Жандарбек Бекшин: Митингілер мен бұқаралық шаралар індетті жаппай жұқтыруға жағдай туғызады

48  038 қаралу саны

Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин алматылықтарды митингілер мен жаппай жиындарға қатыспауға шақырады. «Қалада коронавирус індеті бойынша тіркелген оқиғалар әлі жалғасуда, тек өткен тәулік ішінде белгісі бар 49 адамнан инфекция анықталды, ал бір апта ішінде – 334 адам тіркелді. Осылайша, Алматыда барлығы 2790 адамнан коронавирус тіркелді, 10 адам қайтыс болды» дейді Жандарбек Бекшин.

Оның айтуынша, індетті жұқтырушылар статистикасы пандемия ауқымының әлі де азаймағанын көрсетеді.

«Осыны ескере отырып, қаланың бас санитарлық дәрігері әрі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермейтін жауапты адам ретінде, соңғы кездері әлеуметтік желілерде тарап жатқан адамдар көп жиналатын бұқаралық шаралар мен митингке шақырудың төзгісіз екендігіне назар аударамын. Қалада эпидемия әлі де жалғасып жатқан кезде адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіру барып тұрған жауапсыздық» дейді ол.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, көп жиналу, жақын араласу азаматтардың індетті жаппай жұқтыруына әкеп соғады. «Өйткені, митингтер жұқтыру ошағы болып табылады. Егер, мұндай бұқаралық шаралар індетті жұқтыруға себепші болса, онда митингтерді ұйымдастырушылар заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады, тіпті қылмыстық іс қозғалады. Осындай бұқаралық шараларға қатысушылар індет жұқтыратын болса, онда эпидемиологиялық тексеру аясында шеттетіледі» деді ол.

Ары қарай оқу:



COVID-19 жұқтырғандар инфекциялық ауруханаға жатқызылады. «Олармен араласқандар, мейлі олар індетті кепшілік жерде немесе үйде жұқтырсын, провизорлық және карантиндік госпитальда оқшауланады. Санитарлық-эпидемиологиялық хаттаманың талаптары осындай, біз оны міндетті түрде орындаймыз. Хаттамаға сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық қызметкерлер карантин режимінде жаппай жиындарға қатысқан азаматтарды тіркеп, видеотүсірілім жүргізеді. Ал, тіркеу қатысушылар санын есептеп, жұқтыру ошағының эпидемиологиялық тексеруін одан ары жүргізіп, коронавирустың таралуының алдын алу үшін қажет» деді бас санитар дәрігер.

Сонымен қатар, ол бұқаралық шараларға, митингтерге қатысушылар коронавирус жұқтырудың эпидемиялық тізбегін құрайтынын атап өтті. Осының салдарынан індет Сіздің үйіңізге, отбасыңызға тарайды, ең алдымен балаларға және қарт адамдарға қауіп төндіреді.

«Міне, сондықтан мен бұрындары Алматы қаласының аумағында түрлі бұқараларық шараларды өткізуге тыйым салу жөнінде қаулы қабылдаған едім. Қарт адамдар мен бұрыннан қалыптасқан сырқаты бар жандардан адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ жүруді сұраймын. Өйткені, Сіз індетті тез жұқтыратындар санатына жатасыз. Бұдан өзге, жаппай жұқтыру қаупінің болуы мүмкін екендігін ескере отырып, тиісті қызметтерден адамдар көп жиналатын орындарға дезинфекция жүргізуді күшейтуді талап етемін» деді ол.

Оның айтуынша, талаптар мен өтініштер қаланың әр тұрғынының денсаулығын қорғау мен санитарлық-эпидемиологиялық жағдайларды жақсартуға негізделген.

«Сондықтан барлық алматылықтардан жауапкершілік танытуды өтінемін. Өйткені, қоғамның денсаулығы әрқайсымыздың жеке қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз орындауымыздан құралады» деп қортындылады Ж. Бекшин.

Дереккөз: Тенгриньюс.кз

Кнопка домой
Бөлісіңіз