Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметінде өткен бүгінгі баспасөз мәслихатында қандай мәселелерге айрықша тоқталды?

210 қаралу саны

Қазақстанда коронавирусты жеңіл және симптомсыз көтеретін адамдарға көшпелі бригадалар ақылы қызмет көрсетеді. «Коронавирус жұқтыру күдігі болған адамдарға, індетті жеңіл немесе белгісі жоқ күйде көтеретін азаматтарға амбулаториялық көмекті мобильді көшпелі бригадалар көрсетеді. Осы күнге дейін 380 бригада құрылып қойды. Олардың санын 3 мыңға жеткізу көзделіп отыр. 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап көшпелі бригадалардың қызметі үшін арнайы тариф белгіленді. Ал емханаларға тіркелген халық учаскелік дәрігерлерден консультациялық көмек ала береді» деді Алексей Цой. Оның айтуынша, емханаға анықтама бойынша барғандарға карантиндік фильтрлар арқылы қызмет көрсетіледі.

Елдегі жедел жәрдем көліктерінің жетіспеуі мәселесі қалай шешілетін болды? «Жедел жәрдем көліктерінің жетіспеуі мәселесі қысқа мерзімнің ішінде әкімдіктермен бірге шешімін табады. Медициналық емес ұйымдардың есебінен осы мәселе ретке келтіріледі. Республикалық бюджеттің есебінен қазірдің өзінде 807 жедел жәрдем көлігі сатылып алынды. Ол көліктердің алғашқы партиясы, яғни 14-і шілде айында Нұр-Сұлтанға, 18-і Солтүстік Қазақстанға жеткізіледі» деді министр.

Кадрлық жетіспеушілікті шешу үшін медициналық колледждердің түлектері (112 адам) тартылып жатыр. «Жергілікті атқарушы органдарға әртүрлі ресурс арқылы қосымша корона-такси шығару туралы ұсыныс берілді. Күн сайын республика бойынша ауысым бойынша 1400 көшпелі бригада шығады. Шақырылатын орынға шығудың орташа тәуліктік көрсеткіші – кейінгі екі аптада 30 мыңнан асып кетті. Бұл – қалыпты жүктемеден екі есе көп» деді ол.

Елдегі ауруханалар вирусқа қарсы препараттармен қалай қамтылып жатыр? «COVID-19 пациенттеріне стационарлық көмек көрсету құрылымы өзгертіліп жатыр. 13 мың төсек орны бар карантиндік стационарлар провизорлық және инфекциялық емхана болып жасақталуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен төсек орындардың саны 50 мыңға көбейтіледі. Кейінгі үш күннің ішінде коронавирус жұқтырған азаматтар үшін қосымша 1,5 мың төсек орны жасақталды. Ал КВИ жұқтырғаны жөнінде күдігі бар азаматтарға 5 мың провизорлық төсек орны әзірленді» деді Алексей Цой. Оның айтуынша, бүгінгі таңда 333 медициналық ұйымда 20 мың инфекциялық төсек-орын бар. Оның көбіне пневмониямен түскендер жатқызылуда.

«Өкпені жасанды желдетудің 3 мыңға тарта аппараты бар стационарларда қосымша 987 аппарат сатылып алынады. Сонымен бірге осындай аппараттың тағы 1 мыңын сатып алу көзделуде. Одан бөлек оксигено-терапиямен тұрақты түрде қамту үшін 4 мың оттегі концентраторын сатып алу жоспарланған. Жалпы коронавирус инфекциясы бойынша науқастарды толығымен қамту үшін стационарларда құны 138,8 млн теңгеге 59 дәрі-дәрмек түрі сатып алынды. 2 шілдедегі жағдай бойынша өңірлердегі медициналық ұйымдар 27 мың науқасқа арналған вирусқа қарсы препараттармен қамтылған. Одан бөлек 15 шілдеге дейін тағы 28 мың науқасқа арналған дәрі-дәрмекті әкелу көзделуде» деді ол.

