Алексей Цой, Людмила Бюрабекова және Ажар Ғиният коронавирустық инфекциямен күрестегі өзекті сұрақтар төңірегінде қандай мәселелер туралы айтты?

255 қаралу саны

Бүгін, 9 шілдеде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой және ҚР Денсаулық сақтау вице-министрлері Людмила Бюрабекова мен Ажар Ғиният журналистердің сұрақтарына жауап берді. «Кеткеткет.кз» сайтының оқырмандары үшін брифингте айтылған мәселелерді қағазға түсіріп беріп отырмыз:

Қазақстанда коронавируспен ауырғандар саны ресми деректен әлдеқайда көп болуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.

Министр адамдардың барлығы бірдей ПТР-тестілеумен қамтылмағанын атап өтті. «Бірақ, тағы да қайталап айтамын, қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесінің алдында барлығын 100 пайыз тестілеу міндеті тұрған жоқ. Өйткені, осы аурудың алғашқы белгілері бар тікелей науқастарға басымдық жасалып отыр. Себебі, оларға көмек көрсетіп, осы кезеңде әрекет ету арқылы вирустың ауыр түрге өтіп кетуіне жол бермеу негізгі мақсатымыз» деді ол. Сонымен қатар ол коронавирус инфекциясы симптомсыз өтіп жатқан науқастар жайында айтты. «Симптомсыз науқастардың көпшілігі ауырмайды. Иә, олар індетті таратуы мүмкін. Бірақ олар 14 күннен кейін сауығып кетеді. Ештеңе мазаламайтын адамдардан тест алудың қандай мәні бар? Біз негізгі басымдық пен қаржыландыруды ең бірінші кезекте, көмекке мұқтаж болып отырған науқастарға жұмсаған дұрыс деп санаймыз» деді Алексей Цой.

Өкпе қабынуына шалдыққандар коронавируспен ауырғандардан 2-3 есе көп. «Жалпы, ештеңе жасырылып қалып отырған жоқ. Өкпе қабынуына шалдыққандар санын да көрсетеміз. Таяу уақытта мұны тұрақты негізде, нақты мәліметтерді ұсынып отыруды көздеп отырмыз. Меніңше, бұл жерде мұндай деректерді жария етуге ешқандай кедергі жоқ. Тек барлығы шынайы ауқымды түсінуі тиіс» деді министр.  Оның дерегінше, қазіргі уақытта пневмонияға шалдыққандар саны коронавирус жұқтырғандардан әлдеқайда көп. «Коронавирус инфекциясы жағдайларына қарағанда өкпе қабынуы 2-3 есе көп. Қазіргі уақытта осындай өсім байқалып отыр. Соңғы кезде өлім-жітім де бар. Шынайы көрініс болуы үшін, мұны да айтып отырамыз. Мұндай деректерді сайтымызда немесе ақпарат көздерінде жариялау жоспарда. Уақытына қатысты айтар болсам, келесі аптада бұл мәліметтерді қолға алып, шынайы жағдайды барлығы көруі үшін жария етуге тырысамыз. Дәрігерлер мұндай деректерді көріп отыр. Егер халықты да ол қызықтыратын болса, онда біз ұсынуға дайынбыз» деді Алексей Цой.

Өкпе қабынуына шалдыққандар мен осы аурудан қайтыс болғандар туралы мәліметтер әзірше неге жарияланбай отыр? Бұл мәселені министр түсіндірді. «2020 жылдың соңғы алты айында өкпе қабынуы бойынша 1 172 өлім-жітім тіркелді. 2019 жылдың алты айында 1 780 адам қайтыс болған еді. Бұл – жалпы сипаттағы өкпе қабынуы. Толықтай алғанда биыл өкпе қабынуына шалдығу өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға жоғары болып тұр. Қазір біз өкпе қабынуына байланысты сараптама жасамақпыз»  деді министр.  Оның атап өтуінше, коронавирус инфекциясының ең ауыр түріне қолданылатын ем-дом түрі пневмонияны емдеуге де қолданылады. Сонымен қатар ол әлемде өкпе қабынуына шалдығу деректері өткен жылғы статистикалық мәліметтерге қарағанда биыл біршама жоғары болып тұрғанын айтты. «Айрықша назар аудару мен бақылауды қажет ететін мұндай респираторлық ауру бар науқастар санын білуіміз керек. Яғни, өкпе қабынуы және барлық коронавирус инфекциясы толықтай тіркеуге алынады. Бірақ, тест арқылы ресми нақтыланғандар саны тіркеледі. Барлығы тестілеуден өтуі үшін тест санын қуалаудың қажеті жоқ. Ол орта-ауыр және ауыр науқастарға қатысты шынайы жағдайды түсіну үшін ғана қажет. Соған баса мән берген жөн» деді Алексей Цой.

Қазақстанда карантин мерзімі ұзартылуы мүмкін бе? Қазақстанның барша азаматын толғандырған бұл сауалға ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жауап берді. «Карантинді ұзартуға қатысты айтар болсам, бастапқыда ұсыныс енгізгенде азаматтардың тілектері ескерілді. Режимнің бизнес қоғамдастықтарға да барынша бейімді болуы көзделді. Дегенмен, осынау вирусқа шалдығудың күрт өршіп кетуін еңсеруге септігін тигізетін шектеу шаралары да қарастырылды» деді министр.  бүгін Сонымен қатар ол кез келген бағалау инкубациялық кезеңмен, яғни 14 күнмен байланысты болуы керектігін атап өтті. «Қазір біз қандай да бір аралық нәтижелерді қарап отырмыз. Дегенмен, шынайы тиімділігін екінші аптаға қарай не болмаса біз бағалау жүргізгеннен соң бірден көретін боламыз. Карантин аяқталғаннан кейін оның ұзартылатыны немесе шаралардың қатаңдатылатыны түсінікті болады» деді Алексей Цой.

