Асқар Мамин: Бір апта ішінде коронавирусқа қарсы жаңа шаралар дайындалады

259 қаралу саны

Бүгін, 19 маусымда Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин 1 апта ішінде коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес бойынша жаңа шараларды дайындауды тапсырды.

«Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда биыл жұқпалы аурулардың 57 түрі бойынша науқастану төмендеді. Оның ішінде, менингит – 3,5 есе, қызылша – 2,8 есе, сальмонеллез – 2,1 есе азайды. Бес айдың ішінде 1,4 млн адамға жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық екпе жасалды. Бұл егілуге тиіс адамдардың 92 пайызын құрайды» деді ол.

Үкімет басшысының айтуынша, коронавирус инфекциясына қатысты жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Соңғы екі аптада барлық дерлік өңірде науқастар саны көбейді. «Осыған орай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ведомствоаралық комиссияның кешегі шешімімен алдағы демалыс күндері бірқатар ірі қалаларда және тұрғындарының саны 50 мыңнан асатын барлық өңірлердің елді мекендерінде қосымша шектеу шаралары енгізілді. Бұл шешім нақты орындалуы қажет. Әкімдіктер санитарлық нормалар мен қоғамдық жерлерде әлеуметтік арақашықтықтың қатаң сақталуына ерекше назар аударуы тиіс. Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес бойынша жаңа шаралар кешенін бір апта ішінде дайындауды тапсырамын. Әрбір өңірдегі жағдайды ескере отырып, іске асырылатын шараларды өзгерту бойынша жедел шаралар қабылдансын» деді Асқар Мамин.

«Индустрия, Денсаулық сақтау министрліктері жеке қорғану құралдарының отандық өндірісін ұлғайту және халық үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдасын. Мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, жасанды тыныс алу аппараттары мен жеке қорғаныс құралдарының жеткілікті қорын жасауды тапсырамын, олардың мемлекеттік материалдық резервте болуын қамтамасыз етіңіздер» деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр әкімдіктерге ірі кәсіпорындардың өз жұмыскерлерін жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету мәселесін пысықтауын қатаң тапсырды. «Ауыл шаруашылығы министрлігі профилактикалық санитарлық-ветеринарлық іс-шаралардың, оның ішінде әртүрлі инфекциялардың таралуына жол бермеу үшін вакцинация, эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізілуін қатаң бақылауды қамтамасыз етсін. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, жыл сайынғы халықты иммунизациялау жоспарын орындасын және коронавирус инфекциясына қатысты қазіргі жағдайды ескере отырып, іс-қимыл алгоритмін жаңартсын. Әрбір әкім коронавирусқа қатысты жағдайды тұрақты жеке бақылауында ұстасын» деді Асқар Мамин.


Дереккөз: ҚР Үкімет отырысынан тікелей эфир

Бөлісіңіз