Бүгін, 6 шілдеде елімізге белгілі дәрігерлер брифинг өткізіп, коронавирус індеті жөнінде көптеген сұрақтарға жауап берді

250 қаралу саны

Бүгін, 6 шілдеде Орталық коммуникациялар қызметінде елімізге белгілі дәрігерлер брифинг өткізіп, көптеген сұрақтарға жауап берді. «Кеткеткет.кз» сайтының оқырмандарына осы брифингте айтылған басты мәселелерді ұсынып отырмыз. Сұрақтарға Астана медицина университетінің кафедра меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Нұрила Малтабарова мен Астана медицина университеті балалар инфекциялық аурулары кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы, дәрігер-инфекционист Баян Тұрдалина жауап береді.

Коронавирус кезінде өкпе қалай зақымданады? Бұл сауалға Астана медицина университетінің кафедра меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Нұрила Малтабарова жауап берді. «Бүгінде әлеуметтік желіде клиникалық хаттамаға, коронавирустан өлім-жітімге қатысты ақпарат өте көп. Сондықтан коронавирус инфекциясының ағымының ерекшеліктері және неліктен өлім-жітім орын алатындығын түсіндіргім келеді. Қазіргі уақытта өкпенің ісінуі – бұл тек коронавирус инфекциясы кезінде ғана емес, сонымен бірге ауыр қатерлі жағдайда да қауіпті асқыну. Өкпе тіні ісініп, вирус аралық кеңістікті зақымдай бастайды. Ол жерде сұйықтық жиналады. Өкінішке орай аурудың ауыр сатысында өкпе мен тамырлар арасындағы осынау кеңістікке өте көп су жиналып, өкпе ісінеді. Дәл осы жайт өлім-жітімге алып келуі мүмкін. Даму жолдары өте көп. Бірақ, ең бастысы, вирус өкпе тінін жылдам зақымдайтындығын айтуымыз керек» деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, артериалды гипертензия, жүрек-қан тамыр жүйесі аурулары, қант диабеті, семіздік сынды сырқаттар кезінде де өкпе қабынуы мүмкін. «Жүрек-қан тамырлары жұмысының жеткіліксіздігі салдарынан ағзада сұйықтық көбейіп, өкпедегі ісік ұлғаяды. Біз өлім-жітім себебінің бірі өкпе қабынуы болуы мүмкін дегенімізде, бұл инфузиялық препараттардан емес, жүрек-қан тамыры жүйесі жұмысының жеткіліксіздігінен ағзада сұйықтықтың артқандығынан дегенді білдіреді. Мұндай жайт созылмалы аурулар түріндегі жоғарыда аталған тәуекел факторлары бар пациенттердің басым бөлігінде орын алады» деді Нұрила Малтабарова.

Коронавирустан қалай қорғану керек? Бұл туралы Астана медицина университеті балалар инфекциялық аурулары кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы, дәрігер-инфекционист Баян Тұрдалина айтып берді. «Қазіргі ахуалды, жағдайды ескеретін болсақ, барлығымыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығаратын уакыттың дәл бел ортасында тұрмыз. Сондықтан дәрігер-инфекционист, балалар дәрігері, үш баланың анасы ретінде COVID-19 инфекциясынан қорғану шараларымен бөліспекпін. Біріншіден, мемлекеттік органдардың екі апталық карантин шараларын енгізуі – оқшауланудың әлі күнге дейін ең маңызды алдын алу шарасы екенін дәлелдейді. Сондықтан мүмкіндігінше – жанұялық мерекелер сынды той-томалақты уақытша тоқтата тұрыңыздар. Бұл шара арқылы біз егде тартқан адамдардың, яғни қауіп тобындағы адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтаймыз» деді ол.

Оның атап өтуінше, екіншіден, жеке гигиеналық талаптарды қатаң сақтау қажет. Бұл кез келген инфекциялық аурудың алдын алу жолы саналады. «Жеке гигиеналық талаптар әр азаматтың өмір сүру салтының бір бөлігіне айналғаны анық. Соны одан ары қарай ұстана беруіміз қажет. Қолды кемінде 20 секунд сабынмен жуу, көп адам шоғырланған жерде маска тағу, антибактериалды ерітінділермен қолды жиі өңдеп отыру, түшкіру, жөтелу кезінде респираторлы этикет қағидаларын сақтану керек» деді дәрігер-инфекционист.

