Аружан Саин: Пандемияда балаларға қандай көмек көрсетілді?

292 қаралу саны

Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин пандемия кезіндегі балалар құқығын қорғау жұмыстары жөнінде баяндады.
«Бақытымызға орай, ересектерге қарағанда балалар коронавирусты жеңіл өткереді. Бұл өте маңызды деп ойлаймын. Барлық ауырған балалар коронавирусты жеңіл формада өткізді. Дегенмен, бұл пандемия балалардың өміріне айтарлықтай әсер етті. Балабақша мен мектептен бастап, интернат пен балалар үйінде де карантин жалғасуда. Әрине, оңай емес. Балалар мен ата-аналарға сабыр мен төзім қажет. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитеті ата-ана қарауынсыз қалған балалар мекемесіндегі жағдайды үнемі қадағалайды. Әр сәрсенбі сайын барлық мекеме директорларымен онлайн жиналыс өтеді. Өкінішке қарай, ауру ошақтары да бар. Мәселен, Аягөз интернатында 40-қа жуық адам – қызметкерлер мен балалар ауырып қалды. Балалардың ауруды жеңіл өткеріп жатқаны хабарланды. Қазір онда тәжірибелі педиатр жұмыс істеп жатыр. Жағдай реттеледі деп ойлаймыз» деді Аружан Саин Фейсбукте өткен Antikor.live конференциясында.

Оның айтуынша, өзге де ауыр сырқатқа ұшыраған балаларға да көмек көрсетіліп жатыр. «Біз оларға қажетті құралдарды барынша көп алуға тырыстық. Мысалы, эпилепсия диагнозы бойынша препараттар ала алмадық. Жақын арада аламыз деп үміттенемін. Осы орайда катетер алып, балаларды бір жылға қамтамасыз етуі тиіс болған жергілікті атқару органдарына шағымданғым келеді. Менде әлі барлық өңірлердің катетер сатып алғаны туралы ақпарат жоқ. Бұл катетерлер Қазақстанда өндіріледі, бірақ бірде-бір әкімдік бұл зауыттан бұйым сатып алмаған. Өзге шетелдік өндірушілерден импорттық заттар алдырған» деді спикер.

Сонымен бірге Аружан Саин мемлекеттік сатып алулар мәселесін қарауды өтініп, ҚР Президентіне хат жолдағанын айтты. «Әзірге 177 млн теңгеге көмек көрсетілген. Қазақстанның барлық клиникалары коронавирус инфекциясы бойынша біздің қорға хабарласа алады. Әрине, біз барлығын тауып бере алмаймыз. Катетер өндіретін зауыт алғашқы партиясын – алдыңғы шикізаттардан жасалған бұйымдарды 95 теңгеден берді. Ал соңғы шикізаттар бойынша шамамен 150 теңге болады. Мен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, мемлекеттік сатып алулар саласын тексеруді сұрадым, әкімдіктердің қажетті бұйымдарды үстемеленген бағамен алып жатқанын айттым» деді Аружан Саин.

Аружан Саин дағдарыста мұқтаж отбасыларға көмек көрсету жолдарын ұсынды. «Көпбалалы аналарға, жалғызбасты аналарға берілетін жәрдемақылар толық көлемде төленіп келеді. Мүгедектік сынды куәліктің мерзімі өтсе, оны қайта куәландырудың қажеті жоқ. Автоматты түрде үш айға созылады. Ал 42500 теңге төлеммен дауласар едім. Әрине, халықты қолдау шараларымен экономистер айналысады. Дегенмен, мен балалардың санына қарай көмек көрсетуді ұсынамын. 42500 теңге алатын ересек адамның бір немесе бірнеше баласы болуы мүмкін. Ресейдің тәжірибесіне қарар болсақ, ондағы жәрдемақы бала санына қарай беріледі. Мұнда қисын бар дер едім. Өйткені, 42500 теңгемен бір адам өмір сүруі мүмкін, бірақ бірнеше балаға жеткізу мүмкін емес» деді Аружан Саин Фейсбукте осы конференцияда.

