Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев: Алматыда эпидемиологиялық жағдай күрделі, бірақ бақылауда

268 қаралу саны

Бүгін, 6 шілдеде Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында қаладағы эпидемиологиялық жағдай туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Біз «Кеткеткет.кз» сайтының оқырмандары назарына осы брифинг барысында айтылған маңызды мәселелер туралы материалды ұсынып отырмыз.

Алматыда апта соңына дейін қосымша 500 орын ашылады. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев онлайн брифинг барысында айтты. «Бүгінде қалада коронавируспен күреске қуаттылығы 3 340 жатын орынға шақталған 19 стационар жұмылдырылған – өсім 7 есеге көбейген. Психикалық денсаулық орталығының негізінде қосымша 150 орын, Урология ғылыми орталығында 150 орын ашып, Halyk Arena базасының негізінде 200 орынды кезеңімен 1 000-ға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Осылайша, осы аптаның соңына дейін қосымша 500 орын әзірленеді. Сонымен бірге, Halyk Arena базасының негізінде жансақтау бөлімі, тиісті құралдары бар толыққанды стационар ашылады, науқастарға оттегі орындары қолжетімді болады» деді Алматы әкімі.

Сонымен қатар, ол қалада коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау бойынша барлық бағытта белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. «Амбулаторлық деңгейде «виртуалды инфекциялық аурухана» ашылды. Сонымен бірге, COVID-19 жұқтырған мұқтаж науқастарды, бақылап, емін түзету бойынша, сонымен бірге, тәулік бойғы режимде тәуекел тобындағы науқастардың асқынуының дамуын амбулаторлық деңгейде бақылау үшін мониторинг орталығы жұмысын бастады. Аталған шаралар жағдайлары ауыр науқастарды, әсіресе қарт адамдарды бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Олардың құрамына құрамына бөлім меңгерушілері, инфекционист дәрігерлер, эпидемиологтер, учаскелік дәрігерлер және мейірбикелер енген. Қазіргі уақытта 72 бригада мобилизацияланды және АМСК 297 қызметкері жұмылдырылды» деді Бақытжан Сағынтаев.

Алматыда инфекциялық ауруларды емдейтін мекемелердің жүктемесі 85 пайызға жетті. «Алматыдағы жұқпалы аурулар стационарларына күнделікті 100-ден астам адам келіп түседі. Инфекциялық ауруларды емдейтін мұндай мекемелердің жүктемесі 85% құрайды. Міндет – 1 қыркүйекке дейін жұқпалы және уақытша ауруханалардағы орынды 6 мың төсекке дейін арттыру» деді Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Қазіргі уақытта Алматыда коронавирус жұқтырғандардың саны – 6 202. Жұқпалы емдеу мекемесінде – 1 772 адам, провизорлық ауруханаларда 1 215 науқас бар.

Алматыда эпидемиологиялық жағдай күрделі, бірақ бақылауда. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай елімізде енгізілген екі апталық шектеуге байланысты екі күннен бері жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес, бірқатар кәсіпорын жұмысын тоқтатты. «Оның дені шағын және орта бизнеске байланысты. Жалпы, 680 мыңға жуық жұмыс орнының қызметі тоқтатылды» дейді қала басшысы.

Сонымен қатар, ол қаладағы эпидемиологиялық ахуалға тоқталды. «Эпидемиологиялық жағдайға келер болсақ, жағдай бақылауда, бірақ күрделі. Жалпы, өңірде 6 202 вирус жұқтыру жағдайы тіркелген. Күнделікті өсім 1,1%, оның ішінде сырқаттанғандардың негізгі бөлігі жұмысқа қабілетті тұрғындар (82%). Індеттен 2 485 адам жазылып шықса, 26 адам көз жұмған. 6 шілдеде анықталған науқастар саны – 113, реанимацияда 64 науқас жатыр. Аурудың ауырлық дәрежесіне назар салар болсақ, жағдайы аса ауыр науқастар саны – 24, осындай науқастар саны арта түсуде. 1 264 науқастың жағдайы орташа ауыр және 135 науқастың жағдайы қанағаттанарлық деңгейде» деді Бақытжан Сағынтаев.

Дереккөз: ОКҚ тікелей эфирі

Бөлісіңіз