Бүгінгі баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі не туралы айтты?

169 қаралу саны

Бүгін, 3 тамызда ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей ЦойОрталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізді. Біз «Кеткеткет.кз» сайтының оқырмандарына осы жерде айтылған басты мәселелер туралы материалды ұсынып отырмыз.

Қиын кезең артта қалды. «Қиын кезең артта қалды десек артық айтқанымыз емес. Ең алдымен, еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға тоқталайын. Қиын кезең артта қалды деп айтсақ артық болмас. Қазіргі уақытта жағдай тұрақталып келеді. Қазақстанда жалпы наурыз айынан бері 92 262 адамнан індет анықталды. Оның ішінде 30 мыңға жуық адам емделуде. Өкінішке қарай, 1058 адам қайтыс болды. Бүгін де коронавирус жұқтырғандар саны едәуір азайып келеді. Мысалы, бір тәулікте COVID-ке шалдығу деңгейі 1400 адамды құрап отыр. Ауруханаларда дәрі-дәрмек те жеткілікті» деді Алексей Цой.

Министрдің айтуынша, COVID-19 бен пневмонияға шалдыққан пациенттерге арналған елу екі мың төсек орын бар. «Әрине бұл нәтижелер мемлекет тарапынан қолданған іс шараларын қоғам дұрыс түсініп қабылдауының арқасы» деді ол.

Медицина қызметкерлеріне өтемақы беру мәселесінде әрбір жағдай жеке әрі жіті зерттеледі. «Көп адам медицина қызметкерлеріне өтемақы берер кезде тамызға, яғни коронавирус пен пневмония статистикасы біріктірілгенге дейін анықталған адамдар одан сырт қалмай ма деген сұрақ қойып жатыр. Біз бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Міндетті түрде мәселені жіті зерттейміз. Әрбір жағдай жеке талданады. Біздің әріптестеріміздің ешқайсысы бұл мәселе бойынша алаңдамай-ақ қойсын» деді Алексей Цой. Министрдің айтуынша, дәл қазіргі уақытта келешек үшін күш салған абзал. «Көп уақыт өтпей күз келеді. Бұл статистикада өтемақы мен төлемақы ғана емес, ең бірінші кезекте ресрустарды бөлу, болжау, диагностика мен ауруханаға жатқызу мәселелері қамтылады. Бұл міндеттер – қазіргі уақытта басты маңызға ие» деді ол.

Қазақстан ДДСҰ-ның соңғы стандарттарына сәйкес науқастардың бәрін есепке тіркеуге дайын. «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесімен біз 2020 жылдың 1 тамызынан бастап КВИ мен пневмония бойынша статистиканы біріктіру туралы шешім қабылдадық. Көп адамдар ДДСҰ бұл туралы 18 шілдеде хабарласа, Қазақстан статистиканы неліктен 1 тамыздан бастағалы жатыр дейді. Себеп мынада: бізге кодировка мен пациенттерді тіркеу жүйесінің сенімділігін қамтамасыз ету алгоритмін әзірлеу үшін қазіргі ақпараттық жүйені баптап, жаңа мәліметтерді енгізу үшін персоналды дайындауға екі аптаға жуық уақыт керек болды. Бұл өте күрделі әрі көп күшті талап ететін шаруа» деді Алексей Цой.

Министрдің айтуынша ПТР-тесттен анықталған нәтижені тіркеу оңай болғанымен, расталмаған ковитті (пневмонияны) анықтау қиын.

«Біздің алдымызда аз уақыттың ішінде дәрігерлерді коронавирус пневмониясының белгілерін анықтап, оны есеп жүйесіне тіркеу міндеті тұрды. Біз бұл жұмысты атқардық. Ендігі кезекте ДДСҰ-ның соңғы стандарттарына сәйкес науқастардың бәрін тіркеуге дайынбыз» деді ол.