Спикер бұл мәселені жедел қарастыру қажеттігін атап өтті. «Біз үшін карантин күтпеген оқиға болды. Бұл наурыз-сәуірдегідей қатаң карантин емес, дегенмен оны қайтадан енгізетінін ешкім күтпеді. ҚР Қаржы министрлігі, Еңбек министрлігі тарапынан бұл мәселені жедел түрде қарастыру қажет. Ресми түрде бұл ұсынысты ешқайда жібермедім. Өз командамыз ішінде ғана талқыладық. Бүгінгі эфирді пайдалана отырып, көпшілікке жариялағым келеді. Ресми түрде қажет болса, оны да жіберемін» деді Аружан Саин.

Аружан Саин Қазақстанда бала асырап алуда қандай кедергілер бар екенін айтты. «2006 жылдан бері біздің қор «Казахстан без сирот» жобасы арқылы еліміздегі жетім балалардың санын азайту үшін жұмыс істеп келеді. Бұл туралы көп жаздық, заңнаманы өзгертуге де қол жеткіздік. Ата-ана қарауынсыз қалған бала балалар үйіне түседі. Әрине, елдегі әлеуметтік жағдай жоғары болған сайын, ата-аналар да балаларын қалдырмас еді. «Аналар үйі» де көптеген әйелге баласымен паналауға мүмкіндік беріп, балалар үйінің азаюына ықпал етті. Мұнда әйелдерге жаңа кәсіп үйреніп, оқу оқып, өз аяғына тұрғанша көмек көрсетіледі. Қараусыз қалған балалар туралы деректер банкін аштық. Қазақстанда мыңдаған адамдар балалы болғысы келеді, бала асырап алғысы келеді» деді Аружан.

Сонымен бірге, спикер бала асырап алуға кедергі келтіретін жүйе туралы айтып берді. «Маған түрлі шағымдар келеді: талап етуге құқығы жоқ құжаттарды сұратады, баланы таңдауға мүмкіндік бермейді, құжаттарды жинап әкелген адамға да «бала жоқ» деп жауап береді. Қалайша жоқ? Балалар үйіндегі әр бала отбасында өмір сүруге лайықты. Мұның барлығы мемлекеттік қаражат есебінен жұмыс істейтін мекеме жүйесіне байланысты болып отыр. Мұндай мекемеге әр бала үшін айына 200 мың теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Бала көп болған сайын, ақша да көбейеді. Мұндай біртұтас жүйені бұзу қиын. Олар үшін балалар үйінің жабылмай, жұмыс істеп тұрғаны тиімді. Біз түрлі өңірлердегі прокуратуралармен жұмыс істейміз. Олар бұл саладағы ауқымды жымқыру фактілерін анықтап отыр. Балалар – бұл жүйенің тұтқыны, өседі де қайда барарын білмейді. Егер әр бала өз отбасын тапқанда, бала болашағы да, жағдай да басқаша болар еді. Әзірге бұл мәселенің жалғыз шешімі – балалардың отбасында тәрбиеленуі»деді А. Саин. Сөз соңында спикер балалар үйінде тәрибеленгендердің мүлік мәселесі туралы пікір білдірді. «Көптеген балалар ата-анасынан, ата-әжесінен қалған мұрасы (пәтер немесе үй) бола тұра балалар үйіне түседі. Кейін балалар үйінен шыққанда, еш мүліксіз қалады. Біз бірнеше баланың мұра үшін күресуіне көмектестік. Волонтерлер құқықтық тұрғыда қол ұшын созды. Бірнеше жыл сотқа бардық, БАҚ өкілдерін шақырдық. Балалардың мүлкі бойынша мұқият тексеру жұмыстарын жүргізу керек» деді уәкіл.

Дереккөз: Фейсбукте өткен Antikor.live конференциясы

Бөлісіңіз