Дәрі-дәрмекті шекті бағасынан қымбатқа сатқаны үшін жауапкершілік бар. «Дәрі-дәрмекті шекті бағасынан қымбатқа сатқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескерткім келеді. Нақтырақ айтқанда оларға айыппұл салынады. Ал егер бұл заң бұзушылық қайтадан тіркелсе, дәріхананың лицензиясын тоқтатуға дейінгі шараны қабылдаймыз. Сонымен бірге дәрі-дәрмекті рецептсіз сатқаны үшін де жауапкершілік барын ескертеміз. Интернет арқылы рецептсіз сату жағдайлары тіркелді. Мұндай жағдайлар заңмен қадағаланады» деді Алексей Цой

Алдағы уақытта Қазақстанда ПТР-тесттен өткізу жиілігі 35 мың адамға артады. «Елде тестілеуді қолжетімді ету үшін 20 ПТР-анализатор сатылып алынуда. Бұл зертханалардың өткізу мүмкіндігін тәулігіне 35 мың адамға дейін арттыра түседі. ПТР-тесттен өткізу үшін 8 көшпелі зертхана сатылып алынады. Бүгінге дейін 1,5 млн адам КВИ бойынша тесттен өтті. Тест эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша жүргізіледі» деді Алексей Цой. Сонымен бірге министр өз сөзінде халықты шектеу шараларын қатаң сақтауға шақырды. Оның айтуынша, дәл қазіргі уақытта бір адамның әрекеті бірнеше адамның өмірін сақтап қала алады.

Қазақстанға парацетамолдың 700 мың қаптамасы жеткізілді. «Медициналық ұйымдарға науқастарды КВИ-ден емдеу үшін антибиотиктің 16 түрі үзіліссіз жеткізілуде. Сонымен бірге керекті дәрі-дәрмекті жеделдетіп дәріханаларға жеткізу үшін дистрибьюторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Спекуляцияға жол бермеу мақсатында әкімдіктер бір адамға дәрі-дәрмекті шектеулі түрде сату мәселесін реттеп жатыр. Осы аптаның соңына дейін бөлшек сауда желілеріне вирусқа қарсы препараттардың 70 мың қаптамасы жеткізіледі. Ыстық түсіретін дәрілер, мәселен парацетомол Қазақстан нарығына түсе бастады. Қазіргі таңда бұл препараттың нарыққа әртүрлі өндірушілерден 700 мың қаптамасы жеткізілді. Алдағы екі аптада парацетамолдың тағы 800 мың қаптамасын жеткізу көзделген» деді Алексей Цой. 

«Қазақстандықтардың көбі КВИ-дің жеңіл түрімен ауырып болды» деген сыңайда қоғамда пікір бар. «Бұл болжам рас па?» деген сұрақ ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты барысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға қойылды. «Біз жұмысымызда өзіміздің ресми мәліметтерімізге сүйенеміз. Әлбетте, қоғамда көп адамның коронавируспен ауырып, жазылып кетті деген сыңайда пікір барын білемін. Себебі, коронавирус инфекциясы бойынша симптоматика ЖРВИ белгілеріне, әсіресе пневмонияға өте ұқсас екенін түсіну керек. Мұндай қорқыныш бар. Қазір қолымыздағы статистикалық мәліметтер – тесттермен расталған жағдайлар. Сонымен қатар ауқымды зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақын арада оның нәтижесі шығады» деді министр. Алексей Цойдың айтуынша, пневмония мен коронавирус инфекциясын жұқтырған пациенттердің микробты пейзажы жасалады. Осыдан кейін коронавирус инфекциясымен күрестің бағыт-бағдары айқындалмақ.

Қазақстанда коронавирусты жеңіл және симптомсыз көтеретін адамдарға көшпелі бригадалар ақылы қызмет көрсетеді. «Коронавирус жұқтыру күдігі болған адамдарға, індетті жеңіл немесе белгісі жоқ күйде көтеретін азаматтарға амбулаториялық көмекті мобильді көшпелі бригадалар көрсетеді. Осы күнге дейін 380 бригада құрылып қойды. Олардың санын 3 мыңға жеткізу көзделіп отыр. 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап көшпелі бригадалардың қызметі үшін арнайы тариф белгіленді. Ал емханаларға тіркелген халық учаскелік дәрігерлерден консультациялық көмек ала береді» деді ол. Оның айтуынша, емханаға анықтама бойынша барғандарға карантиндік фильтрлар арқылы қызмет көрсетіледі.