Қазақстанда КВИ індетін жұқтыру бойынша жағдай тұрақталды. «Енді сандар туралы айтайын. Мен осынау көп ақпаратқа бас қатырмай, қысқаша ғана жеткізуге тырысайын. Бүгінгі таңда республикада коронавирус инфекциясын жұқтырудың 92 262 жағдайы тіркелді. Иә, бұл сан үрей тудыруы да мүмкін. Алайда олардың 67 пайыздан астамы аурудан сауығып шықты. Мұндай жағымды көрсеткіштер баяу болса да өсіп келеді. Жағдай Батыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Қостанай, Ақмола және Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ астанада оңалып келеді» деді Алексей Цой.

Осы сандарды келтіре келе Алексей Цой Қазақстанда КВИ індетін жұқтыру бойынша жағдай тұрақталғанын жеткізді. «Өздеріңіз де байқап отырған боларсыздар. Шарықтау шегінен өттік. Біздің міндетіміз – бүкіл адамдар үшін, бүкіл денсаулық сақтау жүйесі үшін өте қиын сынақпен келген осы позицияны ұстап қалу» деді ол.

Қазақстандағы карантин шараларының нәтижесі. «Қазір жаз. Көктемдегі қиын жағдайлардан кейін елдің шаршағанын бәріміз түсінеміз. Алайда, маска режимін сақтау – аса қажетті шара. Халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, кеше ғана біз маска тағуға қатысты ережелерге тың өзгерістер енгіздік. Атап айтқанда, бес жасқа дейінгі балаларға, жеке спорттық жаттығу жасап жүрген азаматтарға, жалпы тамақтанатын орындарда тамақ ішу барысында маска тағуға міндеттемеу туралы өзгеріс күшіне енді. Алайда, бұл жағдайларда әлеуметтік қашықтық сақталуы керек» деді Алексей Цой.

Оның айтуынша, санитарлық талаптарды күшейтудің арқасында соңғы үш аптада елдегі барлық аймақта ауру жұқтыру жағдайы едәуір азайған. «Орташа есеппен елде ауру жұқтырудың тәуліктік тіркелу жағдайы екі жарым есе азайды» деді ол.

Қазақстанда жедел жәрдем қызметіне жүгіну жағдайы едәуір азайды. «Біздегі тағы бір жағымды жаңалық – инфекциялық және провизорлық төсек орындардың толымдылығының азаюы. Осы жылдың маусым айында елдегі кейбір ауруханада жағдай қатты ушығып кеткен еді. Бүгінгі таңда стационарлардың 34 пайызында ғана науқастар жатыр. Бұған төсек орындарының қорын 48 997-ге дейін арттыру есебінен қол жеткізіліп отыр. Осылайша, Қазақстанның 7 өңірінде 15 стационар жабылып, қайта құрылымдалды» деді Алексей Цой.

Министрдің айтуынша, осындай жайлы динамика жедел жәрдем қызметі саласында да байқалады. «Маусым айының соңында республикада жедел жәрдем қызметін шақырудың жағдайы 30 мыңға дейін жетіп еді. Карантиннің соңғы екі аптасында жедел жәрдем қызметіне жүгінудің жалпы жағдайы екі есе азайды» деді ол.

Алексей Цой індетпен тек стационарлар арқылы күресу өте күрделі екенін жеткізді. «Бұл ретте дәрігерлердің алтынға бергісіз ережесін есте ұстаған абзал: ауырып ем іздегенше, әрдайым ауырмаудың амалын іздеген дұрыс. Ең бірінші кезекте бұл COVID-19 ауруына тікелей байланысты тәмсіл» деді Алексей Цой.

Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырудың жағдайларын тіркеу бойынша жаңа статистикасының артықшылықтары. «Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа бойынша аймақтық бюросымен бірқатар техникалық консультациялар өткізіп, аурулардың кодтарының жаңа халықаралық жіктелуі бойынша COVID-19 жағдайларын кодтауға және есепке алуға көштік. 1 тамыздан бастап зертханалық расталған COVID-19 жағдайлары, соның ішінде ПТР теріс нәтижесі бар пневмония жағдайлары біріктірілді. Бұл нені білдіреді? Коронавирус жағдайларын кодтау алгоритміне сәйкес біз қазір U07.1 кодын расталған жағдайлар үшін, ал U07.2 кодын расталмаған немесе ықтимал жағдайлар кездескенде қолданамыз. Бұл дегеніміз, бірінші және екінші кодтары бар пациенттер COVID-19 ауруына шалдыққан адам ретінде тіркелетінін білдіреді» деді Алексей Цой.

Министрдің айтуынша, бірінші кодтың анықтамасы өте айқын. «Бірақ U07.2 коды болған жағдайда коронавирус инфекциясы эпидемиологиялық белгілеріне байланысты яғни, пациент ауру жұқтырған адамдармен байланыста болған кезде, сондай-ақ дене қызуы, құрғақ жөтел, интоксикация, тыныс алу жеткіліксіздігінің белгілері сияқты клиникалық белгілеріне қарай айқындалады» деді ол.

Оның айтуынша, бұл әдіс ауруға қатысты ахуалды дұрыс болжам-білуге, қажетті ресурстарды, медициналық кадрлар мен төсек орындарды, медициналық бұйымдарды, дәрі-дәрмекті дұрыс жоспарлап, статистиканың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өкпе қабынуынан көз жұмғандарға коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеу ержесі қолданылады. «Бұл бірдей жағдай. Сондықтан емдеу шараларымен қатар басқа да прициптер сақталатын болады» деді министр.

Айта кетейік, ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетованың коронавирус індетінен қаза тапқандарды жерлеу алгоритмі айқындалған қаулысы шыққан болатын. Аталған қаулының қосымшасына сәйкес, COVID-19-ға күдікті адам қайтыс болғанда эпидемиологиялық тексеру және осы жағдайға байланысты басқа да іс-шаралар эпидемияға қарсы режим талаптарын сақтай отырып тез арада жүргізіледі. СОVID-19 диагнозы зертханалық расталған жағдайда қайтыс болған адамның денесі ашылмайды және туыстарына берілмейді. Ал, COVID-19-ға күдікті қайтыс болғанда мәйіт зертханалық зерттеу нәтижесі шыққанша туыстарына берілмейді.

Қазақстанда карантин шаралары бірден алынып тасталмайды. «Жалпы бүкіл әлемде күзде және қыста жұқтырылған респираторлы вирусты инфекция (ЖРВИ), тұмау ауруларының өршіп кететіні белгілі. Енді оларға коронавирус инфекциясы да қосылып отыр. Сол себепті қазіргі уақытта жағдайдың бұлайша өршуіне барынша дайындалып жатырмыз. Тұмауға қарсы жыл сайын жүргізілетін маусымдық вакцинация жоспарланған. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі резервтегі төсек орындарды да дайындап жатыр. ПТР-тесттар бойынша қосымша қор әзірленуде. Сол секілді қоймаларда дәрі-дәрмек қоры да жиналуда» деді Алексей Цой.

Министр Қазақстанда карантин шаралары бірден алынып тасталмайтынын, кезең-кезеңімен жеңілдетілетінін жеткізді. «Егер ауру тағы да күрт өсіп, кетсе, біз қосымша шаралар енгіземіз» деді ол.

Алексей Цой ведомствоның вице-министрі Олжас Әбішевтің қамауға алынуына қатысты пікір білдірді. «Қазіргі кезде бізде нақты ақпарат жоқ. Тергеу амалдары жүріп жатыр және өкілетті органдар тиісті ақпаратты өздері жариялайды. Олжас Әбішев өткен аптада өз еркімен қызметінен кету туралы өтінім берді. Сондықтан осы мәселе қазір қарастырылуда. Менің ойымша, берілген өтінімге сәйкес шешім қабылданса, онда ол лауазымынан босатылады» деді А. Цой.

Дереккөз: ОКҚ тікелей эфирі.

Бөлісіңіз