Қарым-қатынаста болғандар толық оқшауландырылды

Фото: Қарым-қатынаста болғандар толық оқшауландырылды
153 қаралу саны

Бүгін, 23 наурызда Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев Ақтөбе қаласында коронавирус табылған адаммен қарым-қатынаста болғандардың барлығы оқшауландырылғанын брифингте мәлімдеді.

«Қазіргі таңда Ақтөбе облысында коронавирус инфекциясына байланысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бүгінде облысымызда бір науқаста коронавирустық инфекция анықталды. Ол науқас 22 наурыз күні шетелден келген. Науқасты бірден инфекциялық ауруханаға оқшаулаған едік. Зертханалық тексеру барысында тұрғынымыздан коронавирус инфекциясы анықталды. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты. Қажетті емдік іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Осы науқаспен байланыста болған барлық тұрғындарды оқшаулау жұмысын аяқтадық» деді Әсет Қалиев.

Оның айтуынша, Ақтөбе облысында стационарлық карантинде 68, үй карантинінде 38 тұрғын жатыр. Олардың барлығының жағдайын дәрігерлер күнделікті бақылауда ұстап отыр. «Біз көшеге шығуды, қоғамдық орындарға баруды барынша шектеу арқылы ғана денсаулығымызды қорғай аламыз. Коронавирус инфекциясымен күрестің ең тиімді әдісі – адамдар арасындағы байланысты мейлінше азайту» деді ол.

Барлық қазақстандықтардың өзара қол ұшын беруіне арналған сайт: Qoldasy.kz

Кнопка домой
Бөлісіңіз