Коронавирус жұқтырып алған Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың ем алу үшін елордадағы Кардиохирургиялық орталыққа ауыстырылу себебі неде? Бұл сұрақты ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният түсіндірді. Вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында мәлім еткендей, Амандық Баталовтың денсаулығы нашарлап кеткеннен кейін ол астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығына жеткізілген. Өйткені, бұл орталық індет кезінде республикалық экстракорпоралды мембранды оксигеназа кезіндегі қарқынды терапия орталығы болып қайта жасақталған еді. «Бұл әдіс өкпені жасанды желдету көмек көрсетпейтін кезде қолданылады. Орталық жүрек-қан тамырлары аурулары аясында ауыр тыныс алу жеспеушілігі өршіген науқастарды қабылдайды» деді Ажар Ғиният.

Халыққа кешенді медициналық қызмет көрсететін мобильді топтар қашан жұмысқа кіріседі? Бұл сауалға ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният жауап берді. Оның атап өтуінше, бүкіл еліміз бойынша емханалар жанынан халыққа медициналық қызметтерді кешенді түрде көрсететін 465 әмбебап мобильді топ құрылатын болады. Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы 31 емхана жанынан әрқайсысында 2-3-тен мобильді топ құрылған. «Жедел жәрдем стансаларында да мобильді топ құру үшін келісімшарт жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар қормен (Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры) келісімшартқа отырып, сол мобильді топтардың жұмысын қамтамамсыз ететін қаражат табуы керек. Нұр-Сұлтан қаласында мобильді топтар келісімшарт жасалғаннан кейін пайда болады» деді вице-министр.

Сонымен қатар ол барлық емханада өкпе қабынуымен ауырған әрбір науқасқа учаскелік дәрігерлер антиботиктер мен қызу түсіретін дәрілерді беретіндігін айтты. «Бұл дәрілерді рецептімен ақысыз алуға болады. Ол үшін учаскелік дәрігердің нұсқауы мен рецепті керек» деді Ажар Ғиният.

ҚР Денсаулық сақтау министрі ел тұрғындарын қолдан жасалған өкпені жасанды желдету аппараттарын пайдаланбауға шақырды. «Әлеуметтік желілердегі азаматтардың өз қолдарымен жасап алуға тырысып жатқан әр қилы тәсілдерін көріп отырмыз. Олар түрлі құралдар арқылы тыныс алу қызметтерін жақсартуға тырысады. Қолдан жасалған құрылғыны интернеттен көріп алып, үйлерінде өзінше ем алу үшін жасап алады. Бұл ретте, барынша сақтық таныту қажет» деді министр.  Министрдің түсіндіруінше, аппаратқа құйылатын сұйықтық таза болмай қалса, онда бұл жайт өкпенің түрлі бактериялармен зақымдануына алып келеді. «Қолдан жасалған мұндай құрылғыларға барынша сақтықпен қараған жөн. Аурудың асқынуына алып келуі мүмкін тәуекел барлық уақытта болады. Өкінішке орай мұндай фактілер тек бізде ғана орын алып отырған жоқ. Сондықтан азаматтарымызды сақтандыруымыз қажет» деді Алексей Цой.

Өкпесі қабынғанымен ауруханаға жатпаған науқастар дәріні тегін алуы тиіс. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова айтты. Оның атап өтуінше, қолданыстағы тізілімге сәйкес, Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балалар ЖРВИ, тыныс алу жолдарының өткір аурулары, ауруханадан тыс өкпе қабынуы кезінде, ал ересек адамдар ауруханадан тыс өкпе қабынуы кезінде тегін амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі тиіс.

«Бұл дәрі-дәрмектерді учаскелік дәрігер жазып береді және ол бақылаушы орган қанша препарат, кімге жазылып берілгенін көріп отыруы үшін ақпараттық жүйе арқылы өтеді» деді вице-министр. Людмила Бюрабекованың айтуынша, бүгінде еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты барлық өңірде мұндай дәрі-дәрмекті учаскелік медбикелердің үйге жеткізіп беруі ұйымдастырылған. «Бұл препараттарды мобильді бригадалардың да жеткізіп беруі жоспарланған. Дәрігер тегін қамтамасыз етілетін мұндай препараттарды жазып бергенімен, пациент дәріханадан барып алатын жайттар болып жатса, онда мұндай фактілерді бізге хабарлауды өтінеміз. Шара қолданатын боламыз» деді вице-министр.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қызметі тыңғылықты зерделенеді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. Министрге аталған қордың басшысы Айбатыр Жұмағұловтың жалақысына қатысты сауал қойылған еді. «Жыл сайын аудиторлық тексеру жүргізіліп, одан кейін Денсаулық сақтау министрлігіне ұсынылады. Жалақыға немесе қордың өзінің жұмысына қатысты айтар болсам, біз жұмысқа кірістік. Қазір барлығын зерделеп, материалдарды көтереміз. Қаржылық көрсеткіштерін, қор қызметін, стратегиялық бағыттарын зерделейміз» деді Алексей Цой.

Сонымен қатар министр бұл мәселенің таяу уақыттың тыңғылықты зерделенетіндігін баса айтты. «Әріптестеріміздің барлығы тәулік бойы режимде жұмыс істеп жатыр. 3-4 сағат қана ұйықтаймыз. Бүгінгі күндегі негізгі мақсатымыз – дәрі-дәрмек жеткізу, желілерді қамтамасыз ету. Дегенмен, қор жұмысын да зерделеп бақылауға аламыз» деді ол.


Дереккөз: ОКҚ тікелей эфирі

Бөлісіңіз