, антисептиктерді пайдалануды, арақашықтық сақтауды қойдық.

Бүгінгі күні 935 жағдай тіркелген Теніз кенішінде сырқаттанушылардың артуы байқалады

Індетке шалдығу көрсеткішінің өсіміне жабық ұжымдардағы науқастар санының артуы себеп болып отыр. Бүгінгі күні 935 жағдай тіркелген Теніз кенішінде сырқаттанушылардың артуы байқалады. Шымкентте де «PetroKazakhstan Oil Production» ЖШС қызметкерлері арасында жаппай сырқаттану тіркелді. Компания қызметкерлері арасында 101 жағдай, мердігер ұйымдарда – 23 және үй ошақтарында байланыста болғандар арасында 69 жағдай тіркеліп отыр. Қарағанды облысында «Қазақмыс» коропорациясы кеніштерінің бірінде 34 жағдай тіркелді.



Теңіз кенішінде сырқаттанудың артуына байланысты Атырау облысына үкіметтік комиссия жіберілген. Комиссия шешімімен аталған кеніште коронавирустың алдын алуға бағытталған жұмыстардың жоспары, кестесі қабылданды. Қазіргі уақытта аталған жоспардың, кестенің орындалуына бақылау жүргізу қажет. Олай болмаған жағдайда, науқастар санының артуына байланысты оқшаулануға және кәсіпорынның өздігінен не мәжбүрлі түрде жабылуына алып келеді.

Қоғамдық көлікте міндетті түрде маска тағу керек 

Бірқатар өңірде қоғамдық көліктердің қатынай бастауына байланысты 10 мамырда жарық көрген Қаулымда міндетті талап бар. Ол – қоғамдық көлікте міндетті түрде маска тағуды көздейді. Қоғамдық көлік тұйықталған кеңістік және жолаушы бастапқыдан соңғы аялдамаға дейін барынша ұзақ жүруі мүмкін. Коронавирус инфекциясы өте жылдам тарайтынын білеміз. Яғни, вирус жоғары түйдекті әрі тез жұғады. Сондықтан қоғамдық көлікте маска тағу міндетті болуы тиіс.

Бұл талап автобустар жүргізушілеріне де қатысты. Бұған қоса, қоғамдық көліктерде залалсыздандыру жұмыстарының жүргізілуі сақталып, барлық есіктері міндетті түрде ашылуы тиіс. Бүгінде қоғамдық көліктер толы болмауы тиістігі туралы талап қойып отырмыз. Жолаушылар әлеуметтік ара қашықтық сақтау нормасын мүмкіндігінше орындауы үшін жағдай жасалуы қажет. Яғни, автобустарда орындықтары ғана толы болуы керек.

Қосшы елді мекенінде соңғы күндері 15 жағдай анықталды

Бұл 15 жағдай 2 ошақта тіркелген. Олардың барлығы да туыстар, олардың 8-і туған күнге барған және барлығы науқастанып қалды. Бұл – карантин шараларын сақтамау жұқтырып алу тәуекелін күрт арттыратындығын және отбасы ішінде бәріне жұғуы мүмкін екендігін білдіреді.

Кіреберістерді жабу туралы ешқандай шара қабылдаған жоқпыз

Бастапқыда біздің бірде-бір нормативтік-құқықтық актімізде, оның ішінде бас санитарлық дәрігердің қаулыларында үйлерге кіреберістерді жабу қарастырылмаған еді. Әрине, жақын байланыста болғандардың, ықтимал байланыста болғандардың барлығы анықталады. Бұған қоса, бұл байланыста болғандардың барлығы үй карантинінде отырады. Бірақ, біз кіреберістерді жабу туралы ешқандай шара қабылдаған емеспіз.

Әрбір адам жағдайға барынша жауапкершілікпен қарауы тиіс

Сырқаттанып қалмау, жақындарымызға жұқтырып алмау, ұжымымыз бен отбасымызға вирус алып келмеуіміз үшін барлығын жасауымыз керек. Халық жүріс-тұрыстың жаңа ережелеріне – қол гигиенасы стандартына, респираторлық әдепке және арақашықтықты ұстануға көшуі тиіс.

Сонымен қатар адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға, өз отбасыңның мүшелерімен ғана қарым-қатынас жасауға, қонаққа бармауға және қонақ шақырмауға, жеке әрі респираторлық гигиенаны, қоғамдық орында әлеуметтік арақашықтықты сақтауға, кез келген қарым-қатынас кезінде медициналық маска тағуға, антисептиктер пайдалануға кеңес беремін.

Мониторинг топтары бекітілген режимді бұзу фактілерін анықтауда

Өңірлердегі жедел штабтардың жанынан құрылған мониторинг топтары бекітілген режимді бұзу фактілерін анықтап жатыр. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында 358 нысан тексерілді. Оның ішінде 85 пайызы бекітілген талаптарды сақтамайды. Атап айтқанда, 116 азық-түлік және 94 азық-түлік емес тауарлары дүкенінің сатушылары маскасыз, қолғапсыз, арнайы киімсіз жұмыс істеген. Қоғамдық тамақтану орындары, тіс емханасы, шаштараздар мен сұлулық салондары да қауіпсіздік шараларын сақтамаған. Бұған қоса, Нұр-Сұлтан қаласында қызмет көрсету саласы персоналдары арасында коронавирус жағдайлары күн сайын тіркелетіндігін атап өткім келеді.

Алматы қаласында «Салават строй» ЖШС-нің құрылыс алаңын тексеру барысында бекітілген талаптың жартысынан көбінің сақталмайтыны анықталған. Азық-түлік дүкендері нан және нан өнімдерін сақтау ережесін бұзған. Сұлулық салондары мен қоғамдық тамақтану орындарында адамдардың күту алаңында шоғырлануы тіркелген.

Карантин режимін қатаң сақтау әрбір азаматтың және бизнес субъектісінің міндеті. Кәсіпкерлік субъектілері талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, нысан жұмысы тоқтатылуы да мүмкін. Айыппұл көлемі 5-тен 500 АЕК-ке дейінгі соманы құрайды.

Сурет дереккөзі: Optimizm.kz


Референс-зертхана коронавирусқа қатысты 10 мың тест өткізді

Дереккөз: zakon.kz

Кнопка домой

Бөлісіңіз