Баян Рысбекқызы үшіншіден, иммунитетті жоғарылатуға арналған шараларды ұстану, күндізгі және түнгі ұйқының балансын сақтау, дәрумендерге байытылған дұрыс тамақтану рационын сақтау, стресстік жағдайлардың мейлінше алдын алу, спортпен шұғылдану және барынша позитивті көңіл-күйді сақтауға талпыну керектігін айтады. Дәрумендерге бай таңқурай, қарақат сынды жеміс-жидектерді тұтынуға кеңес береді. «Төртіншіден, егер сізде артериалды гипертония, қант диабеті, семіздік, созылмалы жүрек, өкпе ақаулары сынды қосалқы аурулар бар болса, онда сол ауру бойынша емдеуші дәрігер жазып берген негізгі ем жоспарын тоқтатпай, созылмалы ауруынызды өршітіп алмауларыңыз қажет. Ал егер COVID-19 ауруына шалдығып, ауруханаға жататын болсаңыз, қосалқы аурудан қабылдап жүрген дәрі-дәрмектеріңізді өзіңізбен алып жүргеніңіз жөн. Себебі, COVID-19 ауруының асқынуына қосалқы ауруларыңыз да себеп болып қалуы мүмкін» деді Баян Тұрдалина.

Дексаметазон препараты стационарда жағдайы өте ауыр пациенттерге ғана тағайындалады. Бұл туралы Астана медицина университеті балалар инфекциялық аурулары кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы, дәрігер-инфекционист Баян Тұрдалина айтты. «Әлеуметтік желіде көптеген ақпарат таралып отыр. Соған орай айта кетерлігі, Қазақстанда клиникалық хаттама дүниежүзінде пандемия орын алғанға дейін ақпан айында ең бірінші нұсқасы дайын болған еді. Сол уақыттан бері 4-5 айдың ішінде еліміздің жетекші ғалымдары осы клиникалық хаттаманы жақсарту, жаңарту бағытында көп еңбек етті» деді ол.

Осы ретте дәрігер-инфекционист клиникалық хаттаманың құрамындағы антибактериалды терапия бөліміне тоқталды. «Коронавирус инфекциясы вирусты инфекция болғаннан кейін тікелей көрсеткіштері жоқ. Әрине жекелеген жағдайда антибактериалды терапияны қосалқы бактериалды инфекция қосылғанда ғана қолданған дұрыс. Оны да тек дәрігер нақты айтып бере алады. Оның барлығы біздің клиникалық хаттамада ескертпе ретінде көрсетілген» деді маман.

Оның атап өтуінше, өкпе қабынуына қарсы әсер ететін Дексаметазон препараты стационарда жағдайы өте ауыр пациенттерге тағайындалады. Ол да клиникалық хаттаманың бөлімдерінде көрсетілген. «Халық арасында аталған препараттарды қосымша қор ретінде сатып алу жағдайларының көп болуына, әлеуметтік желіде дұрыс ақпараттың таралмауына байланысты көп қиындық туындады. Сондықтан ресми деректерге ғана сенуге шақырамыз» деді Баян Тұрдалина.

Коронавирустың жедел кезеңінде тыныс алу жаттығуларын жасау зиянды. Бұл туралы Астана медицина университеті балалар инфекциялық аурулары кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы, дәрігер-инфекционист Баян Тұрдалина айтты. «Кез келген адам коронавирус вирусты, яғни жұқпалы процесс екендігін ұмытпауы тиіс. Әрине, жұқпалы процесс кезінде өкпеде, жалпы ағзада әртүрлі өзгерістер болуы мүмкін. Жалпы, тыныс алу жаттығулары тиімді. Бірақ, жедел кезең аяқталғаннан кейін ғана. Кез келген инфекциялық аурулардың жедел кезеңіндегі тыныс алу жаттығуы немесе басқа да физиотерапиялық әдістер тек зиянын тигізеді» деді Баян Тұрдалина. Сондықтан оның атап өтуінше, тыныс алу жаттығуын пациент стационарда негізгі емін алып болып, үйіне жіберілгеннен кейін ғана жасауы қажет. «Бұл жаттығулардың өкпе қызметін қайта қалпына келтірудегі маңызы өте зор» деді дәрігер-инфекционист.

D және C дәрумендерінің коронавирустан емделуде пайдасы бар ма? Бұл сауалға Астана медицина университеті балалар инфекциялық аурулары кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы, дәрігер-инфекционист Баян Тұрдалина жауап берді. «D және С дәрумендерін қолдану мөлшеріне қатысты айтар болсақ, олар, әрине, жалпы иммунитеттің жақсаруына, зат алмасу процесінің реттелуіне көмектесетін бірден-бір дәрумен саналады. Ал дәл коронавирус инфекциясы кезінде бұл дәрумендердің пайдалы әсері бар дейтіндей дәлел жоқ. Иммунитетті көтеру үшін бұл дәрумендерді барынша көп ішу қажет деген пікір де халық арасында болмауы тиіс» деді ол.

Осы орайда инфекционист-дәрігер аталмыш витаминдерді коронавирус кезінде көптеп пайдалануға қатысты айтты. «Сондықтан бұл дәрумендерді көп мөлшерде пайдаланудың еш қажеті жоқ. D дәруменін де, С дәруменін де балалар жасы мен салмағына, ал ересектер белгіленген мөлшерге байланысты ішулері қажет» деді Баян Тұрдалина.

