Бүгін Нұр-Сұлтанда қосымша 200 төсек-орын қойылады және басқа да мекемелер стационарға қайта бейімделеді

66  936 қаралу саны

Бүгін, 22 маусым күні Нұр-Сұлтанда қосымша екі жүз төсек-орын қойылады және басқа да мекемелер стационарға қайта бейімделеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Бұдан бұрын Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қалалық және жеке меншік емханалар мен ауруханалардың бас дәрігерлерімен, сондай-ақ зертханалар мен дәріханалардың басшыларымен онлайн-конференция өткізді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда ең бастысы – қосымша төсек-орын санын уақытылы қойып, медициналық дәрі-дәрмектер мен құрал-жабдықтар қорын толықтыру. «Зертханалар осы аптадан бастап қуаттылығын арттырады. Мәселен, «Invivo» зертханасы тест көлемін тәулігіне бір мыңнан екі мыңға дейін көбейтеді. «Олимп» адам санының көптігінен және жүйені өңдеу үшін жұмысын сейсенбіде бастайды, олар да жұмыс әлеуетін арттырады. Бұл басқа зертханаларға қатысты. Тестілеу режимінде мобильді зертханалардың жұмысын іске қосамыз. Бұл – тәулігіне тағы 1 мың тест. ПТР-тесттерді қабылдау және нәтижелерді өңдеу үшін бір топ медициналық қызметкерлер үйретілді. Осы бағыттағы жұмысты жалғастырамыз» деп жазды А. Көлгінов өз инстаграм парақшасында.

Сондай-ақ оның айтуынша, 22 маусымда қосымша 200 төсек-орын қойылады, басқа да мекемелер стационарға қайта бейімделеді. «Травматология және ортопедия ҒЗИ, Ұлттық ғылыми медициналық орталық, Green Clinic сияқты республикалық клиникалармен КТ өткізу мүмкіндігін бекіту туралы келісімге қол қойдық. Бұл пневмонияны ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қосымша компьютерлік томография мен өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып аламыз» деді әкім.

Оның айтуынша, егер бұрын жедел жәрдемге мыңнан астам өтініш келіп түссе, қазір 4 мыңға дейін жеткен. «Бұл жедел жәрдем мен медицина қызметкерлерінің зор жүктемесі. Жедел жәрдем станциясы базасында ашылған колл-орталық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай колл-орталықтар барлық емханаларда болады, осы бағыттағы жұмыс күшейтіледі. Телемедицинаны пайдалану тәжірибесі жалғасып жатыр. Коронавирустың симптомсыз тасымалдаушыларын емдеу үшін медицина қызметкерлері бейнеқоңырау және басқа байланыс арналары арқылы денсаулықты қадағалайды және инфекцияның симптомсыз тасымалдаушыларына барлық мәселелер бойынша кеңес береді. Пациенттерде симптомдар пайда болған жағдайда ауруханаға жатқызады» деп атап өтті А.Көлгінов.

Бұл ретте ол дәріханаларға қажетті дәрі-дәрмектер уақтылы әкелінуі тиіс екеніне назар аударды. «Өз тарапымыздан барлық қолдау көрсетуге дайынбыз. Барлығымен жеке жұмыс жасауға әзірміз» деп түйіндеді қала әкімі.

Естеріңізге сала кетейік, 20-21 маусымда адам өміріне аса қажет дәріханалар мен азық- түлік дүкендері секілді объектілерден (жұмыс кестесі сағат 10-нан 17-ге дейін) басқа, барлық кәсіпорындардың жұмысы және қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылды. Сондай-ақ барлық қоғамдық орындар: саябақтар, бақтар, жағалаулар, жағажайлар және басқа да адамдар көп жиналатын орындар жабылады. Нұр-Сұлтанда ауқымды дезинфекция жүріп жатыр. Адамдар көп жиналатын орындарда дезинфекциялау жаяу да, арнайы машиналармен бүрку арқылы да жүргізіледі.

Бөлісіңіз