Алексей Цой мен Ажар Ғиният бүгінгі баспасөз мәслихатында қандай мәселелер төңірегінде айтты? Стенографиялық материал

208 қаралу саны

Бүгін, 7 шілдеде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Коронавирустық инфекциямен күрестегі өзекті сұрақтар» тақырыбындағы кезекті баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният журналистердің сұрақтарына жауап берді. «Кеткеткет.кз» сайтының оқырмандары үшін брифингте айтылған мәселелерді қағазға түсіріп беріп отырмыз.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстан аумағына дәрі-дәрмек заттарын әкелу процедурасы жеделдетілгенін мәлімдеді. «Біріншіден, Қазақстан Республикасының аумағына дәрі-дәрмек заттарын әкелу үрдісін жеделдету жұмысын жоспарлаған едік. Қазір бұл нормативтік құжаттарға қол қойылды. Дәрі-дәрмек бүгінде жеңілдетілген тәртіппен қоймалардан бөлшектік компанияларға түсе бастады. Алдағы уақытта ол дәрі-дәрмектер дәріханаларға түседі. Яғни бұған дейінгі кедергіні еңсердік. Қысқа уақыттың ішінде керекті препараттар нарыққа түседі» деді министр. Сонымен қатар ол Қазақстанның барлық өңірінде дәрі-дәрмек бағасын бақылау жұмысы күшейтілгенін мәлім етті.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өңірлерде дәрі-дәрмекті қымбатқа сататын алыпсатарлардың әрекетіне қалай шектеу қойылып жатқанын айтып берді. «Бүгінгі күні Қазақстанның барлық өңірінде әкімдіктер жанынан мониторинг топтары құрылды. Қоғамдық кеңестер мен үкіметтік емес ұйымдар да дәрі-дәрмек бағасын бақылау жұмысына белсене атсалысуда. Олардың бәрі мемлекет бекіткен шекті бағаны қадағалайды. Баға көтеру жағдайлары бар. Сонымен қатар бізге құқық қорғау органдары да көп көмек көрсетуде. ІІМ қазіргі таңда Қазақстанның барлық өңірінде ауқымды тексерісті бастады. Бірнеше күнгі тексерістерде әлеуметтік желілердегі дәрі-дәрмек пен маскалардың спекулянтты саудасына баса мән берілді» деді министр.

Оның айтуынша дәрі-дәрмекті қымбатқа қайта сатудың бірнеше жағдайы тіркелген. «Мәселен, дәріханалардың қызметкерлері медикаменттерді сөреден чексіз сатқан. Осының салдарынан азаматтар негізсіз қымбат бағаға дәріні сатып алуға мәжбүр болған. 6 шілдеде елордада құқық қорғаушылар «Тойота» маркалы көлікті ұстады. Оның багажы медикаменттерге толы болған. Әлгі азамат 1 миллион теңге пайда тауып, дәрі-дәрмекті қымбаттата сатпақ болған. Автокөлікте 689 дәрінің қаптамасы бары анықталды. Шымкентте тіпті, бір әйел дәріні өз үйінде отырып сатқан. Тексеріс барысында үйден әртүрлі медикаменттердің 229 түрі (10459 қаптама) анықталды. Осы дәрілердің бәрі де ЖРВИ-ды емдеуге арналған дәрілер. Мұндай препараттар антисанитариялық жағдайда сақталған» деді ол.

Сол секілді Жетісай қаласында ЦЕФ ІІІ препаратының 336 қаптамасын бір адамға сату (400 мың теңгеге) жағдайы тіркеліп отыр. Бұл препараттар қаладағы дәріханалардың біріне сатылмақ болған. «Атырауда медикаменттер тіпті, косметологиялық клиникада сатылған. Құқық қорғаушылар дәрінің осылайша лицензиясыз сатылып жатқанын анықтады. Заңсыз сауданы клиниканың басшысы ұйымдастырған. Онымен қоймай, ол дәрі бағасы ресми шектен бірнеше есе көп болған. Мәселен, 5 мың теңгелік Ингавирин үш есе қымбатқа, ал Парацетамол тіпті, 10 есе артық бағамен қымбатқа сатылған. Клиникадан 5 мың қаптама тәркіленді» деді ол.

Қазақстанда бір күннің ішінде ғана дәрі-дәрмекті қымбатқа сатып, пайдаға кенелмек болған 46 адам ұсталды.  «6 шілдеден бері полицияға 46 адам жеткізілді. Олардан дәрі-дәрмектің түр-түрінің 20884 қаптамасы, нақтырақ айтқанда 2600 қаптамадан глюкоза мен ферсинол, 2200 қаптама ацетилсалицил қышқылы, 654 қаптама парацетамол тәркіленді. Яғни пайда табу мақсатындағы саудалау жағдайы тіркелуде. Осылардың бәрі де нарықта дүрбелең туғызуда»  деді Денсаулық сақтау министрі.

