Алексей Цой Қоғамдық бақылау белсенділерімен ынтымақтастық мәселесін талқылады

198 қаралу саны

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой денсаулық сақтау саласындағы қоғамдық бақылау белсенділерімен ынтымақтастық мәселесін талқылады.

Волонтерлік қозғалыс белсенділерімен, дәрігерлермен, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен онлайн кездесу барысында мониторинг тобының жұмысын ұйымдастыру, оларға құқықтық мәртебе беру мәселелері талқыланды.

Алматы қалалық қоғамдық бақылау белсендісі Саида Тәуекелова дәріханаларда дәрілік заттардың бар-жоғын тексеру, гуманитарлық жүктердің діттеген жеріне жетуін қадағалау және медициналық ұйымдарға бару кезінде құқықтық сипаттағы проблемалар туындайтындығын және оны реттеу қажеттігін атап өтті.

«Әрбір мониторинг топтың нақты қызметін жазып, волентерлерге куәлік, жадынама және айырым белгілерін беру қажет. Ақпараттарды өңдеуді жолға қойып, оларды шешім қабылдау үшін тиісті сатыға беру керек» деді министр.

Қоғамдық бақылаудың республикалық үйлестірушісі Лим Диастың пікірінше, бұл жұмысты жүйелі негізде жолға қою қажет. Бұл ретте дәрігердің жұмысына кедергі келтірілмеуі, өзінің, пациенттерінің денсаулығына қауіп төндірмеген дұрыс.

Депутат Ирина Смирнова қоғамдық топ азаматтардың денсаулығын қорғау ісіне баға жетпес үлес қосты деп санайды. Барлық тараптың пікірін тыңдаған министр Қоғамдық бақылау мүшелерінен келіп түскен ақпараттармен нақты жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

«Біздің барлығымыз коронавирус инфекциясымен күреске жұмылуымыз қажет. Біздің мақсатымыз – денсаулық сақтау жүйесін дұрыс жолға қою. Жер-жерде салақтық болмауы тиіс. Сонымен қатар дәрігерлер қолдау мен қамқорлықты сезінуі керек. Ал пациенттерге қатысты егер құқыққа қайшы жағдай болса немесе көмек көрсету стандарттары сай болмаса, онда себебін анықтаған жөн. Дәрігерлер мен пациенттердің абыройына нұқсан келмеуі тиіс» деді Денсаулық сақтау министрі.

Алексей Цойдың айтуынша, қауіпсіздіктің барлық шаралары мен санитарлық нормаларды еріктілердің қатаң сақтауы өте маңызды.

Дереккөз: ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Бөлісіңіз