Астана медицина университеті коронавируспен күреске қажетті медициналық мамандықтар бойынша дәрігерлерді қайта дайындау бағдарламасын әзірледі. Бұл туралы аталған оқу орнының кафедра меңерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Нұрила Малтабарова айтты. «Бүгінгі күні Астана медицина университетінде зертханалық диагностикалау дәрігерлерін дайындау, індет талаптары бойынша қажетті өзге де мамандық дәрігерлерін қайта дайындау бағдарламасы әзірленді. Қайта дайындау жұмыстары осы жылдың 3 тамызынан басталады деп жоспарлануда. Еліміздің 7 өңіріне бағдарламаның дайындалғаны туралы ақпараттық хат жіберілді. Өтінім күтіп отырмыз. Біз жас мамандарды қабылдауға дайынбыз» деді Нұрила Малтабарова.

Ал осы оқу орнының Балалар инфекциялық аурулары кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы, инфекционист-дәрігер Баян Тұрдалина инфекционист, анестезиолог-реаниматолог болғысы келген дәрігерлерді қабылдауға дайын екендерін айтты.

Дәрігерлер коронавируспен ауырған кезде дене шынықтырумен айналыспауға кеңес береді. Бұл туралы Астана медицина университеті Балалар инфекциялық аурулары кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы, инфекционист-дәрігер Баян Тұрдалина айтты. «Сау иммунитет кез келген жұқпалы процестің жеңіл немесе симптомсыз өтуіне әсер етуі мүмкін. Коронавируспен ауырмаймын деп дене шынықтырумен қарқынды айналысу, яғни ағзаға артық жүктеме түсіру де дұрыс емес. Олардың барлығы нормаға сай, біркелкі болуы тиіс. Әрине, иммунитет жақсы болуы үшін жүгіру, жүру, дене шынықтырумен айналысу керек» деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, аурудың жұқпалы процесі жедел кезеңде болса, онда дене шынықтырумен, жаттығулармен айналысуға кеңес берілмейді. «Психико-эмоционалды тыныштықты сақтау қажет. Әрине, нормаланған жүктеме болу керек. Бірақ, дәрігерлер аурудың жедел кезеңінде дене шынықтырумен айналысуға кеңес бермейді» деді Баян Тұрдалина.

Иіс сезуден қалып, әлсіздік пен тыныс алу ауырлағанда үрейге бой алдырмау керек. Бұл туралы Астана медицина университетінің кафедра меңерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Нұрила Малтабарова айтты. «Түрлі себептер иіс сезуден қалуға себеп болуы мүмкін. Тіпті адам психо-эмоциналды күйге түскен кезде, ашуланғанда иіс сезбей қалуы мүмкін. Сондықтан иіс не дәм сезуден қалған кезде үрейге бой алдырмаңыздар. ПТР-тесті қай жерден тапсыру қажеттігін іздеп жүгірудің, компьютерлік томографиядан немесе рентгеннен өтудің қажеті жоқ. Симптомдары дамуы үшін бақылау, күту қажет. Иіс сезуді жоғалту симптомы ғана мұның коронавирус екендігін білдірмейді» деді ол.

Сонымен қатар Нұрила Малтабарова тыныс алу ауырлап, жөтел пайда болған кезде не істеу керектігін айтып берді. «Коронавирус симптомдарының бірі – бұл жөтел мен тыныс алудың ауырлауы. Егер жөтел бар, ал тыныс алу ауырламаса онда бұл сізде коронавирус инфекциясы жоқ дегенді білдірмейді. Өйткені, тыныс алудың ауырлауы – бұл ауру ағымының нашарлап, тереңдей түскенін білдіреді. Сондықтан жөтел болған кезде белгілі бір деңгейде сақтық болуы тиіс. Учаскелік дәрігерге міндетті түрде қаралып, симптомдары пайда болғанын айту керек. Өздігінен емделуге, тыныс алу ауырламаса коронавирус инфекциясы жоқ деп ойлауға болмайды» деді медицина ғылымдарының кандидаты.

Білікті маман әлсіздік сезімінің пайда болуы көптеген ауруларға тән екендігін айтады. «Әлсіздік сезімінің пайда болуы тек коронавирусқа ғана емес, басқа да көптеген ауруға тән. Тіпті, адам психо-эмоциналды күйзеліске түскен кезде де әлсіздік, созылмалы шаршау синдромы байқалады. Сондықтан әлсіздік – бұл коронавирус дейді. Бүкіл әлем індетпен күресіп жатыр. Әрине, біз коронавирус індетіне басымдық береміз. Егер әлсіздік болса, онда оған мән беріп, дәрігерге қаралу қажет. Әлсіздікпен қатар басқа да симптомдар болуы мүмкін. Бірақ, әлсіздік – бұл коронавирус белгісі деуге және үрейге бой алдыруға болмайды. Жанама симптомдарсыз әлсіздік пайда болмайды» деді ол.

Дереккөз: Хабар 24 тікелей эфирі

Бөлісіңіз