Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі не туралы баяндады?

252 қаралу саны

Бүгін, 28 шілдеде өтіп жатқан Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қатаң карантин шараларының нәтижесі туралы айтты.  «Қатаң карантин шаралары енгізілгелі бері, яғни 5 шілдеден бастап үш аптаның ішінде КВИ жұқтырудың 35 951 жағдайы тіркелді. Жалпы қатаң шектеу шараларын енгізген сәттен кейін тіркелген жағдайлардың 29 пайызға азайғаны байқалады. Қазіргі уақытта COVID-19 вирусын жұқтыру бойынша жағдай күніне орташа есеппен 1600 адам деңгейінде тұрақталды. Сонымен қатар, төсек орындар 43 пайызға, жансақтау бөліміндегі төсек орындар 27 пайызға босады» деді Алексей Цой.

Оның айтуынша жұқтырғандардың ішінде сауыққандардың үлесі 63 пайызға артқан. «Осылайша денсаулық сақтау жүйесіне түскен жүктеменің негізгі көрсеткіштерін төмендетуге қол жеткізілді» деді ол.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қоғамдағы қауіпсіздік пен гигиена шараларын әрі қарай сақтауды ұсынды. «Бүгінде бүкіл қазақстандық қоғам коронавирустың емес, қауіпсіздік пен салауатты әдеттердің «жұқпалы» болуы үшін барлық шараларды қабылдауы қажет. Ол үшін ең алдымен маскалық режим мен гигиенаны әрі қарай сақтауды қамтамасыз ету қажет. Үйден тыс жерде масканы міндетті түрде тағу – инфекцияның таралуын 30%-ға қысқартады. Сонымен бірге, инфекцияның таралуында қол гигиенасы ерекше рөл атқарады» деп атап өтті министр.

Осыған байланысты, ең алдымен мүдделі мемлекеттік органдар мен жергілікті атқару органдарын тартып, қауіпсіздік белдіктерін міндетті қолдану мысалында маска режимін сақтау үшін де бизнесті бақылау мен жауапкершілікті күшейту қажет. Екіншіден, барлық қоғамдық орындарда қолды өңдеу үшін санитерлерді орнатуды қамтамасыз ету керек. Үшіншіден, барлық ақпараттық арналар бойынша халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек.

«Сондай-ақ, әлеуметтік қашықтық қағидаты сақталуы тиіс: кеңселердің қашықтан жұмыс істеуі (20/80 қатынасында) және оқушылар мен студенттерді қашықтықтан оқыту; Маскалық режимді мен әлеуметтік қашықтықты сақтау мүмкін болмағандықтан, бұқаралық іс-шаралардың барлық түріне тыйым салу; Бизнестің жауапкершілігін арттыру – бақылауды күшейтіп, нысандарды бөліктерге бөлу және адамдардың толып кетпеуін қадағалау керек. Бұл шаралар барлық ақпараттық арналар бойынша насихатталуы қажет» деді Алексей Цой.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда 3 тамыздан бастап қандай нысандардың жұмыс бастауына рұқсат берілетінін атады. «Жалпы COVID-19 ауруын жұқтыру мен одан келетін өлім-жітім жағдайының ары қарай тұрақталуы – экономиканың барлық секторын тартып, үйлесе жұмыс жүргізуге байланысты болмақ. Атап айтқанда тұрақтандыру бағытындағы қабылданған шаралардың нәтижесінің 30 пайызы ғана – медициналық көмек пен эпидемиологиялық шараларға байланысты. Ал қалған 70 пайызы жаппай маска кию режимі мен гигиенаға (30 пайызы), сонымен қатар әлеуметтік қашықтықты сақтауға (40 пайызы) байланысты» деді Алексей Цой.

Осылайша министр карантин аяқталғаннан кейін, яғни 3 тамыздан бастап қандай нысандардың жұмыс бастауына рұқсат берілетінін айтып өтті. Ол үшін төмендегі нысандарда санитарлық-дезинфекциялық режим сақталып, маска кию мен әлеуметтік қашықтықты сақтау талаптары орындалуы керек. Бұл нысандар жұмысын бастау үшін апта ішінде инфекцияның таралу деңгейі тұрақталып, төсек орындар 70 пайызға босауы тиіс.