70 мың адамға арналған парацетамол мөлшерін Нұр-Сұлтан тұрғындары жарты сағаттың ішінде сатып алып кеткен. Ал көп өтпей бұл препараттар интернетте сатыла бастаған. «Кеше Нұр-Сұлтан қаласында 70 мың адамға арналған парацетамол дәрісінің мөлшері дәріханаларға таратылған болатын. Жарты сағаттың ішінде ғана оның бәрі сатылып кетті. Қазіргі уақытта интернетте бұл дәрілер қайта сатыла бастағанын көріп отырмыз. Біздің уәкілетті органдарымыз бұл мәселені жіті бақылауына алады. Сырқаттану жағынан елордада осыншама парацетамолды қажет ететіндей науқастар саны жоқ. Тиісінше бұл препараттарды кейбіреулер сатып алып, қымбатқа сатып жатыр деген сөз. Жетіспеушілік осылайша қолдан жасалып отыр немесе дене қызуы жоқ адамдар дәріні сатып алуда» деді Алексей Цой.

Соңғы тәулікте Қазақстанда коронавирус инфекциясынан 10 адам қайтыс болды. «Өткен тәулікте 10 пациент коронавирус инфекциясынан, 20 пациент пневмониядан қайтыс болды. Статистика толыққанды жарияланып келеді. Қазір біз біріккен статистикаға көштік, яғни симптомды әрі симптомсыз адамдар бірге көрсетіледі. Бұл, өз кезегінде еліміздегі нақты жағдайды түсіну үшін керек. Коронавирусқа шалдыққан әр адам індетті басқаларына жұқтыруы мүмкін. Біздің мақсат – қалыптасқан жағдайға дұрыс баға беру» деді А. Цой.

Жедел жәрдем қызметтері шақырылған үйлерде КВИ бойынша тест алуды осы аптада бастайды. «Қазіргі уақытта кейбір өңірлер мұндай форматта жұмыс істей бастады. Алайда толыққанды шешім осы аптада ғана қабылданған болатын. Тиісті нормативті құжатты біз қазір дайындап жатырмыз. Жұмыстың бұл форматын трансформациялағымыз келеді. Өңірлер аталған бағыттағы жұмысты осы аптада бастайды. Алайда келесі және одан арғы апталарда бұл жұмыстың белсенділігі артады. Алайда бұл ретте тест тек анықтама немесе КВИ белгісі байқалған жағдайда ғана алынады. Жедел жәрдем ғана емес, бұл жұмысты мобильді бригадалар да жүргізеді. Олар да азаматтардың үйіне барып, медициналық көмек пен кеңес береді» деді Денсаулық сақтау министрі.

Қазақстана коронавирус инфекциясынан келетін өлім-жітім статистикасы аптасына бір рет берілетін болды. «Бұл маңызды шаруа. Біз бұрын мұндай мәліметтерді күн сайын беріп отырдық. Алайда бір пациент бір күн бұрын қайтыс болса, біз ол туралы мәліметті келеіс күні алып отыруымыз мүмкін. Сол себепті мұндай статистиканы аптасына бір рет беріп отыруды жөн деп шештік» деді Алексей Цой.

Денсаулық сақтау министрі симптомсыз коронавирусқа шалдыққан азаматтарға ауруханаға жатуға неліктен рұқсат берілмейтінін түсіндірді. «Коронавирус инфекциясын белгісі жоқ күйде немесе жеңіл түрде көтеретін азаматтар тұрғылықты жері бойынша учаскелік терапевтің бақылауында болатынын түсіну керек. Ал инфекциялық және провизорлық стационарларға COVID 19 ауруын орташа ауыр және ауыр күйде көтеріп жатқандар, ЖРВИ-мен және пневмониямен ауырғандар жатқызылады» деді Алексей Цой.

Алексей Цой елдегі дәріханаларда градусниктердің жетіспеушілігін жоққа шығарды. «Жалпы градусниктер біздің нарықта жетеді. Бөлшектік желіде де баршылық. Ауқымды дефицит пен дүрбелең сынапты градусниктерге қатысты туындап отыр. Қазір нарықта баламалы нұсқалар жетерлік» деді Алексей Цой. Министр бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып өтті. «Қандай да бір талаптарды қойып отырған ұйымдармен жұмыс жүргізіп, олардың мәселесімен айналысып жатырмыз» деді ведомство басшысы.

Дереккөз: Хабар 24 тікелей эфирі

Бөлісіңіз