Денсаулық сақтау министрлігі елдегі ауруханаларды онлайн форматта қадағалау тәртібін енгізді. «Дәрі-дәрмектің қымбатқа сатылу мәселесіне бей-жай қарамай, әлеуметтік желіде тіркелген фактілерді бөлісіп жатқан азаматтар бар. Олар дәріні алып сататын адамдардың әрекетіне наразылықтарын білдіруде. Қоғамға мұндай заңсыз саудамен күрес қатал жүргізілетіні жетті деген ойдамын. Халықтың денсаулығынан осылай пайда тауып жатқан адамдар жазаланады» деді Денсаулық сақтау министрі.  

Министр сонымен бірге медициналық ұйымдарды қадағалаудың жаңа форматы – онлайн-бақылау тәртібі енгізілгенін жеткізді. «Кеше ғана Атыраудағы ауруханаларды онлайн-бақылау жүргізілді . Бұл дегеніміз қазір Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері кез келген өңірдің медициналық ұйымына хабарласып, онлайн байланыспен ұйымды бақылайды. Қызметкерлеріміз шынайы мәселені сұрайды. Қандай кабинетке кіруді де министрлік қызметкерлері айтып отырады. Кеше ғана осындай тәртіппен бірнеше пациентпен сөйлестік. Яғни жұмыстың осындай форматы аз уақыттың ішінде бірнеше аурухана жұмысын тексеруге мүмкіндік берді» деді Алексей Цой.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Президенттің атына жолдаған видеосы әлеуметтік желіде біршама резонанс тудырған шымкенттік реабилитолог Айна Бакеевамен сөйлескенін айтты. «Ем-домның күрделі әдісі бойынша өтінім жасаған дәрігер Айна Бакееваның хабарламасына қатысты біршама сұрақ келіп түсті. Бүгін онымен байланысқа шығып, 40 минуттай сөйлестім. Негізгі проблеманы, дәрігердің нені жеткізгісі келгенін түсіндім. Ол әлеуметтік желілерде, тіпті медицина қызметкерлерінің айтуы бойынша да ем-домның түр-түрі тарап кеткеніне алаңдаушылық білдіріп жатыр. Ем-дом түрлерін әлеуметтік желілерде көріп алған адамдардың да ойы сан-саққа кетеді. Ал кейбір препараттар керісінше, денсаулықты нашарлатады. Сұрақтарға жауап тапқысы келетін мыңдаған адам Айна Бакееваға жүгінеді екен» дейді Алексей Цой.   Осы орайда ол Денсаулық сақтау министрлігі халыққа арналған кеңестерді ресми бекіткенін мәлім етті. «Қазір Денсаулық сақтау министрлігі мамандармен бекітілген нақты ресми кеңестерді әзірледі. Ол Денсаулық сақтау министрлігінің сайтына жарияланады. Әлеуметтік желілер арқылы да халыққа жеткізіледі. Ол да (дәрігер Айна Бакеева) ем-дом хаттамасын өз ресурстары арқылы азаматтарға жеткізетінін айтты»  деді министр. Айта кетерлігі бұдан бұрын Айна Бакеева КВИ науқастарын емдеуге қатысты сын айтып, әлеуметтік желілерге видео жариялаған болатын.

