Алексей Цой: Қатаң карантин бойынша түпкілікті шешім жақында қабылданады

221 қаралу саны

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында кеше өткен короновирусқа қарсы шараларды күшейту туралы жиыннан кейін министрлік қолға алып жатқан көптеген мәселелер бойынша ойларын білдірді.

«Коронавирус пандемиясы қазақстандықтардың өміріне үлкен әсерін тигізіп жатыр. Көршілес елдердегі қиын жағдайларға қарамастан мемлекеттің шекарадағы санитарлық күзетіне бағытталған күш-жігері – инфекцияның сырттан келетін жағдайлардың барынша алдын алуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта жағдай инфекцияның үйде таралу деңгейіне өтіп кетті. Вирус халық ішіне тарады. Әр отбасы осынау қиындықпен бетпе-бет келіп отыр» деді Алексей Цой.

Оның айтуынша 30 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 40 мыңға жетіп қалған. «Кейінгі айларда медициналық ұйымдар күшейтілген режимде жұмыс жүргізуде. Медициналық қызметкерлер инфекция жұқтырған адамдарды емдеп, олармен үнемі қарым-қатынаста жүр. Сол себепті олар да ауырып жатыр. Бұл – кадрлық жетіспеушілік мәселесін күрделендіруде. Бірақ ресурс жеткілікті. Біз оны да еңсеріп келеміз. Үкіметтік шаралардың жаңа пакеті жағдайды тұрақтандырады. Денсаулық сақтау жүйесі – әлеуметтік-экономикалық жайлылықтың барометрі болып қала береді» деді ол.

Алексей Цой дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі мәселесіне байланысты тараған әртүрлі әңгімеге нүкте қойғысы келетінін айтып өтті. «Мессенжерлер мен әлеуметтік желілердегі әртүрлі провокациялық әңгімелер халықтың «алда керек боп қалар» деп қор жинау мақсатында дәріханадан дәрі-дәрмекті, әсіресе ыстық түсіретін препараттарды көптеп сатып алуына әкеп соқты. Мұндай препараттар біздің елімізде жеткілікті деңгейде өндірілетінін атап өткім келеді. Дүрбелеңді ескере отырып, дәрі-дәрмекті сатып алу мен жеткізу ережелерін қайта қарау туралы шешім қабылданды. Отандық өндірушілер дене қызуын түсіретін препараттардың ірі партиясын жеткізді. Ингеверин мен 70 мың қаптама интерафлю жеткізілді. Оның 40 мың қаптамасы алдағы уақытта қоймаларға жеткізіліп, аймақтарға таралады. Мұндай препараттар ем-дом хаттамасына сәйкес амбулаториялық деңгейде ковидті емдеуге қолданылмайтынын атап өткім келеді» деді ол.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет 1,2 млн ПТР-тест тест сатып алу үшін 1 миллиард теңге бөлгенін мәлім етті. «Елде өкпені компьютерлік томографиядан өткізу жағынан үлкен кезектер пайда болды. Бүгінгі таңда Қазақстанда 135 томограф бар. Пневмонияны сонымен бірге арзанырақ әрі қолжетімді цифрлық ренгтгент аппараттар арқылы анықтауға болады. Диагностиканың бұл әдістемесі COVID-2019 бойынша ем-дом клиникалық хаттамасына енгізіледі» деді Алексей Цой.  

Денсаулық сақтау министрі нарықта отандық өндірушілер де шығарған бірнеше диагностикалық тест барын атап өтті. «Үкімет 1,2 млн тест сатып алу үшін 1 миллиард теңге бөлді. Тесттер қоры әрдайым толығып отырады. Тесттер жақын арада түседі. Қазақстанда қазіргі таңда 46 диагностикалық зертхана бар. Нұр-Сұлтан қаласында ғана күніне 10 мың тест жүргізуге болады. Зертханалардың қуаттылығын арттыру мақсатында тамыз айының соңына дейін 20 ПТР-анализатор сатып алу жоспарланып отыр» деді ол.

