Алматы әкімдігі COVID-19 індетін тест тапсыру кезінде жұқтырып алуға болады деген қауесетті жоққа шығарды

228 қаралу саны

«Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Алматыда тест тапсыру кезінде ауру жұғыпты-мыс деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Коронавирус инфекциясына тест тапсыру кезінде тек сертификатталған реагенттер пайдаланылады. Коронавирусты диагностикалау мәселесі ерекше бақылауға алынған. Біз арандатушылар мен алып-қашпа әңгімелердің соңында кетпей, ресми ақпарат көздеріне жүгінуді сұраймыз» деді Комиссия төрағасы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров.

Қазір Алматыда COVID-19-ды анықтау тестін жүргізетін 7 зертхана (Ұлттық сараптама орталығы, Санитарлық-эпидемиологиялық сараптау және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы, М. Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы, Орталық референс-зертхана, Medical Partners Korea Clinic қазақстандық-корейлік клиникасы, «Олимп» КДЗ, «Атакент» ҚІҚО аумағындағы модульді кешен) қызмет етіп жатыр.

Сараптама тапсырудың барлық пункттерінде осы бағыттағы жұмыстарды реттейтін санитарлық ережелердің талаптары сақталады, қызметкерлердің биологиялық қауіпсіздікті қатаң сақтауы барлық жүргізілетін процедураның кепілі болып табылады. Өз кезегінде, тест жүргізу үшін пайдаланылатын реагенттер тексерудің барлық кезеңдерінен өтті. Соның нәтижесінде жұмыста оны тек ҚР-да ғана емес, бүкіл әлем бойынша қолдануға рұқсат етілген.

Анализ стерильді, бір реттік материалмен (зондтармен) жасалады, олар пайдаланылғаннан кейін белгіленген ережелер сәйкес пайдаға (кәдеге) асырылады. Қайтадан пайдалануға жол берілмейді. «Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің Қаулысына сәйкес референс-зертханалардың мамандарымен жасалып жатқан зерттеулердің мониторингтік бақылауы жүргізілуде. Комиссия өз тарапынан COVID-19-ға тексеру бойынша халыққа қызмет көрсететін жекеменшік зертханалардың басшыларын карантинді күшейту кезіндегі шараларды ұйымдастыру мен бақылау туралы: маска тағу режимінің, кезекте әлеуметтік қашықтықтың сақталуын, науқастардың алдын ала жазылуы, зерттеу жүргізу үшін қан тапсыру көлемін бөлуді қосымша ескертеді» деді Ержан Бабақұмаров.

Бөлісіңіз