Алдыңғы шептегілердің айлығы қанша болды?

172 қаралу саны

Коронавирус індетімен күресіп жатқан дәрігерлерге үш санат бойынша жалақысына үстемеақы қосылады. Бұл туралы тікелей эфирден ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев хабарлады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне көмек көрсету туралы тапсырма берген. Осыған орай бүгін Үкімет басшысы Асқар Мамин мемлекеттік комиссияның отырысын өткізіп, онда арнайы шешім қабылдады» деді министр.

Министрдің мәлімдеуінше, аталған шешімге сәйкес медицина қызметкерлері жұмысының қауіптілігіне қарай 3-топқа бөлінген. «Бірінші топ – бұл реанимация бөлімдерімен қоса алғанда жұқпалы аурулар станционарларының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Барлығы – 3 284 маман. Олардың жалақысына үстемеақы айына 850 мың теңгені құрайды. Яғни, орташа айлығын қосқанда олар айына шамамен 1 млн. теңгенің үстінде алады. Екінші топ – провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметтерінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Барлығы – 11 951 маман. Олардың үстемақысы айына 425 мың теңгені құрайды. Яғни, орташа айлығын қосқанда олар айына шамамен 600 мың теңге алады» деді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, үшінші топқа карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері және тағы басқалары кіреді. «Барлығы – 10 994 қызметкер. Олар айына 212 мың теңге үстемеақы алады. Яғни, орташа айлығын қосқанда олар шамамен 380 мың теңге алады» деді ведомство басшысы.

Барлық қазақстандықтардың өзара қол ұшын беруіне арналған сайт: Qoldasy.kz

Кнопка домой
Бөлісіңіз