Бақыт Смағұл: Коронавирус індетінен өлім-жітім азаймай отырғанда қазақтың той-домалағы көбейе түскені қынжылтады

240 қаралу саны

Көкшетаудағы «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, журналист Бақыт Смағұл карантиндік шараларды қатаңдату туралы пікір білдірді.

«Адамзаттың басына келген бұл індеттің беті бері қарар түрі жоқ. Бір-бірімен біте қайнасып, туыстығы етене тереңге кеткен қазаққа да өзінің қауіп-қатерін төндіріп отырғаны анық. Құрбан болған адамдардың қатары көбейе түскені де қатты алаңдатып отыр. Ел аумағында карантиндік тәртіптің қатаңдатылған түрі енгізілмек. Осының бәрі адамдардың саулығы үшін жасалып жатыр. Бірақ, коронавирус індетінен өлім-жітім азаймай отырғанда, қазақтың той-домалағы да керісінше көбейе түскені қынжылтады. Мемлекеттің құзырлы органдары тарапынан шектеулер қойып жатса да, бұған құлақ асып жатқандарды тағы көрмейсің. Мәселе, қазақтың тойын шектеуде емес, көп жиналатын жерде кесел де дендеп тарайды ғой. Бір той жасаймын деп қаншама адамның обалына қалмасына кім кепіл» дейді Бақыт Смағұл.

Сонымен қатар, ол той мен бірге діни рәсімдерге де қатаң шектеулер қойылғанын қолдайтынын атап өтті.

«Бұл діни рәсімдер өткізу барысында да орын алады. Бас мүфтияттан қатаң шектеулер қойылды. Әзірге көп адамдар пандемияға жүрдім-бардым қарайтын сияқты. Бірер күн ғана ауырып, арты өліммен аяқталып жатқан оқиғалардан сабақ алатын уақыт болды ғой. Меніңше, карантиндік тәртіп кезінде той және басқа рәсімдерге түбегейлі тыйым салынуы тиіс. Мысалы, асты отбасылық ауқымда беруге болады дегенді, қазақ туыстық ұғыммен түсінеді-ау деймін.

Жалпы, көпшілік орынға топтап баруға ниет білдірген адам өзіне ғана емес, бүкіл отбасына, маңайындағыларға қауіп төндіретінін ұмытпағаны жөн. Мұндай қиын-қыстау сәтте жиын-тойларға, шағын басқосуларға мүлде тыйым салынып, заңды бұзғандар қатаң жауапкершілікке тартылуы керек деп есептеймін» деп түйіндеді Бақыт Смағұл.

Бөлісіңіз