Берік Шәріп: Тексеріс барысында белгілі бір қауіп анықталса вакцина тіркеуден өтпейді

49  722 қаралу саны

Бүгін, 21 мамырда «СҚ-Фармация» ЖШС-нің басқарма төрағасы Берік Шәріп «Денсаулық сақтау министрлігі хабарлайды…» бағдарламасына қатысып, көптеген сұрақтарға жауап берді. Соның барысында айтылған мәселелер туралы «Кеткеткет.кз» сайтының оқырмандарын хабардар етеміз.

Гуманитарлық көмектің бәрі де қажеттілікке қарай өңірлерге таратылды

Жыл басынан бері Сыртқы істер министрлігі жүргізген жұмыстардың арқасында АҚШ-тан, Біріккен Араб Әмірліктерінен, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Ресейден гуманитарлық көмек алдық. Сапасы мен саны жағынан көмек сипаты әртүрлі болды. Мәселен кейбір елден жеке қорғаныс құралдары жеткізілсе, кейбер елден дәрі-дәрмек келіп жатты. Мәселен соңғы реттік саны бойынша Түркия Қазақстанға біршама дәрі-дәрмек жіберді. Гуманитарлық көмектің ауқымы кең.

47 мың қорғаушы комбинезон, жарты миллионға жуық маска, COVID-2019 ауруын анықтайтын 80 мыңға тарта тест жүйесі, коронавирусты емдеуге арналған дәрі-дәрмекті, гидрослихлорин, хлорино-фосфат, төрт қабатты маска да келді. Осы көмектің бәрі де қажеттілікке қарай өңірлерге таратылды.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандарды қандай дәрі-дәрмекпен емдеп жатыр?

COVID-2019 ауруы бойынша дәрігерлеріміз вирусқа қарсы біршама препараттарды пайдалануда. Оның бірі – алувиа лопинавиры. Ол сонымен қатар ВИЧ-инфекциясын жұқтырған пациенттердің ағзасына қысымды азайту үшін қолданылады. Жалпы коронавирус жұқтырғандарды емдеу үшін Денсаулық сақтау министрлігі арнайы клиникалық хаттаманы бекіткен болатын. Ол хаттамаға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кеңес берген препараттар да енгізілд.

COVID-2019 ауруы бойынша клиникалық хаттамаға бір көз жүгіртіп шығуға кеңес беремін. Жалпы дәрігер ретінде айтар болсам, коронавирус та – вирустың бір түрі. Сол себепті ағзаға түсетін вирустың қысымын азайту үшін қажетті препараттар қолданылады. Біз бұл препаратты (алувиа лопинавиры) 10 мың адамға арнап ақпан айының өзінде дайындап қойған болатынбыз. Сонымен қатар коронавирусқа қарсы алдын ала гидрослихлорит, хлорино-фосфаттарды әкелдік. Осының бәрі де клиникалық хаттамаға сәйкес емге пайдаланылады. Аталған препараттардың қоры біздің елде жеткілікті.


Біз вакциналарды шетелден екі жолмен сатып аламыз

Жалпы бірыңғай дистрибьютордың тізіміне 20 биологиялық препарат енсе, оның ішінде тоғызы – міндетті вакцина. Ол вакциналар ұлттық вакциналар күнтізбесі бойынша егіледі. Біз вакциналарды шетелден екі жолмен сатып аламыз. Яғни, вакциналардың бірінші пулын ЮНИСЕФ арқылы, екінші пулын өндірушілердің тікелей өзінен немесе тендер жолымен аламыз. Мәселен пневмококты бактерияға қарсы вакцина «Pfizer» компаниясынан тікелей сатылып алынады. Сол секілді вакциналарды әлемдік деңгейде шығаратын ірі «Sanofi Pasteur», «GlaxoSmithKline» компанияларымен де келісімшарттарымыз бар.

