Блиц-сауалнама: Маска тағу – қажеттілік және әлеуметтік жауапкершілік

221 қаралу саны

Маска тағу бүгінде әдетке айналды. Үйден шыққаннан кейін, куәлік, банк картасын және кілтпен бірге масканы да түгендейтін болдық. Біздің тілшілер елорда тұрғындарынан блиц-сауалнама алып, барлығы дерлік маска тағып жүргеніне көз жеткізді.

«Мен үш рет жүрегіме ота жасаттым, сондықтан ауруды бірінші кезекте мен жұқтыруым мүмкін. Өмір сүргім келеді, сондықтан маска тағамын. Басқаларға да кеңес беремін» дейді серуенге шыққан зейнеткер.

«Қазір вирус ауа арқылы тарайды. Мен жақындарыма, өзіме жұқтырып алғым келмейді» деп қысқа және нақты жауап берді қала тұрғындарының бірі.

«Менің ойымша, далада жүріп, жақын жерде ешкім болмаса, маска тақпауға болады. Ал қоғамдық орындарда міндетті түрде тағу қажет. Бұл – әлеуметтік жауапкершілік!»   деп сенімді жауап берді азаматша.

«Әрине, өзіңіз үшін де, басқалар үшін де өте қажет! Ауруханаларда көптеген адамдар жатыр. Бірақ бұл өтпелі кезеңді еңсеруіміз керек. Қала, ел болып бірге жеңуді тілеймін» деп оптимистік пікір білдірді тағы бір сауалнама қатысушысы.

Байқағанымыздай, респонденттердің көпшілігі гигиена мен санитария нормаларын сақтау талаптарына түсіністікпен қарайды және оларды ұстанады. Адамдар қазір бұның өмірлік қажеттілік және туыстар мен достар алдындағы әлеуметтік жауапкершілік екенін түсінеді.

Естеріңізге сала кетейік, бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес тұрғындар үшін қорғаныс маскаларын ғимараттарда, сондай-ақ көлік пен көшеде тағып жүру міндеттелген. Бұл ретте аталған тармақ адамдарды талапты орындауға міндеттейді және бұзылған жағдайда кінәлілерге әкімшілік шаралар қолданылады. Нұр-Сұлтан әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарынан гигиена және санитария нормаларын (маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, қоғамдық орындарға бармау) сақтауды сұрайды.

Дереккөз: Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің сайты.

Бөлісіңіз