Қазақстанда пневмонияға шалдыққан науқастардың 98,9 пайызының жағдайы орташа ауыр. «Бізден пневмония статистикасы туралы жиі сұрайды. Бүгінгі күні ел бойынша стационарларда ПТР-тест нәтижесі (коронавирусқа) теріс, пневмониямен 28 мың пациент ем алуда. Науқастардың 98,9 пайызының жағдайы орташа ауыр деп бағаланады. Солардың ішінде 330 пациенттің жағдайы ауыр. Одан басқа стационарларда КВИ бойынша ПТР-тест нәтижесі теріс ЖРВИ немесе басқа тұмау аурулары бар деген диагнозбен 4 мыңнан астам адам емделуде»  деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният.  Оның айтуынша, бүгінгі таңда барлық емханалар, жедел жәрдем және ауруханалар медициналық көмекті ұйымдастыру шараларын қарқынды жүргізіп жатыр.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният қай санаттағы дәрігерлердің айлығына үстемеақы қосылатынын айтып берді. «КВИ бойынша симптомсыз пациенттермен жұмыс істейтін дәрігерлерге үстемеақы қарастырылмаған. Себебі олардың пациенттері ауруды аса таратпайды деп есептеледі. Сонымен бірге емдеу хаттамасына сәйкес оларды үйлеріне барып емдеудің еш қажеттігі жоқ. Яғни олар пациенттермен телефон арқылы ғана сөйлесе береді»  деді Ажар Ғиният.  Вице-министрдің айтуынша, емханаларда инфекциялық сырқаттар бойынша жұмыс істейтін дәрігерлерге келтірілген зиян үшін үстемеақы беру қарастырылған. «Емханалардың көбі провизорлық стационарлар ретінде жасақталды. Дәрігерлер вирус ошақтарына барады, үйлерді аралайды. Бұл мәселені қазір Денсаулық сақтау министрлігі қарап жатыр. Үстемеақы болады»  деді Ажар Ғиният.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі медицина қызметкерлерінің құқығын барынша қорғауға уәде берді. «Әріптестеріміздің әрбірінің орны бөлек. Басқасы басқа, дәл қазір ең қажетті кадрлардың алдыңғы шебіне медицина қызметкерлері шықты. Жекелеген өңірлерде медицина мамандары қуғынға ұшырап жатқан жағдайлар бар. Бірақ мұның бәрі заңнамамен реттеледі. Туындаған әрбір мәселе жеке қаралады. Резонансты жағдайлар да жоқ емес. Мәселен, жақында ғана Түркістан облысында дәрігерлердің бірі қолғаптардың жыртылып кетіп жатқанын ролик арқылы көрсеткені үшін жұмыстан шығарылған. Біз қазір осы жағдайды назарға алдық. Бұл дәрігер басқа емханаға ауыстырылды, лауазымы өсті. Бөлім басшысы болып тағайындалды» деді Алексей Цой.  Министр медицина қызметкерлерінің құқығын барынша қорғауға уәде берді. «Медициналық ұйым басшыларының тарапынан қандай да бір әділетсіздіктер жасалса, қашан да қарауға дайынбыз. Облыстық денсаулық сақтау басқармаларына тиісті тапсырма беріледі. Бұл мәселеге назар ерекше. Өзіміздің медициналық қызметкерлерді сөзсіз, барынша қорғаймыз. Алайда, бәрі де заң аясында шешілуі тиіс» деді Алексей Цой.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанның қай өңірінде медицина қызметкерлеріне жетіспеушілік ерекше сезілетінін айтты. «Негізінен, медицина қызметкерлеріне тапшылық Атырау мен Маңғыстау облысында байқалды. Кеше ғана сондағы әріптестермен тілдестік. Қазіргі уақытта оларға дәрігерлерді жіберу мәселесі шешіліп жатыр» деді Алексей Цой.  Министрдің айтуынша, кадр жетіспеушілігі мәселесі министрліктің бақылауында тұр. «Сөзсіз, жаңадан жұмысқа келген медицина маманы нұсқаулықтан өтеді. Қазіргі уақытта кадрлардың мәселесін шешу үшін колледждер ресурстарын, медициналық ЖОО-лардың профессорлық және оқыту құрамын, волонтерлерді жұмылдыруды көздеп отырмыз»  деді ол.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бүкіл халықты ПТР-тестіден өткізу туралы жоспар жоқтығын мәлім етті. «Жалпы біздің статистика коронавирус инфекциясы бойынша ПТР-тестілер арқылы расталған ресми мәліметтерге негізделген. Мұны түсінудің маңызы зор. Әлбетте, бұл жағдайлар көп болуы мүмкін (жұқтыру жағдайлары туралы). Алайда, қолдағы ресурстарды пайдалану үшін ПТР-тестілерге үлкен басымдық беріледі»  деді Алексей Цой.   Ведомство басшысы дегенмен, бүкіл халықты тестіден өткізу жоспары жоқтығын жеткізді. «Пациент жұқтырған топқа жата ма, жоқ әлде онда пневмония ма – оны қалай ажыратуға болады? Бізге ең алдымен мақсатты топтарды тестіден өткізген дұрыс? Себебі, егер ауру белгілері болмаса пациент үйінде 14 күн жатып, бақылауда бола алады. Яғни біз ең бірінші кезекте, көмекке мұқтаж адамдарға басымдық беріп отырмыз»  деді Алексей Цой.

Қазақстанда коронавирусқа қарсы күреске бөлінген қаражат нақты қандай бағытта жұмсалады? Бұл сұраққа ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жауап берді. Министрдің айтуынша, коронавирус инфекциясына қарсы күреске 114 млрд 826 млн теңге бөлінген. Оның 40 млрд 58 млн теңгесі – Үкіметтің резервінен аударылып отыр. «Осы қаражаттың 21 млрд 184 млн теңгесі – жеке қорғаныс құралдарын сатып алуға, 2 млрд 30 млн теңгесі – дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сатып алуға, 2,5 млрд теңгесі – зертханалық құрылғыларды, коронавирусты анықтайтын жүйелерді сатып алуға, 100 млн теңгесі – коронавирусты анықтайтын реагенттерді әзірлеу мен шығаруға, 13,7 млрд теңгесі – ПТР-тест әдісімен зертханалық зерттеулер қызметіне, 310 млн теңгесі – жедел жәрдем көліктеріне отандық өндірістегі өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алуға, 131 млн теңгесі азаматтарды эвакуациялауға жұмсалады»  деді Алексей Цой. Министр сонымен қатар республикалық бюджеттен 74 млрд теңге бөлінгенін, оның 19,5 млрд теңгесі – медициналық, инфекциялық, карантиндік және провизорлық стационарда медициналық қызмет көрсетуге, 40,4 млрд теңгесі карантин шараларын өткізуге жұмылдырылған азаматтандарды ынталандыруға, 14,8 млрд теңгесі Нұр-Сұлтан, Шымкент және Алматы қалаларындағы инфекциялық ауруханалар кешенін салуға жұмсалатынын жеткізді.

Дереккөз: ОКҚ тікелей эфирі

Бөлісіңіз