Осы компаниялардың бәрінің алдына Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қоятын талаптары барын мәлім етті. Ең бірінші талап, әлбетте – сапа. Қазақстан келісімшартқа отырған компанияның кез келген вакцинасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының екінші реттік тексеруінен өтуі тиіс. Яғни, вакцина ДДСҰ-ның тексеруінен өткеннен кейін оны әлемде пайдалану георафиясы кеңейе түседі. Сол себепті біз сатып алған 9 вакцинаның бәрі де ДДСҰ-ның екінші реттік тексерісінен өткеніне, сонымен бірге қазақстандық қана емес, халықаралық деңгейдегі қауіпсіздік талаптарының бәрі де сай келетініне сендіргім келеді.



Әйтсе де қоғамда «жеке клиникалардағы вакцина мемлекет ұсынатын вакцинадан едәуір сапалырақ» деген пікір де бар. Сапа жағынан вакциналардың бәрі бірдей. Сапасы төмен болса кез келген вакцина ДДСҰ-ның сынағынан өтпей қалар еді. Одан бөлек вакцина фармациялық қадағалауда да қаралады. Қазақстанға кіргізілетін вакцина алдымен тіркеу кезеңінен өтеді. Бізде Дәрі-дәрмектерді сараптау ұлттық орталығы барын білесіздер. Олар вакцинаны клиникалық сынақтан өткізіп, тиісінше оған қатысты бүкіл мәліметті тексереді. Екінші жағынан олар вакцинаның өзі неден тұратынын, шығарылған кезде қандай консерванттар қолданылатынын анықтайды. Яғни, осы тексеріс барысында белгілі бір қауіп анықталса аталмыш вакцина тіркеуден өтпейді. Сонымен қатар елге әкелінетін әрбір вакцина партиясы қауіпсіздік бойынша сертификаттаудан өтуі тиіс.

Кейбір препарат бойынша логистика сипатындағы қиындықтар туындады

Әлбетте, қазір кейде шағымдар түседі. Әлемдік пандемияға байланысты бұған дейін жолға қойылған логистикалық процестің бәрі жойылды, көптеген елде шекара жабылды. Тіпті, өз қажеттілігіне байланысты кейбір мемлекет осыған дейін шетелге шығарып келген препараттарды ендігәрі басқа елдерге сатпайтынын жария етті. Зауыттардың кейбірі тоқтап та қалды. Мәселен, Үндістандағы жағдай бойынша форс-мажор жағдай туындады. Себебі ол елдегі Махараштра штатында зауыттардың бәрі толығымен жабылды. Үндістанмен золедрон қышқылы бойынша келісімшартымыз бар еді. Елдің өзі карантинге жабылып қалғандықтан, оны алып шығу қиынға айналды.

Күрделі мәселе туындағанымен екі елдің арасындағы келіссөздердің арқасында мамыр айының соңына дейін золедрон қышқылын Қазақстанға жеткізу жоспары бар. Сондай-ақ ол тағы 20 препаратты алып келуде проблема туындап отырғанын айтты. «Жеткізу жағынан қиындық туғызып тұрған 20 препарат бар. Оның бәрін де әлемдік пандемияға байланысты Қазақстанға алып келу қиынға айналып отыр.

Мәселен, бір мемлекет Қазақстанға осыған дейін келісілген препараттарды енді жеткізбейтінін жария етсе, онда басқа кәсіпорындармен келіссөз басталады. Ал егер келісімшарт жасасқан кәсіпорын белгілі бір уақыт сұраса, онда оған препаратты кеш те болсын жеткізу құқығы компанияға беріледі. Қазір әлемде адамдардың қозғалысы шектелгенімен, тамақ пен дәрі-дәрмек тасымалына рұқсат бар. Дегенмен кейбір препарат бойынша логистика сипатындағы қиындықтар туындағанын айта кету керек.

Хабардың толық нұсқасын сілтемеден көре аласыздар:

Фото дереккөзі: Тенгриньюс.кз



Кнопка домой
Бөлісіңіз