«Аймақтардағы эпидемиологиялық ахуал мен бизнеске ықпалды есепке ала отырып, біз бірнеше нұсқаны ұсындық: карантин енгізу немесе қатаң шектеу шараларын енгізу. Оның бәрі қазір қаралып жатыр. Түпкілікті шешімді мемлекеттік комиссия жақын арада қабылдайды» деді Алексей Цой.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елімізде жедел жәрдем шақыру жиілігінің артуына байланысты корона-такси қызметін іске қосу жоспарланып отырғанын мәлім етті. «Халықты тестпен барынша қамтамасыз ету үшін жедел жәрдем бригадалары шақырылған жерге барып, тест алады. Әр өңірде COVID-19 бойынша халықты тестпен қамту үшін эпидемиологиялық ахуалға байланысты талаптарды айқындау көзделіп отыр» деді Алексей Цой.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта халық тарапынан жедел жәрдем қызметіне арыз-шағым көбейіп кеткен. «Жалпы Қазақстанда жедел жәрдем шақыру жиілігі 1,8 есе артып кетті. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында тіпті 2-2,5 жарым есе көбейген. Бригадалар мен жедел жәрдем көлігінің жетіспеу мәселесі өте өзекті болып тұр. Бүгінге дейін отандық өндірістегі 807 автокөлікті сатып алу туралы келісімге қол жетті. Сонымен бірге медициналық емес ұйымдардың көлігінің көмегімен корона-такси қызметін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл ұсыныстар ведомствоаралық комиссияның қарауына берілді. Қолдауға ие болар деген үміттемін» деді ол.

Қазақстанда коронавирус инфекциясынан көз жұмған адамдарды жерлеу ережелері өзгертілді. «Көз жұмған адамдарды жерлеу тәртібі маңызды болып қалып отыр. Қазіргі тәртіпке өзгерістер енгізілді: қайтыс болған адамды санитарлық-эпидемиологиялық және гигиеналық нормаларды сақтай отырып, кез келген зиратқа жерлеуге болады» деді Алексей Цой.

Осы жылдың тамыз айының соңына дейін еліміздегі стационарларда қосымша 10 мың төсек-орын даярланады. «Бұл вирустың бір ерекшелігі – пациенттер көбіне стационарлық ем-домға және тыныс алуды жасанды түрде қолдауға мұқтаж. Қазіргі таңда елдегі стационарлық төсек-орындардың толымдылығы – 60 пайыз. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бұл көрсеткіш – 90 пайыз. COVID-19 пациенттерін емдеу үшін 348 медициналық ұйымда 26 мың төсек-орын әзірленді» деді Алексей Цой.

Министрдің хабарлауынша, тамыз айының соңына дейін стационарларда 10 мың төсек-орын даярланады. Ол стационарлардың құрылымында жан сақтау бөлімшелері мен интенсивті терапия палаталары ашылып, өкпені жасанды желдету аппараттары қойылады. «Өкпені жасанды желдету аппараттарының жалпы саны – 3 294. Кейінгі айда 978 аппарат сатып алынды. Оған қосымша осы аппараттың 1 мыңын сатып алу көзделуде» деді ол.

«Аймақтардағы эпидемиологиялық ахуал мен бизнеске ықпалды есепке ала отырып, біз бірнеше нұсқаны ұсындық: карантин енгізу немесе қатаң шектеу шараларын енгізу. Оның бәрі қазір қаралып жатыр. Түпкілікті шешімді мемлекеттік комиссия жақын арада қабылдайды» деді Алексей Цой.

«Біз санитарлық талаптардың бес алтын ережесін жақсы білеміз: маска мен қолғап киіп жүру керек, қолды жуып, қашықтықты сақтау керек, адам көп жиналатын орынға бармаған жөн. Кездесу кезінде қолмен амандасып, құшақтаспаған абзал. Алайда іс жүзінде бұл ережелердің көбі сақтала бермейтінін көріп отырмыз» деді министр. Алексей Цойдың айтуынша, осы ережелерді қатаң сақтаған жағдайда ғана туған-туыстарыңызды қауіптен құтқарасыз. «Ел ішінде індет кеңінен тарап барады. Бәлкім, халық арасында вирустың жаппай таралуын тоқтату үшін қосымша шаралар керек болар. Әлбетте, проблема мен жоғарыда атаған мәселелермен шектелмейді. Бірақ тағы бір мәрте айта кетейін – Үкімет қазіргі жағдайдан қалай шығу керектігін көріп отыр әрі онда ахуалды тұрақтандырудың шұғыл шараларын қамтитын егжей-тегжейлі жоспары бар» деді Алексей Цой. Сонымен бірге министр медицина қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтті. «Осынау қиын-қыстау кезеңде олар туған-туыстарының, отбасының ортасынан кетіп, қауіпті жағдайда науқастарға көмек көрсетіп жатыр. Бұл жігер мен кәсіпке адалдықты талап ететін қатерлі жұмыс. Осы себепті бізді де түсініп, медицина қызметкерлерін барынша қолдауға шақырамын» деді ол.


Дереккөз: 24 Хабар тікелей эфирі

Бөлісіңіз