«Атап айтқанда осындай шарттар орындалған жағдайда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, уақыты мен күні шектеулі тәртіпте сауда желілері, жабық азық-түлік нысандары мен азық-түлік сатпайтын базарлар ашылады. Сондай-ақ, балалардың коррекция кабинеті, білім беру орталықтары, балаларды дамыту орталықтары, топтық үйірмелер (бес баладан аспауы керек) жұмыс бастайды. Балалардың мектепке дейінгі мекемелеріне де кезекші топ режимінде жұмыс істеуге рұқсат. Сән-салондары, шаштараздар, косметикалық қызмет көрсететін орталықтар мен салондар, маникюрлар мен педикюрлар (алдын ала жазылу бойынша) да ашылады» деді ол.

Алексей Цойдың айтуынша мемлекеттік қызметшілер мен кеңсе қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеу тәртібі сақталуы тиіс.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой тұрғындардың көшеде қандай талаптарды сақтауы қажеттігін түсіндірді. «Спортпен айналысу форматына қатысты, әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, ашық ауада жеке және топтық жаттығуларға рұқсат етіледі. Сондай-ақ, ұлттық құрамалар үшін 30 адамнан аспайтын спорттық жаттығуларға рұқсат беріледі» деп атап өтті министр.

Министр халықтың көшедегі қозғалысына қатысты мынадай талаптар сақталатынын айтты. «Көшеге, саябақтарға, скверлерге және жағалауға барғанда 3 адамнан артық топтасуға болмайды. Қоғамдық көліктің жұмысы уақыт пен жолаушылар санын 50% шектей отырып, маскалық, санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтауды және кондукторлардың болуын міндеттеу арқылы қайта жанданады» деді Алексей Цой.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 3 тамыздан кейін қандай шектеу шаралары күшінде қалатынын айтты. «3 тамыздан кейін мына тыйым күшінде қалуы керек: жаппай жиналатын бұқаралық шараларды өткізуге, көңіл көтеретін мекемелерге, кинотеатрлар мен фудкорттарға, банкет залдарының жұмыс істеуіне рұқсат жоқ. Мейрамханалар мен барлар, түнгі және ойын клубтары да әзірге жұмыс бастамайды. Мәдениет нысандарының, музейлердің жұмысы жанданбайды. Конференциялар мен көрмелер, форумдар өткізілмейді. Спорт залдардың, фитнес-орталықтардың, бассейндер мен аквапарк пляждарының, діни нысандардың жұмысы басталмайды. Табиғи жолаушылар пойызы (жұмыс пойыздарын есептемегенде электричкалар) мен қала арасындағы автобустардың қозғалысы жанданбайды» деді Алексей Цой.

Коронавирус көрсеткіштерінің оң қарқыны карантин шараларын кезең-кезеңмен жұмсарту мүмкіндігін береді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. «Карантиндік шараларды жұмсарту бойынша әзірленген өлшемдерге сәйкес, министрлік инфекцияның репродуктивтік көрсеткішін – бір науқас оқшаулағанша ауру жұқтыратын адамдар саны және КВИ емдеу үшін инфекциялық стационарлардың төсек қорының жұмыспен қамтылу пайызын қадағалайды» деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, карантиннің 3 аптасында инфекцияның репродуктивтік көрсеткіші 1,2-ден 0,99-ға дейін төмендеді. Және төсек-орынның қамтылу пайызы 90%-дан 47%-ға дейін төмендеген.

«Осылайша, Денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеменің негізгі көрсеткіштерінің жоғарыда көрсетілген оң қарқыны карантиндік шараларды кезең-кезеңмен жұмсарту мүмкіндігін береді» деді Алексей Цой.

Дереккөз: ҚР Үкіметі отырысының тікелей эфирі.

Бөлісіңіз