Барлық екпелер міндетті және ерікті болып нақты бөлінетін болады

335 қаралу саны

Бүгін, 13 мамырда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қорытынды салыстырмалы кесте 717 қабылданған түзетуді қамтыды, екі түзету қабылданбады» деді депутат Зәуреш Аманжолова.

Осы орайда аталған екі түзетудің біріншісі профилактикалық екпелерді жүргізу бойынша пункте «міндетті» сөзін «құқылы» деген сөзге ауыстыруға қатысты болды. Ал екінші түзету екпе жасалмаған балалардың балабақшаға баруын шектейтін норманы жоюға байланысты. Дегенмен, бұл түзетулер қабылданбады.

«Нәтижесінде, барлық екпелер міндетті және ерікті болып нақты бөлінеді, ал балалардың балабақшаға баруы осы ұйымдағы «ұжымдық иммунитеттің» деңгейіне қарай жүзеге асырылады деген шешім қабылданды» деді Зауреш Аманжолова.


Індеттің жалғыз жауы – екпе

Қазақстандық дәрігерлер, әсіресе, педиатрлар азаматтардан өз балаларына екпе жасау кестесіне жауапкершілікпен қарауға және вакцинацияны назардан тыс қалдырмауға шақырады.

Фото: La Capital

Кодекстің жобасы жеке және әлемдік тәжірибенің үздік мысалдарына негізделген денсаулық сақтаудың жаңа, ұзақ мерзімді моделін құруға, сондай-ақ медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету мақсатында дайындалды. Кодекс жобасын әзірлеу барысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің даму көрсеткіштері және Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі стратегиясы ескерілді.

«Қоғамдық денсаулық сақтауға тоқталып өтсек, еліміздің денсаулық сақтау саласындағы мақсаттарына жету – мемлекеттің, заңды тұлғалар мен азаматтардың ортақ жауапкершілігі болған жағдайда ғана мүмкін. Осыған орай, Кодекс жобасына бұрын заңнамада көзделмеген жаңа баптар енгізілді. Мысалы, салааралық әрекеттестік мәселелерін шешу мақсатында қоғамдық денсаулық саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бөлігінде мемлекеттік органдардың міндеттері айқындалды. Жұмыскерлер арасында денсаулық сақтау мен профилактика бағдарламасын әзірлеп, іске асыру, салауатты жұмыс орындарын құру және жұмыскерлердің скринингтерден өту міндеттемесі – заңнамалық түрде көзделген» деген еді  Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов үстіміздегі жылдың 4 наурызында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасы бірінші оқылымда мақұлданған кезде.


Қазақстанда коронавируспен ауырған бір науқасты емдеу қаншаға түседі?

Айбатыр Жумагулов. Фото дереккөзі: ДДСҰ/ЕАБ сайты

Осылайша, Кодекс жобасында: салааралық өзара іс-қимыл нақтыланды; скринингтерден өту үшін міндетті әлеуметтік демалыстар көзделді; жүргізуші құқығын алу кезінде алғашқы көмек көрсету дағдыларын үйрену міндеті, қоршаған ортаның халық денсаулығына әсері, оның ішінде шу мен атмосфералық ауаның әсері мәселелері реттелді.

Сонымен қатар, психикалық денсаулық сақтау, суицидтік мінез-құлықтың, сондай-ақ құмар ойындардың профилактикасы жөніндегі нормалар реттелді; білім беру және түсіндіру іс-шараларын өткізе отырып, тәрбие алушылар мен оқушылардың денсаулығын сақтауға ата-аналар мен педагогтарды тарту бойынша нормалар регламенттелді.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Фото дереккөз: CNN

Кнопка домой
Бөлісіңіз